Барлық кемшіліктерді 1 қазанға дейін жою керек
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды.
Облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Қанатбек Мәдібектің айтуынша, өңірде 9 жылу энергетика кешені және 616 автономды қазандық бар. Олар 1767 әлеуметтік нысан мен 1715 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Биылғы жылыту маусымына 17,4 миллиард теңге бөлінді. Облысқа 34305 тонна әлеуметтік мазут қарастырылған. Тараз қаласында жалпы ұзындығы 4,65 шақырымды құрайтын М-1, М-3 магистралдары мен «Ұлы дала» шағынауданының жылу желілерін жаңғырту жобалары жүзеге асырылды. Сонымен бірге Жаңатас (0,9 шқ), Қаратау (5,2 шқ), Шу (2 шқ) қалаларындағы желілерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде 12,7 шақырым жылу жүйесі ауыстырылып, тозу деңгейі 53 пайызға төмендемек.
Жылыту маусымында тұрғындарға 134,9 мың тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге дейін соның 43,5 мың тоннасы (32,2 пайыз) жеткізілді. Теміржол тұйықтарында 8,7 мың тонна көмір қоры бар. Автономды қазандықтарға қажетті қатты отынның 76,3 пайызы немесе 42,9 мың тоннасы сатып алынған (жоспар – 56,2 мың тонна).
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын қажет ететінін атап өтті.
Басқосуда әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға әзірлігіне жүргізілген зерделеудің нәтижелері таныстырылды.
Штаб отырысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, сондайақ кәсіпорын басшылары баяндама жасады. Кеңес қорытындысында білім беру мекемелеріне көмірді дер кезінде жеткізу, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына толық әзірлеу, халықты қажетті қатты отын көлемімен қамту және өзге де маңызды міндеттер жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.