Саясат

Жұмысшыға бар жағдайды жасаған кезде еңбек өнімділігі жақсарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы дүниежүзілік деңгейдегі алпауыт мемлекеттердің текетіресі салдарынан, қаржылық дағдарыс қайсыбір елдерді қапыда қалдырып, енді біреулері әупірімдеп есін жия бастаған тұста жарияланып отыр. Әрине, әлемдік экономиканы шайқалтып отырған дүрбелеңнің Қазақстанды да айналып өтпегендігі белгілі. Оның үстіне стратегиялық одақтастарымыздың кей жағдайда ойына келгенін істеп, ойраны шығып отырғанының салқыны бізге де тиді. Әйтсе де солай екен деп көршілерімізден толық безіну де ойымызға кірмейтіндігі анық. Сонымен қатар өз жолымызды табуға ұмтылып отырғанымыз да баршаға мәлім.

Осы орайда өзінің жаңа Жолдауында Президент:

Шындығында да соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалғандығы мәлім. Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеруде. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп, инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық. Жалпы еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық екендігін Президент үнемі айтып отырады. Иә, Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан да сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар.

Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Осыған байланысты ой қорытсақ, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болып қабылдануы отандық кәсіпкерлерді жаңаша сапада жұмыс істеуге міндеттегені белгілі. Әйтсе де ДСҰ-ға кіруіміз жалпы халық үшін тиімді болып отыр деп те айта алмаймыз. Мәселен, еліміздің тұрғындары ДСҰ-ға мүшелікке бізден бұрын өткен қырғыз елімен көрші орналасқандықтан, олардың және олардан да бұрын ДСҰ-ға өткен Қытайдың арзан азық-түлігі мен киім-кешектерін тұтынуда.

Осы орайда көрші ағайындарымыздың ДСҰ-ға мүше бола отырып, тек қытай тауарларына телмірмегеніне де мән беруге болады. Айтар болсақ, қырғыз экономикасының қомақты бөлігін құрап отырған жеңіл өнеркәсіп саласында 240 мыңдай тігін шеберханасы тауар өндірушілер қатарында екендігін білдік. Ал біздің елімізде 2 миллионнан астам кіші және орта бизнесте 3,5 миллиондай қазақстандық жұмыс істейді екен.

Президент өз Жолдауында осыншама зор еңбек ресурсын ары қарай дамытуды нақтылап отыр. Яғни отбасылық және орта бизнестің дамуына әртүрлі бюрократиялық кедергілердің алынып тасталынуы, кредиттеу мәселесі делдалдарсыз шешілуі және тағы басқа жақтары. Әрине, кіші және орта бизнесті қазіргі 30 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу алдағы болашақтың еншісінде екендігі белгілі. Дегенмен айтылған жағдайлар жасалынып жатса, бұл тұстағы асудың да алынары анық. Президенттің инновация мен жоғары технологиялар тұрғысындағы тұжырымдарын тарқатар болсақ, онда мәселен Жапониядағы жұмысшылардың жаңа технологияларды меңгеруі мен жаңа жағдайларға төселуіне қатысты бірер сөз айту қажет сияқты.

Күншығыс елінің атақты «Мацусите Денки» компаниясының менеджері бұл тұрғыда:

Осы орайда бүгінгі жапон қоғамы бәсекелестікке қабілеттілікті ХІХ ғасырда өмір сүрген жазушы және қоғам қайраткері Сёдзан Сакумадан үйренгендерін жасырмайды. Себебі, Сакуманың «Әлемдегі ең үздік жетістіктерді танып, қабылдап және оны бұрынғы қалпынан көрнектірек етіп қайта жасағанда ғана бәсі жоғары жарыста жеңіске жетуге болады» деген сөзі қазіргі замандағы жапон кәсіпкерлерінің ұранына айналғандай. Мемлекет басшысының Жолдауда қадап айтқан жасанды интеллектінің қарқынды даму үрдісінің түп негізі де осы қағидатқа негізделеді.

Жолдауда ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі де айтылады. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет.

Бұл тұрғысында нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят екендігін қадап айтты. Осы орайда тарихи шолу жасай отырып, 1956 жылғы партияның ХХ съезінде қабылданған алғашында бесжылдық (1956-1960 ж.ж.), кейіннен 1956 жылдың 27 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында өткен СОКП-ның кезектен тыс ХХІ съезінде қабылданған жетіжылдық (1959-1965 ж.ж.) жоспар бойынша бірінші кезекте КСРО-ның шығыс аумақтары, соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның дамуы қолға алынуын айтуымызға болады.

Бұл жерде аталған өңірлердің «дамуын қолға алуды» сол жердегілердің көсегесін көгерту деп емес, керісінше Орталықтың бақуаттылығы үшін осы аймақтағыларды алашапқын етіп, азапқа салу мақсаты тұрды десек те болғандай.

Дегенмен, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы жеті жылдық жоспарының (1959-1965 ж.ж.) орындалуы туралы мәліметтер топтамасына мән берсек, онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру барысына шолу жасалыныпты. Ол бойынша жетіжылдықтың алғашқы үш жылында, яғни 1959-1961 жылдары 206,8 мың тонна ет дайындалған. Әрине, бүгіндері сол кездегідей колхоз бен совхоздардағы мыңғырған мал жоқ болғанымен, осы саланы нарық жағдайында жаңа сапада дамытуға мүмкіндіктер бар екендігі анық.

Айтар болсақ, 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Президент әкімдерге қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берді. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Әрине, бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды. Қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін де арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалатын болады.

Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Шындығында қазіргі таңда өңірлерде ғылым мен бизнестің арасында осы тұрғысындағы қарым-қатынас нақты қалыптаспаған деуге де болады.

Дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі болып табылатын және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.

