Жаңалықтар

Шерхан шер, Шерхан тағдыр!

28 қыркүйек – қазақтың классик жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні. Жамбылдың Жуалысынан шыққан Қазақстан Халық жазушысының туған күні әр жылы кең көлемде аталып өтеді. Бұл дәстүр жазушының туған жерінде сабақтастығын үзген емес.

Шерхан мен Талғат Мәскеуде қалай кездесті?

1951 жыл. Наурыз. Жоғары Кеңестің кезекті сессиясына КСРО құрамындағы 15 одақтас мемлекеттердің түкпір-түкпірінен депутаттар Мәскеуге жиналып жатты. Әрине, оның қатарында Қазақстаннан да сайланған депутаттар болатын.

Осы жылдары Мәскеу Полиграфиялық институтында оқып жүрген 19 жастағы студент Шерхан Мұртаза өзінің әлеуметтік жағдайын айтып, әрі жаңадан қолға алған аударма ісі бойынша баспалармен байланыс орнатуға көмек болар деген ниетпен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутат Ермековке жолықпақшы болады. Сол оймен сабақ арасында уақыт тауып метроға отырып, орталық алаңдағы депутаттар орналасқан «Европа» қонақ үйіне келеді. Комендант, жас лейтенантқа жолығып, өзіне керек депутаттың қай нөмірде орналасқанын қарап отырып, Шерхан тізімдегі «Талғат Бигелдинов» деген жерге келгенде көз тоқтатып тұрып қалады.

Шерхан Мұртаза 1951 жылы жазған күнделігінде бұл оқиғаны төмендегіше баяндайды. Бірақ естелік орысша жазылған екен, мұны қазақшаға өзіміз тәржімаладық.

«...Мен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Ермековке, болмаса Талғат Бигелдиновтың біреуіне жолығуым керек екен. Бұл кезде аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновтың атақдаңқы алысқа кетіп тұрған. Сондықтан коменданттан бірден Бигелдиновтың нөмірін сұрадым. Ол телефон тұтқасын көтеріп: «Алло! 4-20 қосыңызшы... Жолдас Бигелдинов сізді мазалап тұрған комендатура. Сізге бір студент жолыққысы келіп тұр... Шыққалы жатыр ма едіңіз... Жақсы!», – деп тұтқаны қойған жас лейтенант: «Ал, жас жігіт төртінші қабатқа жедел көтеріліңіз. №420 бөлме. Ертерек көтеріліңіз, ол кісі тысқа шыққалы тұр...», – деді.

Мен алғысымды айтар, айтпастан төртінші қабатқа құстай ұштым. Алдымды №420 бөлме. Тұрмын. Басымда сан ой, қалай бастаймын, не айтамын... Осылайша ештеңе шешпестен есікті қақтым.

– Иә, кіріңіз! Кірдім. Орындығынан жеңіл көтерілген жас жігіт көйлегінің түймелерін қадап, галстугын тағып жатыр екен. Үстінде – әскери киім. Орындықта екі алтын жұлдызы жарқыраған китель ілулі. Қолымды қатты қысып амандасып, ішке шақырды. Осы сәтте екінші орындықта отырған ұзын бойлы, бұйра шашты, үлкен қара көзді жігіт орнынан тұрып қолын ұсынып «Муратов» (ТатарАССР депутаты) деді. Талғат жанына отырғызып, темекі ұсынды. Өзі темекісін тұтатып, жеңіл көтерілген көгілдір түтінді аспанға үрлей, баяу үнмен әңгіме бастады.

– Қай облыстан келдің? – деді.

– Оңтүстік Қазақстан облысынан.

– А, Бауыржанның жерлесі екенсің ғой?

– Дәл солай, жерлеспіз. Бір ауданнан, тіпті бір ауылданбыз... – дедім мақтана.

– Қызық екен. Сіз ол кісіні танисыз ба?

– Иә, танимын, – дедім.

Біз Бауыржан туралы ұзақ сөйлестік. Ара арасында Талғат өзінің балалық шағы, мектепте қалай оқығаны, авиаклубта дайындала жүріп, Қызыл әскер қатарына өз еркімен жазылғаны жайында асықпай баяндады.

– Бәрекелді бауырым! Сенің не үшін келгеніңді де білемін. Қалай өмір сүріп жатырсың, өзің туралы айтшы, – деді бір кезде.

Осы жолы қалай шешен болып кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Мүмкін, әкеден ерте айырылып, күндіз-түні балаларым аман болсын деген ана еңбегінің қадірін, қиын-қыстау күндердің арқама қатты батқан қиянатын баяндасам керек-ті. Есімде жоқ. Талғат менің жауабыма риза болды. Алақанымды қатты қысып, маған тіке қарады.

– Жарайсың! Өмірде кейін шегінуге болмайды. Енді осы баяндағандарыңды қағазға түсіріп бер! – деді. Он бес минуттан соң менің арызым дайын болды.

Арыз мәтіні төмендегідей.

ССРО Жоғары Кеңесінің депутаты Талғат Бигелдинов жолдасқа. (Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры) Мәскеу Полиграфиялық институтының редакциялықбаспа факультетінің студенті Шерхан Мұртазаевтан АРЫЗ Мен, Мұртазаев Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектептің жанындағы интернат-пансионында тәрбиелендім, 1950-51 оқу жылы оныншы сыныпты бітірген соң Мәскеу Полиграфиялық институтына оқуға түстім. Менің әкем жоқ және оқу барысында материалдық көмек қолын созатын жақындарым да жоқ.

Мен мектепті ана тілімде бітіргендіктен, оқу жылының алғашқы кезеңінде, әсіресе көркем және саяси орыс әдебиетінің редакторларын даярлайтын редакциялықбаспа факультетінде білім алу қиын соқты. Бірақ, мұндай қиындықтарға қарамастан тынымсыз, үздіксіз, күнітүні дайындалдым. Соның нәтижесінде қысқы экзамендік сессияны жақсы тапсырдым, сөйтіп, 220 сом көлемінде стипендия аламын.

Бұл ақшаның 15 сомын ай сайын жатақханаға, ай сайын жолыма 8 сом (мен қала сыртындағы Бабушкин қалашығында тұрамын), жарнаға (комсомолдық және кәсіподақтық) 5 сом, сондай-ақ оқу құралдарыма ай сайын 30 сом көлемінде қаржы жұмсаймын. Тамағыма қалатыны – 150 сом. Осындай қаржыға стипендиядан стипендияға дейін өмір сүру ауыр. Киім туралы айтар болсам, Мәскеуге жүрер алдында мен интернат-пансионнан киім алған болатынмын. Ал, енді бүгінгі күнді ойлап қарасам, алдағы күндері киім, аяқ киім жайы не боларын білмеймін, қалай өмір сүремін, сабағым не болмақ? Бірақ, сабақтан қол үзгім келмейді. Ол жайлы ойлағым да келмейді. Тек институтты бітіріп, Отаныма керек азамат болғым келеді.

Сізден, менің қиын жағдайымды ескеріп, менің жоғары оқу орнын аман-есен бітіруім үшін материалдық көмек көрсетсеңіз деймін.

Шерхан Мұртазаев. 1

0 наурыз. 1951 жыл

«Мен әкемді неге сағындым?» немесе Мұртаза тағдыры...

Шер-аға Жамбыл интернатпансионатта оқып жүрген оқушы кезінен, яғни 1949 жылдың ақпанынан күнделік жазған. Сол жылдың наурыз айында үзілген жазбаларын 1952 жылы жалғастырып, өмірінің соңына дейін күнделік жүргізген. Ал енді осы жазбаларында әр жылдың желтоқсан айында әкесін еске алып, бала кезде үзілген сазды сағынышының табын жеткізіп отырған. 2012 жылы қаңтар айындағы жазбасының бірінде: «Мен әкемді неге сағындым? 80-ге келгенде әкені сағынады ма екен?..», – деп жазыпты.

Неге желтоқсан? Өйткені 1937 жылдың қаһарлы қысында, желтоқсанның аязды түнінде НКВД-ның ұсқынсыз екі сарбазы әкесін ұстап әкеткен еді. «...Әкейді еміс-еміс білемін. Әсіресе есте қалғаны – мектеп қышын құйып салғаны. Сірә, ол 1937 жыл. Онда мен бесте болатынмын. Жаз. Ауыл. Киіз үйлер тігіп, жайлауға шығады. Мектеп құрылысындағы әкейге шешеміз менен сусын беріп жіберген. Жолдың екі жағасы биік егін. Сары гүлдер. Сары торғай. Сірә, жаз. Сол жылы жазда Батырхан туды. Қыста әкейді алып кетті. Түнде. Аязда. Анық білемін. Үнсіз екі НКВД, ұсқынсыз – шұбар кісі. Әкей содан оралмады. 40-шы жылы өлді деген хабар келді. Шешеміз отызында жесір қалды. Екі ұл, бір қыз бала жетім қалды. Ең үлкені – мен. Соғыстың алғашқы екі жылына төтеп бердік. 43-ші жылдың қысынан әрең шықтық.

