Сүйікті қалам, Тараз
Биылғы Тараз қаласы күнінің салтанаты сәніне сай болып, дүбірі қырдан асып, дүркіреп өтті. Көнермес тарихтың куәсіне айналған көне Тараз бұл күні ерекше түрге еніп, құлпыра, ажарлана түсті. Көше бойындағы айшықты афишалар мен мерекеге орай безендірілген орталық алаң көркімен арбап, той төріне шақырумен, тартумен болды.
Мерекелік шара барысында орталық «Достық» алаңы қалалықтар мен қала қонақтарына лық толды. Салтанатты сәтке сәйкес облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған билік өкілдері тараздықтардың ортасынан табылып, жиналған жұртты қаланың төл мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Аталған алаңда қала күніне арналған «Сүйікті қалам, Тараз» атты мерекелік шарада «Welcome to Taraz» мюзикл қойылымы қойылса, «Номад» тобы, «Құлансаз» ансамблі және «Алатау әуендері» концерттік ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, эстрада жұлдыздары Әмре мен Ғазизхан Шекербек ән шырқады. Жалпы қала күні мерекесі жұрт жадында ұзақ уақыт сақталатындай, қызықты да, тағылымды тұрғыда өтіп, өз мәресіне жетті.
Aq jol-Aqparat