Жаңалықтар

Тоғыз жолдың торабында өткен дүбірлі той

Жамбыл жері тарихтың алтын көмбесі десек, соның ішінде Шу өңірі елдіктің темірқазығы қағылған қасиетті аймақ. Кешегі сенбіде осынау киелі мекен өзінің 95 жылдығы мен төл перзенті Балуан Шолақтың 160 жылдық мерейтойын атап өтті. Қос мерейтойды атап өтуге елге танымал азаматтар, ардагерлер, қоғамдық кеңес өкілдері және жергілікті тұрғындар жиналды.

Қонақтар алдымен ақ шаңқан киіз үйлерге қойылған ұлттық бұйымдар мен көрмелерді тамашалады. Салтанатты мерейтойда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шулықтарды төл мерекесімен құттықтады.

Мерекелік іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин сөз алып:

Сондай-ақ жиында Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген кәсіпкер, техника ғылымдарының кандидаты Марат Нәбиев және Балуан Шолақтың немере сі Шайдулла Шолақов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін арнады. Мерейтой қарсаңында Шу өңірінің тарихи ерекшеліктерімен қатар, өңірдің мәдени-рухани өміріне қосқан үлесі де айшықталды. Шу өңірі – ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі Төле би бабамыздың атамекені. Сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай секілді ақындарымыз шыққан шырайлы өлке. Сондай-ақ осы өңірден шыққан ақын, әнші, термеші, композитор Аяз Бетбаев, дәстүрлі музыканы сабақтастырған тұлға, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың есімін ерекше атап өткен жөн.

Қазақтың ақын қызы Бақыт Исаева, жезтаңдай әнші Күлімхан Оңтайқызы, «Шу» театрының негізін құрушы Ермек Құлажановтардың да өнерге қосқан еңбектері жоғары. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында мұнда аңшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, қонақтарға қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүрді насихаттайтын көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ, түрік, орыс, неміс, күрд, әзербайжан этностарының әдет-ғұрпынан хабар беретін қойылымдар да қойылды. Кеш соңында өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қос мерейтой аясында қазақ күресінен республикалық ашық турнир, жастар арасында «Мәре» көкпар сайысы және бәйгеден облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» атты ғылыми конференция аясында «Қазақтың Балуан Шолағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК