Экономика

Құмды ауданның қуаты неде?

Мойынқұм ауданы облыс территориясының 42 пайызын алып жатқан жер көлемі бойынша өңірдегі бірден бір алып аймақ. Оның алыптығын аумағының Батыс Еуропадағы Голландия, Бельгия, Люксембург және Монако сияқты майда мемлекеттердің жерімен тең келетіндігінен көріп, тануға болады. Аталған аудан кезінде өңірімізде өндірісімен танылғандығы белгілі. Оның кешегісіне көз жүгіртсең, өткенінің өркенді болғанын көресің. Бір кездері мұнда Ақбақай кен байыту комбинаты қарқынды жұмыс істеп, ауданның табыс тасын өрге домалатқан еді. Бұған Мыңаралда ашылған цемент зауыты мен балық зауыты жаңаша серпін беріп, екпін қосты.

Әу бастан ырыс қонып, құт дарыған

Бертінгі жылдары пайдалануға берілген «Хантау» цемент зауыты да жаңашылдықтың жарнамасындай болған. Алайда аталған компанияның басқару тетігі қытайлықтарға берілгеннен кейін кәсіпорынның тірлігі тұралап, кері кетіп тынды. Алтынды алқап атанған Мойынқұм ауданының жер асты ғана қазбаға бай емес, жер бетіндегі табиғаты да жан-жануарларға аса бай.

Ұланбайтақ жерді алып жатқан құмдауыт даласында елік, бөкен, қарақұйрық, құлан кезіп жүрсе, Жамбыл мен Хантауында арқар мен таутекелер тастан тасқа секіріп, өріп жүр. Өзен, көлдерінде ақ балықтары аспанға атылып жатса, үйрек-қаздары су бетін көптігімен көміп қоярдай болып көбейіп жатыр. Аты шулы «Андасай» қорығы аумағындағы құм қырғауылы мен жабайы қабаны қолына қару ұстай білетіндердің бәрін осы өңірге тартатын болса, тау бүркіті мен иттелгісі алысжақын шет мемлекеттерден келетін туристерге кереметті бір көріп, қолымен ұстауы үшін арманға айналған. Ал Мойынқұм ауданында бір кездері кең өріс алған мал шаруашылығын сөз ету, соның даңқты кейіпкері болған, бір қойдан екі төл алып, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты әңгімелеу өз алдына жеке тақырып қарастыруды қажет етеді.

Бүгінгі белес

Ауданның бүгінгі әлеуетін оның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылдың қаңтартамыз айларындағы орындалу барысынан біле аламыз. Аудандағы өнеркәсіп өндірісі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 103,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,1 миллиард теңгеге артқанымен, нақты көлем индексі 98,7 пайызды құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 9,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 миллиард теңгеге кеміп, нақты көлем индексі 57,7 пайызға тұрақтады.

Бөлшек сауда айналымының көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 4,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 миллиард теңгеге артып, нақты көлем индексі 134 пайызға орындалды. Өткен жылдың мерзімді кезеңінде 2,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,9 пайызға орындалған болатын. Көтерме сауда айналымының көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артып, нақты көлем индексі 350 пайызға артық орындалды. Өткен жылғы көрсеткіш 2,7 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 37,5 пайызға орындалған еді.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 3,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 423,7 миллион теңгеге артық орындалып, нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрады.

Оның ішінде:

мал шаруашылығының көрсеткіші 3,6 миллард теңге, нақты көлем индексі 101,9 пайыз;

егін шаруашылығының көрсеткіші 353,7 миллион теңге, нақты көлем индексі 103,6 пайыз.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 4,9 миллард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,1 миллиард теңгеге кеміп, нақты көлем индексі 22 пайызды құрады. Биылғы жылға ауданда ірі құрылыс жұмыстарының жүргізілмеуіне орай, жыл аяғына дейін құрылыс көлімінің орындалмау қаупі бар.

Жалпы құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 2023 жылы 194,6 пайызға, 2024 жылы 210 пайызға орындалып келген. Бұған бірден бір себеп «КазАвтоЖол» АҚ Мойынқұм ауданынан өтетін республикалық жол құрылысын салып, құрылыс көлемінің артуына үлкен септігін тигізген болатын. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 2954 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 шаршы метрге артық орындалып, нақты көлем индексі 106,6 пайызды құрады.

Ертең де еңсеретін асулары аз емес

Мойынқұм деген атының өзі айтып тұрғандай, атаулы ауданның негізгі жер көлемін құмды жерлердің құрайтындығы айтпасада түсінікті. Ендеше, осындай табиғаты егін шаруашылығын өркендетуге келіңкіремейтін, нақтырақ айтқанда көнбейтін өлкеде нені өрістеткеніміз дұрыс? Тұрғылықты халықтың тілегін жеткізер болсақ, елдің қалауы ауданды мал шаруашылығының облыстағы бірыңғай брендіне айналдырсақ, ұтылмаймыз. Бұған аймақтың табиғаты қолайлы, жем-шөп қорын жинақтауға мүмкіндік мол.

Алысқа бармай-ақ, кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі Мойынқұм ауданының қай сала бойынша алдыңғы қатардан көрінгендігін алып қарасақ жеткілікті. Әрине, одақты қайдам, атаулы ауданның аты еліміздің шеңберінде отар-отар қой өргізіп, қаракөлдің елтірісінен тон тіккізіп шықты. Солай болғандығын сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдары осы өңірге мал қыстату үшін уақытша көшіп келген Жуалы ауданының қойшыларына желтоқсан айында шөп артып әкелген кезімізде көзімізбен көргенбіз.

Бір апта бойы құмды қуалай қоныстанған қойшылардың отарларын аралып, қызу еңбектің қайнап жатқанына куә болып қайтатынбыз. Сол кездері Жуалы ауданының бір ғана Чапаев атындағы колхозында шамамен 30 отарлы қой болатын. Колхоз соның тең жартысын Мойынқұмда, қалған жартысын Билікөлде қыстатып шығаратын.

Осыған қарап-ақ қай кезде қайсы өңірдің қандай мақсатқа пайдаланылғанын білуге болады. Сол тұстары аталған ауданды басқарған басшылардың бірі Айтбай Назарбековтің аудан үшін жасаған жақсылығын мойынқұмдықтардың ауыздарынан тастамай, әлі күнге жыр қылып айтып жүргендігін де осы жерде айта кетсек, артық етпейді. Күні ертең 60 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған ауданның қазіргі жағдайы қандай? Бір сөзбен айтқанда, мақтанарлықтай емес. Ауыз су мәселесінің бір өзі ауданға айтарлықтай жүк болып тұр. Жергілікті билік құм астындағы суды елге құбырмен жеткізе алмай әлек.

Өткен ғасырда тартылған ескі құбырлардың жарамсыз жерлерін жамаудың өзі экономикаға салмақ салуда. Сусыз қалған халық болса жер-жерден шу көтеуде. Құмды жердің ен байлығының бірі – қамыс. Өнер-білім бар жұрттар сол қамыстан тақтай жасап, табыс тауып, экспортқа шығарып жатыр. Біз болсақ, соны құрғақшылық жылы малға беріп, жан баққанымызға мәзбіз. Осыған қаржы тартып, жолға қоюға неге бет бұрмасқа?

Нәтижесінде жұмыссыздарға жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Аудан экономикасының қоржынына қаржы құйылар еді. Шарасыздықтан қараусыз құмнан алтын қазып алу үшін қолына кетпен, қайла алып, соның кесірінен кейіннен істі болып жатқандардың қатары саябырситын, тоқтайтын еді ғой. Ауданның тағы бір тартымды тұсы – қарапайым халықтың қолы жете бермейтін қорық аумағының бар екендігі.

Мойынқұмдағы «Андасай» қорығын білмейтін адам кемде-кем. Алайда бүгінде оның да шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Қорық аудандікі болғанымен билігі өзінікі емес. Себебі «Андасай» қорығы қазір алматылық «Охотзоопром» мекемесінің иелігінде. Атаулы мекеменің рұқсатынсыз Жамбыл жерінде тұрған қорыққа әулиеаталық қорықшылардың кіруіне тыйым салынған. Осы жерде бір жұмыртқасы 150 мың теңге тұратын сұңқар құсқа қатысты әңгімені кіріктіре кетуіміз керек сияқты. Мысалы, әлгіндей құстың төресімен аң аулауды өздеріне бекзаттық өнер санайтын арабтық шейхтардың аталған ауданға ат басын жиі бұратындықтарын былайғы жұрт білсе де, солардың саятшылығы арқасында қызмет көрсетуші тарапқа шамамен 6,5 миллион теңге қаржы түсетіндігін біле бермейді.

Ауданда ұлттық өнерді дамытса деген тілегіміз де бар. «Қыз қуу» секілді ұлттық өнерімізді ұлттық ойыннан алып тастап жатқан кезде бұған да бей-жай қарауға болмайды. Көнеден жеткен көнермес құндылықтарымыз көз алдымызда құнсызданып, барымыздан айырыла берсек, не болмақпыз? Мұндайда әсіресе жастарға обал.

Туған жерінде жұмыссыздықпен бетпе-бет келгесін өз бақыттарын сырттан іздеуге мәжбүр. Қоғам, аудан деңгейінде мұнымен күресіп жатқан бірде бір мекеме жоқ. Қорыта айтсақ, облыстың мал шаруашылығындағы бір сүйеніші бола алатын аудан бар болса, ол біздегі Мойынқұм ауданы дегіміз келеді. Ал оның сол межеден алдағы уақыттары көрінетіндігін немесе көрінбейтіндігін уақыт еншісіне қалдырамыз.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