Көктемде қатты ашықтық. Суық күзде (44 жылы) шешейдің нағашысы Сали атай есек арбамен Жамбыл қаласының түбіндегі Бектөбе деген жерге көшіріп әкетті. Арада бір қонып жеттік. «Күйік» асуының аузында түнедік...», – деп жазады Шер-аға бір естелігінде. Шерхан ағаның әпкесі Ұяткүл: «Мұртазаның өлімін естірткенде мен Айтан екеуміз бұлақтан мұздай су тасып, айранға қосып, шалап жасап, қайта-қайта Айшаға ішкіземіз. Іші күйіп кетпесін деп. Сонда Айшаның айтқан жоқтауына тебіренген, жылаған оған «қой, қоя қой» деп айта алмаған. Әсері соншалық, тіпті Тасхожа бастық көк айғырдан түсіп, солқылдап жылаған», – деп еске алады.

Мұны да Шер-аға күнделігіне жазыпты. Мұның алдындағы нәубеттен Мұртазаны інісі Бауыржан Момышұлы қорғап қалған болатын. Алайда 37-нің «қырғынына» қамыт сала алмады. Мұртаза қандай кісі еді? Шер-ағаның жиен әпкесі Ұяткүл әпкенің айтуынша, Мұртаза сұлу кісі болған екен. «Сенің маңдай, қасың тартқан, басқасы – Айша», – дейтін еді әпкесі Шерханды көрген сайын. Ал батыр Бауыржан Момышұлы ағасы Мұртаза хақында: «Шіркін, Мұртаза аға жігіттің төресі еді ғой. Артық сөзі жоқ. Қияқтай мұрты сұлу тартылған. Өзі атбегі болатын. «Аттың жайын сұрасаң, Мұртазадан сұра» дейтін үлкендер», – деп Шерхан інісіне талай сыр айтатын.

Талаптыда Шерхан өмірге келген үй – қара шаңырақ, Мұртазаның қара қазық қаққан ордасы екен. Бірде Мәді Омар Айшаға: «Жеңеше, қатты сөз айтсам, қайырлы бол. Кешір. Олай-былай күн келсе, ескерткіш болсын. Жаңа қоныс көтеріп жатыр екенсің. Мына шыбықты шанши салайын. Есіңе ала жүр». – Не болды, жазған-ау?

– Түсімде ағаларымды, Мұртазаны көрдім. «Біз осы маңда қой бағып жүрміз» деді де, Мұртаза үстіме қара шекпен жаба салды, – дейді.

Шер-аға бір естелігінде осы оқиғаны еске ала отырып: «Мәді Омар өткелі он шақты жыл. Әлгі шыбық дәу қара ағаш болған. Құдды Мәді Омардың өзі сияқты», – дейді.

Өмір бойы Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың өмір тарихын, жүрген жолын, қайраткерлігінің шыңын паш ету жолында Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында күн, ай , жылдарын өткізген Шер-ағаның ойында Сібірге жер аударылған әкесі Мұртаза хақында тым болмаса бір дерек кездесер деген үміт басым еді.

Бірде інісі Батырхан ағасы Шерханға: «Өтелген парыз» деген әңгіме жазып, шығара алмадым. Жазуым келіспеді. Сен жаз», – дейді.

Сөйтсе, баяғыда Айша Мұртазаның Қиыр Шығыста қайтыс болғанын түлкібастық Жайлау дегеннен естіп, «шын киімін» беріпті. Қаза болған кісінің киімін тірілерге үлестіретін рәсім бар. Өзі, үш баласы аш-жалаңаш жүріп Айша итжеккенде қайтыс болған күйеуінің «шын киімін» жалғыз ешкісін сатып, соның ақшасына мата алып, өзі шапан, көйлек, бешпент, шалбар тігіп, Жайлауға кигізген, – дейді.

Айша – Пәруана! Анасы туралы «Ай мен Айша» повесін жазған Шер-аға әкесі Мұртаза жайында жазу үшін үлкен дайындықта жүрген еді. Күнделіктеріндегі жазбаларының ішінде кей эпизодтар әке тағдырының, тайталас күндерінің, ішкі мұң-мұқтажының сырын білдіріп тұрды. Жоғарыда айтып кеткендей, Мұртаза төңірекке белгілі атбегі болған.

