Бас дәрігердің қызметінен босап кеткенін білмегені ме?
Соңғы жылдары Меркі ауданы бас дәрігерге жарымай-ақ қойды. Келгенінен кеткені тез. Енді міне, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрген Мейрамбек Дәрменов те соңғы 7-8 айдың көлемінде жұмыста жоқ. Бас дәрігер ұзақ уақыттан бері жұмыста төбе көрсетпегендіктен жұрт неге жорырын білмей, сан-саққа жүгіртіп дал.
Меркі ауданына барған сапарымызда осы мәселені тұрғындардан да, аурухана қызметкерлерінен де сұрастырып, сыр суыртпақтап көргенбіз. Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Анеля Мұқаева бұл қызметке 2025 жылдың 18 қыркүйегінде тағайындалғандығын айтып, осы уақытқа дейін бас дәрігер Мейрамбек Дәрменовтың еңбекке жарамсыздығы бойынша демалыста жүргенін алға тартты.
Меркілік белсенді Қайрат Илипов те соңғы кездері шынында ауданда бас дәрігер тұрақтамай кеткенін айтады.
Біз бұл мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаеваға хабарласып, Мейрамбек Дәрменовтың биылғы жылдың тамыз айында қызметінен босатылғандығын анықтадық.
Сондай-ақ бас дәрігердің бос орнына конкурс жарияланғандығы туралы жауап алдық. Осыдан кейін бас дәрігердің міндетін атқарушы Мұқаеваның әлдеқашан Дәрменов қызметінен босап кеткенін, бос орынға конкурс жарияланғанын білмегені ме деген ой келді. Бас дәрігердің міндетін атқарушы неге Дәрменовты денсаулығына байланысты демалыста жүр деп айтты? Түсініксіз.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