Ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болатын сапарлар
Тарих қойнауына енгелі тұрған биылғы қоңыр күздің алғашқы айы елімізді елең еткізер саяси оқиғалардан кенде болған жоқ. Мәселен қыркүйекте Астанаға Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди және Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайн сияқты мәртебелі меймандар арнайы ат басын бұрса, Қазақстан Президенті Қытай және АҚШ сияқты екі бірдей алпауыт мемлекетке сапарлап барып қайтты. Аспан асты елінде бес күн, ал мұхиттың арғы жағындағы азуын айға білеген мемлекетте үш күн аялдаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапарларында әлемдегі дамыған елдердің алғы шебінен ойып орын алған екі елмен бірнеше ондаған келісімдер жасалды. Мәселен Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапарында құны 15 миллиард долларды құрайтын 70 келісімге қол қойылса, АҚШ сапары да айтарлықтай нәтижелі болды дейді саясаттанушылар.
Қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып келеді
Қазақстан Президентінің қыркүйек айының алғашқы күндері Қытай Халық Республикасына барғанын бұған дейін де жазғанбыз. Еске салсақ, Қазақстан мен Қытай басшылары араға небәрі екі жарым ай салып қайта жүздесті. Осының алдында, 17 маусымда Астана қаласында Қазақстан басшысының төрағалығымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өткен болатын. Ал 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейінгі аралықты қамтыған бұл ресми сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жеке келіссөздерінен басталды.
Кездесу барысында Президент ҚХР басшысының тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын атап өтті. Соның нәтижесінде 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы тарихи рекордтық көрсеткішке – 44 миллиард долларға жуықтаған. Қасым-Жомарт Тоқаев осы оң үрдіс биыл да сақталып отырғанын нықтап, экономикалық ынтымақтастық көрсеткіші ары қарай өсетініне сенім білдірді.
Кездесу барысында саудаэкономикалық, инве стициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылып, тауар айналымын ұлғайтудың және көлік логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы саласында ірі инве стициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды. Айта кету керек, қо с көрші арасындағы сауда-саттық көлемі қазіргі 44 миллиард доллар межемен тоқтап қалмайды. Қазақстан мен ҚХР 2030 жыл-ға қарай өзара тауар айналымын екі еселеуді жоспарлап отыр.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, осы биік мақсатқа жету үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында шекара маңы саудасын дамытудың бірлескен іс-қимыл жоспары мен Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, екі ел экономикасының өзара байланысын күшейтуге жол ашады.
Қазақстан шикізаттық еме с экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілету мәселесіне ерекше назар аудармақ. Осының алдында «Орталық Азия – Қытай» астаналық екінші саммиті аясында Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі электронды сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Сондай-ақ ірі қытайлық онлайн-платформаларда Қазақстанның ұлттық павильондарын кеңейту ұсынылды.
Бұл келісім электронды сауданы жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің өзара тиімді әріптестігін дамытуға ықпал етеді деп күтіледі. Қытай бүгінде Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Инвестициялар негізінен пайдалы қазбалар, металлургия мен энергетика саласына бағытталғанымен, соңғы жылдары көлік-логистика, өндірістік парктер мен ауыл шаруашылығына да салынып келеді.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 26,4 миллиард доллар қытайлық инвестиция тартылыпты. Қазір құны 66 миллиард доллардан асатын 224 бірлескен индустриялық жоба іске асырылуда, оның 67-сі толық аяқталған.
Бүгінде елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Биыл маусымда ҚХР Төрағасының Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға кезекті сапары да елдің сыртқы саяси бағыты мен экономикалық дамуы тұрғысынан ерекше маңызға ие болып, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға септігін тигізері анық. Мәселен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі қорытындысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылғаны белгілі.
Бұл өзара сенім мен ұзақмерзімді серіктестіктің айқын көрсеткіші екені даусыз. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан басшысының Қытайға жүйелі сапарлары даму жолындағы еліміз үшін экономикалық әрі саяси мол мүмкіндіктер ашуда.
АҚШ сапары 5,2 миллиард долларлық келісімге қол жеткізді
Биылғы күздің еңелеулі оқиғаларының бірі болған Қазақстан Президентінің 21-23 қыркүйек аралығындағы Нью-Йоркке жұмыс сапары экономикалық мүдделер, қаржылық инновациялар, білім беру реформалары мен мәдени дипломатия арасындағы тепе-теңдікті айқын көрсеткен бірқатар кездесулерден басталды.
