Жаңалықтар

Әскердегі әлімжеттік неге тыйылмай тұр? Жауапты кім?

Жақында ғана Отар әскери базасында әскерге барғанына бір жыл боп қалған жас жігіт қаза тапты. Ресми органдар сарбаз өз-өзіне қол салды деген жорамал айтқанымен, марқұмның ата-анасы бұған сенбейді. Олар әскерде әлімжеттік бар деп есептейді. Қайтыс болған сарбаздың анасы мұны әскер басшыларына жылап тұрып айтқанын жаңалықтардан көрдік.

Шынында соңғы жылдары «әскерде қайтыс болыпты, әскерде жүргенде жазатайым оқиғадан соң ақыл-есінің кемістігіне ұшырапты» деген жүректі қарсы айырар, жағымсыз әңгімелерді жиі еститін болдық. Ал мұндай оқыс жайттар тепсе темір үзетін, зіңгіттей балаларын әскерге жіберген ата-аналар үшін де өте ауыр соққы.

Қазір армияның уақыты бір жыл ғана. Соның өзінде әскерге барған баланың кейбірі ант қабылдамай жатып өз-өзіне қол салып, құлап жазым болып жатады. Өкініштісі сол. Сонда мұндай тосын жайттарға айыпты кім? Нақты жауап беретіндер неге табылмайды? Неге жыл сайын Отан алдындағы міндетін өтеуге барған жастардың арасында үйіне табытпен қайтатындар жиіледі? Толғандырар сұрақтар өте көп, ал жауаптар мардымсыз...

Құзырлы органдар бұл сұрақтың барлығын жауапсыз қалдырып, неге олай болғаны белгісіз деген жауаппен ғана шектеледі. Сонда өз әскерімізді даярлауда мұндай олқылықтарға жол берсек, Отанды кім қорғайды?! Қазақ-қазаққа жау болып, бірімізді-біріміз ұрыпсоқсақ, қиянат жасасақ, сырттағы жау бізге қорғаныш бола ма?! Неге біз мұндай бассыздыққа жол беріп отырмыз?! Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаттары мен жұрт-шылық өкілдері әскерде әлімжеттік әлі жойылған жоқ деген пікір білдіргенімен, Қорғаныс министрлігінің басшылары мен әскери мамандар ондай сынмен келіспейтінін айтып, өз уәждерін ортаға салып жүр. Ал «Әскерде әлімжеттік бар ма?» деген сұраққа нақты жауап алу үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет.

Әскерден оралған жігіттер мен мерзімді әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздар арасында осы тақырыпта жабық сауалнама жүргізілсе, біраз шындықтың беті ашылар еді. Білікті психолог Мира Өскембаеваның айтуынша, әскердегі оқыс жайттарға бірнеше факторлар әсер етіп отырған көрінеді. Ол әрине, бірінші кезекте сарбаздың ортаға бейімделе алмауы, екіншіден, психологиялық қысым, үшіншіден, отбасына немесе өзінің жеке басына қатысты проблемаларының болуы екенін айтады.

Сондай-ақ психолог өз сөзінде әскерге баратын бала алдын ала психологиялық дайындықтан өтіп, әскердің ішкі талабына сай болып, бірінші кезекте ер мінезді қасиетке ие болу керегін жеткізді. Иә. Бұрын әкелеріміздің кезінде әскерге бару абырой саналатын. Әкемнің айтуынша, ол жылдары әскерге бармай қалудың өзі бір ұят екен. Олар шет елде әскери борыштарын өтеді. Ал қазіргі жастар өз елімізде болса да әскерге барудан қашады. Әлде әскерде бұрынғыдай жүйе де, тәртіп те жоқ па? Қалай ойлайсыз?

Кейде жастарымыз әскерден неге қашады деп бас қатыратынымыз бар. Осындай жайттар да әскерге барғысы келетін жастардың жүрегін ұшыратыны рас. Әрине, әр сарбаздың ерік-жігері мықты болып, қиындыққа шыдай білуі керек. Дегенмен де сарбаздардың қазасы жиілеп кеткенін ескерсек, шынында әскеріміздің жүйесінде бір кілтипан бар сияқты.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