Жылқы таныған адам. «Жаным – арымның садақасы, малым – жанымның садақасы» деген қазақ емеспіз бе? Мұртазаның да жауы көп болған. Мұртаза мінген ҚозыКүреңнің тағдыры – сол кездегі қазақ қоғамының тағдыры еді. Шер-ағаның мына жазбасына көңіл аударайықшы. «Қайран, Қозы-Күрең. ҚозыКүрең баяғы Бердімбет байдың «Бай бәйбіше» атанған ұлы Күнікей Анадан қалған зор дәулеттің соңғы сарқыншағы еді.

Бір кездегі қора-қора қойдан, табын-табын сиырдан, келе-келе түйеден, үйірүйір жылқыдан қалған соңғы тамшы. «Соңғы тамшы» болса да, мың жылқылық құны бар ерен жүйрік жануар. Совет деген өкімет келді де ірі байларды кәмпескелеп, малдың бәрін сыпырып-сиырып, бірең-сараң тұяқ пен мүйізді ғана қалдырды. Қозы-Күреңнің иесі Мұртаза байқұлақтың баласы ретінде абақтыға да отырып шығып, сол кездегі жаңадан жарқырап, жалындап шыққан жас жеткіншек Бауыржан Момышұлының арқасында ұзаққа сотталып кетуден әупіріммен аман қалып жүрген. Бұл, сірә, «НЭП» деген кезең болса керек. НЭП дегеніңіз – «Новая экономическая политика».

Лениннің тірі кезі. Адамдар сәлсәл кеңірек тыныс алып, бірақ уақыт таза ауа жұтқан кез. Борандының базары. Сол жердің «рестораны» – Жылқыбектің бозаханасы. Біздің Мұртаза, Сапа, Бейшен сияқтылар сол бозаның қызығында. Аттары сыртта қаңтарулы. Боза деген де бір желігі бар ас. Әрі арақ, әрі тамақ ретінде жүретін жындыға жақын нәрсе. Қозы-Күрең қатты кісінеп, шыңғырғандай көрінген. Бозаның уытынан масаң болған Мұртаза әлдебір түйсік түрткісімен сыртқа шығып, атына, айтулы тұлпарына жақындай берсе... о, сұмдық! Оң көзінен қан саулап тұр. Оң көзін ойып әкетіпті. Шыңғырғаны-ай сонда.

Баяғы Абыл мен Қабылдан қалған күншілдік. Ит қызғаныш. Содан бері Қозы-Күрең енді «Соқыр-Күрең» аталатын болған. Ақыры Мұртазаны «халық жауы» ретінде Шығыс Сібірге, Зея орманына айдатып жіберіп, түбіне жетті. Дүние кімге опа берген, бәрі де өткінші. Бір кем дүние». Иә, Мұртазаның тағдыры – ұлы Шерханның кей әңгімелерінде осылай қысқаша баяндалып келді. Бірақ қысқаша баяндалғанымен, баласының сағынышы қартайғанша сарғаймады. Үдейе түсті ме дерсің. Әйтпесе неге сексендегі қария әкесін сағынады?

«Болса аман-сау – алтыннан соққан қорғаның! (Бес жаста қалған баладан). О-о-оу, бала кезді сағындым. «Бақыт деген – сенің бала күндерің» деп жырлайды. Бекер. Менің бала күндерім 5 жасқа дейін. 5 жаста әкемді айдап кетті (1937 жыл, желтоқсан). Бақытсыздық содан басталды», – дейді өзегі өртенген Шераға!

Сибирь жерінде өлген әкеме арнаймын

Саумысың, әруақты, ақсақал қарт, Келдің бе есендікпен өлкеден жат. Тұтқын жайды тұтынып, он жыл бойы, Келдің бе, Сібір сынды жерді аралап. Көрісіп, көңіл өсіп туған елмен, Жат болдың ба арылып қайғышерден. Өзіңмен бір, бір кезде кетіп еді, Тірі ме, ғазиз, ғаріп әкем менің.

– Жоқ, жаным, қасіретпен әкең сенің, Алғашқы ауыр жылда бұрын өлген. Қарағайдың түбінде қазақ бейтін, Сібірдің сегіз метр қары көмген. Амал не, ақырет кебін киюге де, Қоштасып, елге басын июге де

– Мұрша бермей, өлім жұлды, ей шырағым,

Еш болмаса сені бір сүюге де.

Апрель. 1950 жыл.

 

Ерман ӘБДИЕВ