Спорт және туризм

Ақтауда Mangystau International Tourism Forum басталды

Ақтауда Туризм және спорт министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Mangystau International Tourism Forum басталды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Форумға халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде ТҮРКСОЙ мен Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ), сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, бизнес өкілдері, инвесторлар және сарапшылар қатысуда.
Форумның негізгі мақсаты – өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін таныстыру, Орталық Азиядағы туризмді дамыту перспективаларын талқылау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Бағдарлама аясында инвестиция тарту, көлік қолжетімділігі, медициналық, оқиғалық және жаппай туризмді дамыту мәселелеріне арналған пленарлық отырыстар жоспарланған.


Сондай-ақ елге шетелдік туристерді тарту үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бүгінде Қазақстанға 87 елдің азаматтары визасыз кіре алады, ал 30 мемлекетпен тікелей әуе рейстері ашылған. Бұдан бөлек, «әуе кеңістігінің бесінші еркіндігі» режимі қолданылады. Мұның барлығы Қазақстанның халықаралық саяхатшылар үшін тартымдылығын айтарлықтай арттырады.


Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің туристік саласын дамытуға тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды іске асырылып жатқанын атап өтті.

Маңғыстау өңірі Қазақстанның туристік картасында айрықша орынға ие. Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра мен Қызылкүп шатқалының қайталанбас ландшафттары, бай тарихи-мәдени мұрасы аймақты Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналдырады.
Ақтаудағы форум еліміздің және бүкіл өңірдің туризм саласына тың серпін беріп, халықаралық әріптестікті нығайтуға және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.