Жаңалықтар

Жауапсыздық пен салғырттыққа жол беруге болмайды

Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жергілікті атқарушы органның басты міндеті. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барды. Аймақ басшысы жұмыс сапарында жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін тыңдады.

Жиында аудан басшысы Ербол Жиенқұлов атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.

Меркі ауданы туристік әлеуеті жөнінен өңір флагманы саналады. Ербол Жұмабекұлының сөзінше, бүгінде ауданда туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар төрт негізгі бағытта жүргізілуде.

Кездесуде аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Түйткілді түйіндер тарқатылған кездесуде тарихимәдени ескерткіштер мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы ауданда табиғи парк құрылғалы ондағы Меркі ғибадатханасы деген атаумен танылған Түркі дәуірінің ескерткіштерінің жай-күйі жұртшылықты алаңдатқаны жасырын емес. Бүгінде бірегей мәдени мұраны сақтау мақсатында ЮНЕСКОның тізіміне енгізу туралы жауапты министрлікке өтінім жолданған. Бұдан бөлек жиында шаруаларға субсидия төлеу, аудандық орталық аурухана мәселесі, жедел жәрдем қызметіндегі маман тапшылығы мен Андас-3 су қоймасының құрылысына қатысты сұрақтар жолданып, тиісті жауап берілді.

Кездесуде Меркі ауданының басым бағыттарында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелерді назарға алып, жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

Сондай-ақ күні кеше облыста ауыл шаруашылығы саласына қатысты екі бірдей алпауыт зауыт құрылысы басталғанын атап өткен аймақ басшысы зауыттар іске қосылған соң шаруалардың өнім өткізудегі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан басты мәселелері толық шешілетіндігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК