Жамбыл өңірі инвестиция тартуда алдыңғы қатарда
Облыс әкімдігі ғимаратында облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырған сессия отырысына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Сессияның күн тәртібіне сәйкес жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тамыз айына дейін жасалған жұмыстардың есебін баяндады.
Аймақ басшысының сөзінше, жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім 690,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осылайша қысқа мерзімді экономикалық өсім 11,4 пайыз деңгейінде тіркеліп, Жамбыл өңірі инвестиция тарту ісі бойынша көшбасшылар қатарында келеді.
Сондай-ақ аймақ басшысы тұрғын үй, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы мен жолкөлік, мәдениет пен білім саласындағы оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мұнан соң облыс әкімінің орынбас ары Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының облыста іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Облыс әкімінің сөзінше, 4,1 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілсе, оның 3-уі пайдалануға берілген.
Сессияда облыстық мәслихаттың экономика, жергілікті өзін-өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Фарида Жүнісова денсаулық саласына жүргізілген зерделеу жұмыстарымен таныстырып, жедел жәрдем, электронды порталдар жұмысы мен маман тапшылығы мәселесіне баса мән беріп өтті. Сондай-ақ жиында өзге де мәселелер, атап айтқанда, тегін дәрідәрмек пен медициналық бұйымдарды қосымша беру, орман және су ресурстарын пайдалану қағидаларын бекіту, кейбір ескі шешімдердің күшін жою, жер комиссиясының ереже сіне өзгерістер енгізу жайы қаралды.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің дербес құрамы мен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия құрамына толықтырулар енгізілді. Сессия отырысында бірқатар депутаттардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты шешімдер қабылдады. Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұра лиев көтерілген мәселелер ұдайы депутаттар бақылауында екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқару органдарымен бірлескен жұмыстың жалғаса беретіндігін жеткізді.
Нұрболат АМАНБЕК