Қоғам

Қауіп – санада, шешім – тәрбиеде

Облыс әкімдігінің дін істері басқармасының ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни идеологияның таралуын алдын алу және болдырмау мақсатында облыстық деңгейде бір күндік оқыту семинары өтті. Аталған іс-шараға облыстың жалпы білім беретін мектептері мен орта арнаулы оқу орындарының директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, білім беру ұйымдарының психологтары, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандық білім бөлімдерінің мамандары қатысып, жалпы саны 150-ге жуық маман қамтылды.

Семинардың басты мақсаты – білім беру мекемелерінде жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін мамандардың діни радикализм мен деструктивті идеологияларға қарсы профилактикалық бағыттағы білімін арттыру, тәжірибе алмасу және тиімді әдістемелік тәсілдермен қамтамасыз ету.

Оқыту семинарында арнайы шақырылған республика көлемінде тәжірибесі мол сарапшылар дәріс оқыды. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті, психология ғылымдарының кандидаты, РАТТ мүшесі Алмагүл Аяғанова, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Бауыржан Ботақараев және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев өз баяндамаларымен бөлісті.

Семинар барысында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы – болашақ бағдаршамы», «Жасөспірімнің құндылықтары: оларды түсінуге және қалыптастыруға қалай көмектесуге болады?», сондай-ақ «Деструктивті діни идеологияға қарсы профилактика: төл діни танымның аксиологиялық және әдіснамалық өлшемдері» тақырыптары кеңінен қамтылып, қатысушылармен пікір алмасу, сұрақ-жауап алаңдары ұйымдастырылды. Спикерлер деструктивті діни ағымдардың таралу жолдары, олармен күрестің заманауи әдістері, жастардың құндылықтық бағдарын дұрыс қалыптастырудағы тәрбие мен ұлттық дүниетанымның рөлін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Оқыту семинарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы семинарлар өңір педагогтері мен мамандарының діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыруға, білім беру ұйымдарында профилактикалық шараларды тиімді ұйымдастыруға негіз болмақ. Жас ұрпақты жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау – қоғам алдындағы ортақ міндет екені айтылды.

                                                           Айжан ӨЗБЕКОВА