Мәселен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен жүздесуінде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланса, Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесуде америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берілді. Президент Educational Testing Service (ETS) компаниясының бас атқарушы директоры Амит Севакпен және әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылымизерттеу кешендерінің бірі – Смитсон институтының басшылығымен де кездесіп, әңгімелесті. Президенттің Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 5,2 миллиард доллар болатын 11 келісім мен меморандумға қол қойылды.
Бұл келісімдер стратегиялық маңызы бар салалар, атап айтқанда, көлік, энергетика, логистика және ақпараттық технология бағыттарында жасалды. Мәселен «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «СамұрыкҚазына», «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі ұлттық компаниялар Amazon Kuiper, ExxonMobil, Chevron, IFC, Lummus Technology, Wabtec сынды америкалық алпауыттармен мәміле жасасты. Осылардың ішінде Wabtec корпорациясымен 4,2 миллиард долларға локомотив сатып алу туралы ірі келісімшарт жасалуын сапардың ең елеулі оқиғасы деуге болады.
Бұл келісім аясында Қазақстан алдағы он жылда 300 жаңа буын жүк локомотивін және оларға ұзақмерзімді сервистік қызмет алатын болды. Мұндай қыруар қаражатқа жасалған келісім Wabtec тарихындағы ең ірі келісімдердің бірі болғанын да айта кеткен жөн. АҚШ – Қазақстан экономикасына ең ірі инвестиция құйып отырған ел. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Елімізде 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді.
Жаңа келісімдер екіжақты ынтымақтастық «жаңа экономика» салаларына – цифрлық технология мен жасыл энергетикаға қарай кеңейіп жатқанын айғақтайды. Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары елдің сыртқы саяси стратегиясы үшін ғана емес, Орталық Азиядағы халықаралық қатынастардың барлық архитектурасы үшін де маңызды оқиға болды.
Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші мерейтойлық сессиясына қатысып, сөз сөйлеуі, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көшбасшыларымен келіссөздер, сондай-ақ ірі американдық және трансұлттық корпорациялармен диалог сапарды дипломатиялық, экономикалық және геосаяси өлшемдерді біріктіретін көп қабатты процесс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
«Тоқаевтың Нью-Йорктегі бағдарламасы инвестициялық жобаларды ілгерілету мен экономикалық байланыстарды нығайтудан бастап, тұрақты даму және халықаралық институттарды реформалау мәселелері бойынша жаһандық пікірталасқа қатысуға дейінгі негізгі бағыттарды қамтыды.
Әлемдік экономиканың өсіп келе жатқан турбуленттілігі, энергетикадағы құрылымдық өзгерістер және инвестициялар үшін жаһандық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Қазақстан өзін орнықты және сенімді әріптес ретінде көрсетті» дейді әлемнің беделді саясаттанушылары.
Жалпы бұл сапар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, әлемдік энергетика мен стратегиялық минералдарға байланысты АҚШ-пен әріптестік ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл Қазақстанның өңірлік тұрақтылық рөлін күшейтеді.
Әлем елдерімен ынтымақтастықты нығайту – сыртқы саясаттағы маңызды бағыттың бірі
Өзінің сыртқы саясатында өзге елдермен ынтымақтастықты нығайтуды маңызды бағыттың бірі ретінде қарастыратын Қазақстанға әлемнің түрлі елдерінің басшылары, белгілі саяси тұлғалар үнемі ат басын бұрып жатады. Мәселен 10 қыркүйекте елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди келді.
Конго Республикасы–Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы байланыстар берік достық пен өзара құрметке негізделген. Қазақстан Конгомен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, ал ықпалдастықты ерекше серпінмен тереңдету үшін барлық мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы африкалық мәртебелі мейманмен кездесу барысында уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты күн тәртібінің басым бағыты болуы керек.
Президент Қазақстан мен Конгоның табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді. Мәселен, әлемдегі кобальт өндірісінің 76 пайызы, мыстың 14 пайызы, қалайының 8,3 пайызы, танталдың 42 пайызы, колтанның 40 пайызы Конго Республикасына тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар. Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көліклогистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.