Жолдауда осы салаға қатысты айтылған түйткілдер мен оны шешу жолдарының тиісті құрылымдар тарапынан қолдау табатынына сенейік. Еліміздің Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кең дүниеге белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар осы және басқа да салаларда тапшы. Түрлі саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Бұл орайда Президент бәсекелестікке қабілетті мемлекеттердегі білікті маманжұмысшылардың өз елдерінің экономикалық тұрғыда дамуына қосар үлесі едәуір екендігін меңзеп отырғандай. Мысал келтірер болсақ, қазіргі кезде әлемнің «екінші экономикасы» атанып отырған көрші Қытай елі соңғы жылдары өзінің жастарға басым жағдайда жоғары білім беру саясатын кәсіптік-техникалық білім беру ісін жетілдірумен ұштастыруды дұрыс жолға қойған болатын.

Осы бағытта жүргізілген оң өзгерістерді нақты цифрларға көшірсек, 2008 жылы Қытайда орта арнаулы және кәсіби техникалық училищелерді бітірген түлектердің саны 5 миллион 891 мың 500 адамды құраған. Осылардың 5 миллион 642 мың 400-і өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Тиісінше КТУ түлектерінің 95 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде Қытай өз экспорттық әлеуетін барынша арттырып, әлемнің барлықтай дерлік елдеріне жеңіл өнеркәсіп және электроника тауарларын, машиналар мен станоктарды, тепловоздар мен электровоздарды, құрылыс материалдары мен үй жиһаздарын және басқа да тұрмысқа күнделікті қажетті тауарларды көптеп шығара бастады.

Айта кету керек, елімізде осы бағытта атқарылып жатқан ісшаралар ауқымы аз емес. Соның бірі, тіпті бірегейі Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы дуалды оқыту жүйесі десек, еш қателеспейміз. Бұл жүйе бойынша оқушылар тек 20-30 пайыз уақытын ғана колледжде өткізіп, қалған 70-80 пайыз уақытында тікелей өндірісте машықтанумен шұғылданады.

Осылай еліміздегі кәсіптіктехникалық білімнің сапалы болуына еліміздегі ірі компаниялар – «ҚазАгро», «Қазақстан темір жолы», «Арселор Миталл Теміртау», «ҚазФосфат», «Қазақстан Инжиниринг», «ҚазМұнайГаз» және басқа да 75-тен аса компаниялар өз үлестерін қосуда. Дегенмен, қарастырылып отырған мәселе бойынша біз үлгі етерлік мемлекеттерде, мәселен Германияда осы саладағы іс-шараларға 600 мың мекеменің тартылып отырғандығы бізге үлкен ой салары анық. Су мәселесін шешу–әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі.

Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстірт қарамау керек. Президент Жолдауда осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажеттігіне назар аударды. Осы орайда өңіріміздегі су мәселесіне нақты тоқталсақ, Жамбыл облысында екі ірі өзен ағады, олар Шу-Талас бассейнін құрайды. Жерүсті су ресурстарының 80 пайызы іргелес Қырғыз республикасы аумағында бастау алады.

Суармалы жерлердің нақты саны: Қазақстанда – 27 пайыз (13163 мың гектар), Қырғызстанда – 73 пайыз (362115 мың гектар). Суармалы жерлердің жалпы ауданы, 1991 жылғы мәлімет бойынша 249,1 мың гектар, қазіргі уақытта 117,47 мың гектар айналымнан шыққан. Мелиорациялық жүйелердің тиімділігі – 40-45 пайыз. Қазіргі кезде Қырғызстан трансшекаралық Шу өзеніндегі айналма Шу каналының 2-ші кезегін соғуға қызығушылық білдіріп отыр. Айналма Шу каналының 2-ші кезегі, олардың есептеулері бойынша 400 миллион текшеметрден астам су жоғалатын арнаны айналып өту үшін салынады.

Жоба іске асырылса, Шу өзенінің төменгі ағысында орналасқан жерлердің, әсіресе көл жүйелері мен сулы-батпақты жерлердің экожүйесіне теріс әсер ету қауіпі бар. Сол себепті де осы мәселеге мамандардың назарын аудару өзекті болса керек. Осы тектес күн тәртібіне сұранып тұрған мәселелер аз емес.

Президент:

Дұрыс, әрине. Әйтпесе көлденең көкаттылар ел қаражатына қолдарын тереңінен салды емес пе?! Мемлекет басшысы мұнымен шектеліп қалуға болмайтындығын, футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керектігіне де тоқталды.

Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры десек, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқықбұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы санасезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деді Президент.

Байыбына барып қарасақ, заңның жалпы халыққа тиімді болуы туралы үнемі айтылып келеді. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, одан біраз ертеректе әл-Фараби бабамыздың өз трактатында жазып кеткен «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген әфсанасын біз көп жағдайда біржақты, «қара халықтың заңды және соны бақылап немесе жүзеге асырып отыратын биліктегілердің айтқанынан шықпау» деп түсініп келеміз. Ал шынтуайтында, жоғарыда аты аталған кемеңгер бабамыз бен батыр атамыз тәртіптілікті бірінші кезекте басшылардың өздерінен талап етіп отырғаны анық.

Мемлекет басшысы осы үрдістің бүгінгі күн тұрғысынан өмірімізге енуіне ықпал жасап отырғаны көңіл қуантады. Осыған орай Президент мемлекеттік секторды реформалау туралы да ұсыныс енгізді. Дұрыс, әрине. Сондықтан да осы және Жолдауда көрсетілген басқа да тапсырмалардың орындалуы баршамызға қатысты екендігін ұғына отырып, еліміздің сапалы өзгерістер арқылы алға басуына бір кісідей атсалысқанымыз жөн.

 

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Өңіртану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.