Қос зауыттың құрылысы басталды
Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен болатын. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда батыл әрі жедел шешімдер қабылдануы тиіс екенін баса айтты. Жалпы, биыл біздің елге 25 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл үшін өңірлерде арнайы бағдарламалар қабылданып, шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс күшейтілуде.
Бүгінгі таңда Жамбыл жерінде де бұл бағытта бірқатар іргелі істер қолға алынған. Президент тапсырмасына сәйкес, аймақта инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, бірер күн бұрын Байзақ ауданында жылына бір миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін заманауи қант зауытының қазығы қағылды. Салтанатты рәсімге өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы минист рі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Олар ең әуелі қант зауыты салынатын аумақтағы «Талап» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына барды.
Шаруашылық иесі Маут Фазуловтың айтуынша, мұндағы қызылша алқабы 35 гектарды құрайды. Қант зауытына аталған және тағы да бірқатар шаруашылық жер берген көрінеді. Іс-шара барысында министр еліміз бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет салынып жатқан қант зауыты екенін атап өтті.
Айта кетейік, жобаның инвесторы – қытайлық «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясы. Ал технологиялық серіктесі – «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларына тең. Байзақ ауданының Ақшолақ ауылы маңынан салынатын заманауи қант зауыты жобасының құны 76,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың құрылыс жұмыстары барысында 1 200 адам еңбекке тартылады деп күтілуде.
Облыс әкімі өз сөзінде өткен жылы жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылғанын, ал биыл 161 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1100 жаңа жұмыс орнын құру көзделгенін атап өтті.
«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар. Жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ дәл осы күні Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауыл шаруашылық техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды.
Жобаның инвесторы–«Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы – 5 гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.
Есен ӨТЕУЛІ