Саясат

«Серпінге» сұраныс жоқ, пәтерге кезек көп

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысында бірнеше мәселе қаралды. Жиынды кеңес төрағасы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Талғат Дүйсенов жүргізді.

Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің басты функциясы – партия сайлауалды бағдарламасының Жол картасында белгіленген міндеттерді табысты іске асыру.

Бұдан соң жастар арасындағы наркотизмге, нашақорлыққа және есірткі құралдарының таралуы мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары жайында ПД ЕҚҚІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Белгібаев баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айында 361 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 дерекке артық екен.

 

Жиында талқыланған тағы бір мәселе – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуы туралы. Алайда жастарға серпін берер «Серпіннің» күйі болмай тұрған секілді. Биыл 11-ші рет жүзеге асырылғалы отырған жобаға жамбылдық жастардың қызығушылығы баяу екен. Мысалы, 2021 жылы 128 жас ынта танытса, биыл 41 ғана түлек қызығушылық білдірген.

Бұл жайында облыс әкімдігі білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Асима Пернебаева хабарлама жасады. Сондай-ақ жастардың баспаналы болуы да өзекті мәселеге айналғалы қашан?! «Әулиеата жастары» пилоттық жобасынан үміттенген жастардың қатары да артып келеді.

Кеңес мүшелері баяндамашыларға сауалдар қойып, кеңесті партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек қорытындылады.

 

Ерман ӘБДИЕВ.