Жұмысбасты ата-ана, қағазбасты мұғалім, қараусыз бала...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Мұғалімнің құқын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатыр. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылыққа тосқауыл қою керек» деді. Ал 2019 жылы Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғалы бері осы құжаттың құзыретімен ұстаздар қауымының қоғамдағы мәртебесі қаншалықты көтерілді? Әлде заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер қажет пе?
Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Өйткені «қит» етсе мұғалімдерді кінәлай жүгіретін ата-аналар «өз құқықтарын» түбегейлі білмей отырып, ұстаздар қауымын жазғыратыны анық. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймыз. Бірақ қоғамның айнасы осыны көрсетеді. Бұрнағы күні Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының өкілдері Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Педагог мәртебесі – білім берудің болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиынды филиалдың Байзақ аудандық өкілеттілігінің төрағасы Абай Қасымов жүргізіп, филиал төрағасының орынбасары Рахман Аққозиев, филиал кеңес мүшесі Болатбек Қолтаев бүгінгі қоғамда қалыптасқан педагогтердің әлеуметтік жағдайы мен оларды қолдау төңірегінде қатысушыларды ой қозғауға шақырды.
Бұдан кейін сөз алған Талас ауданы, С.Шәкіров ауылындағы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектепте талай жыл еңбек етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагерұстаз Мырзабай Қайырбай ойын ортаға салды. Ардагер-ұстаздың айтуынша, кешегі білім беру жүйесі мен бүгінгінің арасында үлкен алшақтық бар.
Сондай-ақ ардагер-ұстаз білікті ұстаздардың тәжірибесін тарату үрдісі кемшін екені және ауылдық жерлерде интернет желісінің нашар екендігін де тілге тиек етті.
Сондайақ Мемлекет басшысы Тамыз мәслихатында Мұғалімдер мәртебесі туралы заңға қатысты бірнеше ұсыныстар айтты. Соңғы жылдары кінәні мұғалімге артып, тәртіптік шаралар қолданып, тіпті жұмыстан босатуға дейін барып жатқан жағдайлар бар. Бұл үрдіс өте алаңдатарлық жай. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – білікті ұстаздарды табу қиынның қиыны. Ауылдық жерлерде бұл тіпті өзекті. Ал біз білікті ұстаздарды ұстап қалудың орнына шара қолданып, жазалауға тырысамыз. Мұнда адами фактор ескерілмейтіні қынжылтады. Мұғалімдер кей жағдайда өздерін қорғауға келгенде «сен тимесең, мен тиме» күйді кешуге мәжбүр. Неге десеңіз, «жұмыстан шығып қаламын ба?», «отбасымды қалай асыраймын?» деген ой мазалайды. Ұстаздарды ынталандырып отыру мәселесі де кемшін болып келеді», – деді Гүлназ Оңғарбаева.
Жиында жас мамандар қатарында Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжінің жас мұғалімі Ләззат Жарқынбек пен Талас ауданы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің жас маманы, тарих пәнінің мұғалімі Бақдәулет Орынбай пікірлерін білдірді. Жас мамандарды да толғандырып отырған жай – мектептен тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға көп тартылатындығы. Ал жиынға қатысушы ұстаздар қауымы мен студенттер сауалдарына спикерлер жауап берді.
Ерман ӘБДИЕВ