Айдың алғашқы онкүндігінде Мемлекет басшысы елімізге келген Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланды қабылдап, әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның елімізге Парламент төрағасы ретіндегі алғашқы сапары екіжақты байланысты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.
Президент былтыр қазан айындағы Моңғолияға жасаған сапарының нәтижесінде Үкімет пен түрлі мекемелер арасындағы қарым-қатынас күшейе түскенін айтты. Сондай-ақ жақында Қытайда өткен ШЫҰ саммиті аясында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен азкем әңгімелескенін жеткізді. Моңғолия – Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктесіміз. Екі ел арасындағы берік достық пен стратегиялық әріптестіктің тамыры тереңде жатыр. Себебі біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас, тарихымыз да ортақ.
Қазақстан достас Моңғолия елімен стратегиялық серіктестікті жанжақты нығайтуға мүдделі. Кездесуде парламентаралық дипломатия, саудаэкономикалық, өңіраралық, мәдени гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 11 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті.
Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба және Моңғолия конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты. Мемлекет басшысы елімізге сапармен келген меймандарға елімізде қолға алынған ауқымды саяси, экономикалық және конституциялық реформалар жайында айтты.
Президент Ата заңға енгізілген өзгерістер өкілді билік тармағы мен құқық қорғау институттарының рөлін нығайтып, атқарушы биліктің есеп беру міндетін күшейткенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Құқықбұзушылыққа қатысты жаза мен жауапкершілікті қатаңдатумен қатар халықтың құқықтық мәдениеті біртіндеп артып келеді. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік конституциялық қадағалау органдарымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтып, форум жұмысына табыс тіледі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысының айтуынша, съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды.
Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, өркениеттер байланысын дамытуда, сондай-ақ адамдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуда айрықша рөл атқаратын дінбасыларына зор үміт артылады. Бұдан әрі Президент Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға қатысты ұстанымымен бөлісті.
Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде ҚасымЖомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Съездің құрмет медалін, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады. Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта дінаралық, сондай-ақ мәдениетаралық келісімді сақтауға ерекше мән береді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі алаңында Президент Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Исамен, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Иерусалим Патриархы III Феофил, БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос, БАӘ ислам және уақыптар істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Омар Хабтур әл-Дарей, «Әл-Азһар» университеті Жоғарғы имамының орынбасары Мұхаммед Абдурахман әл-Дуайни, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ульислам Аллашүкір Пашазадемен және Қытай делегациясы мен иудаизм ұйымының өкілдерімен кездесіп, әңгімелесті. Өткен сенбіде елімізге келген Мьянма Президентінің міндетін атқарушымен келіссөз жүргізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайннің Астанаға жұмыс сапары Мьянманың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік беретінін атап өтіп, мәртебелі мейманға Қазақстанның негізгі әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету аясындағы стратегиялық міндеттері туралы мәлімдеді.
Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы, көліклогистика, қаржы, ІТ және цифрландыру секілді маңызды салаларда өзара ықпа лдастық перспективасына тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мин Аун Хлайнды Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық саясатымен таныстырды.
Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты, толеранттылық ұстанымы, сондай-ақ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасы жөнінде баяндады. Мин Аун Хлайн болса Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзара мүддеге сай бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастық орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Мьянма өзіндік мәдениеті, бірегей дәстүрі бар және геостратегиялық тұрғыдан маңызды ел. Қос мемлекет те жаһандық көлік бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан.
Сонымен қыркүйектегі ең елеулі оқиғалар – Президенттің Қытай мен АҚШ-қа сапарлары десек, сарапшылардың пікірінше, ондағы кездесулер мен оқиғалар Қазақстанның аталған елдермен арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын айқындады. Нәтижесінде Қазақстанға мол инвестиция әкелетін келісімдер ғана емес, сонымен қатар берік бекіген сенімнің жаңа деңгейі қалыптасуда. Транзиттен бастап агроинновациялар мен жасанды интеллектке дейін түрлі секторды қамтыған әріптестік шын мәнінде жан-жақты сипат алып отыр. Ал шетелдік БАҚ бұл сапарларды тарихи мәмілелер, Қазақстанның ашық инвестициялық саясатының жемісі деп сипаттады. Енді Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт елдермен арадағы сенім мен ынтымақтастық көпірі нақты нәтижелерге ұласса, бұл сапарлардың тарихи маңызы еселене түсетіні анық.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП