Мал дәрігерінің міндеті ешқашан өзгермейді
Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу деп аталатын ынтымағы мен берекесі жарасқан ауыл бар. Ол ауылдан елімізге белгілі азаматтар да шыққан. Әр тұрғыны өзінің жұмысын дөңгелетіп, елді мекеннің дамуына үлестерін қосып жатқан жайы бар. Ауыл халқының көпшілігі – еңбек адамдары. Олардың ішінде білікті мал дәрігері Нұрлыхан Елубаев та бар.
Нұрлыхан бала күнінен ауыл тіршілігіне етене араласып, еңбектің қадірін біліп өсті. Пейілі даладай ауыл халқының негізгі күнкөрісі, тұрмысының жақсаруы да төрт түлік малмен тікелей байланысты. Жем-шөбін қамдаудан кейін шаруаға керегі өсірген мал тұяғының амандығы екенін елдегі еңбекшіл жұрт жақсы біледі. Ол іс мал дәрігерінің тікелей араласуымен жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан Нұрлыхан Тұрсынбайұлы болашақта мал дәрігері болуды қалады.
1986 жылы Құлан зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына күндізгі бөлімге оқуға түсіп, армандаған белесін бағындырғандай болды. Арасында екі жыл әскери борышын өтеп қайтқанын қоса есептегенде, дипломын 1992 жылы қолына алды. Сол жылы «Алғабас» кеңшарының ірі қара мал фермасында мал дәрігері болып қызметіне кірісіп те кетті. Кейіннен кеңшар тарап, ауылдық округ құрылды. Бірақ құрылым өзгергенмен, мал дәрігердің жұмысы өзгермейді.
Әуелі «Есім би» шаруа қожалығында мал отарларының амандығына жауапты маман ретінде тер төксе, арада бірер жыл өткенде аталған округтің мал дәрігері атанды. Қай кезде де иығында қобдишасы, емдеуге қатысты құрал-сайманын арқалап жүгіріп жүргені. Округте қазіргі таңда 75 мың қой бар. Жылқы, сиыр малдарынан да жыл сайын өсім байқалады. Ол жетістікте малдарды уақытылы және сапалы емдеп жүрген Елубаевтың үлесі бар. Осы орайда оның өзінің саласы бойынша алған марапаттары да жетерлік.
Бір айта кетерлігі, Нұрлыхан осы күндері 90 жасқа жақындаған әкесі Тұрсынбай қарияның бар жағдайын жасап, қабағына қарап отыр. Ақсақалдың да ұрпақтарына және ауыл халқына айтатыны тек алғыс. Нұрлыхан асыл жары Құралай екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Елдің берген батасының қабыл болғаны болар, бір баласы Айтбек Тұрсынбай республикаға белгілі айтыс ақыны.
Еңбек адамының қарапайым отбасы берекенің алтын нұрына оранып тұрғанын байқадық. Адал еңбек қашанда абырой биігіне шығарады. Еңбек адамының сәтті қадамдары бізге осыны ұқтырғандай.
Есет ДОСАЛЫ
Т. Рысқұлов ауданы