Жаңалықтар

Бақылау болмаса нәтиже де болмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылдың сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынды. Іс-шара елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда аталған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, қалыпты экологиялық болашақтың негізі қалануда. Мәселен, біздің өңірде мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары аясында бас-аяғы 47 іс-шара іске асырылуда.

Әйтсе де, аталған жоспарға сәйкес, халық көп жиналатын орындарда биыл жоспарланған екі экобокс пен қос фандомат орнату жұмыстары әлі күнге басталмаған.

Бұдан бөлек Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жүйе сін енгізу бойынша жұмыстар ұйымдастырылмаған.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте кеңінен айтылды. Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі күнге «Таза Қазақстан» акциясына 109,4 мың адам және 1,8 мың кәсіпорындар мен мекемелер қатысқан.

Ал іс-шара аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіштер, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 мың шақырым көше жолдары, 858,8 шақырым арық жүйелері және каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары тазаланып, 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылған.

Сондай-ақ спикер облыс аумағында «Жасыл белдеу» құру бойынша 2025 жылғы жоспардың орындалуына, «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» іс-шараларына зерделеу жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. Оның сөзінше, көшеттердің өсіп-өнуін ескере отырып, биыл 234 мың тал ағашын отырғызу көзделген. Көктем айында 128,3 мың көшет егілсе, қалған 105,7 мың көшетті егу күзге жоспарланған.

Алайда бүгінгі таңда Шу ауданы 37 мың көшеттің тек бір мың данасын ғана, Т.Рысқұлов ауданы 20 мың көшеттің 10 мың данасын ғана отырғыза алатындығын хабарлауда. Дәл осы себепті жыл соңында «Жасыл белдеу» жоспарының толық орындалмау қаупі туындауда.

Айта кетейік, жиында зерделеу кезінде бірқатар кемшіліктер анықталғаны да белгілі болды. Нақтылай түссек, елді мекендердің аумақтарында, жол бойларында, шағын кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің маңында кездейсоқ күл-қоқыстар жиналғандығы, бей-берекет шашылғандығы, арық жүйелерінің тазаланбауы, жол бойындағы бордюрлер мен жол белгілерінің ретке келтірілмеуі орын алған.

Тараз қаласында Сүлейменов, Жандарбеков, Т.Шонаұлы, Жолбарыс хан көшелерінде, Құмшағал-Казарма жолында, №54 мектеп маңында, Төңкеріс массивінде, №7 түрме жанында және «Класс» кафесінің маңы кездейсоқ күл-қоқыстарының шашылып жату фактілері анықталған. Сонымен қатар Қордай ауданында Қордай, Бетқайнар және Сарыбұлақ ауылдарының маңында кездейсоқ күл-қоқыстар орындары жойылмаған. Ал Мойынқұм ауданында Мойынқұм, Жамбыл, Бірлік пен Айдарлы ауылдарында кездейсоқ қоқыс орындары анықталған. Сол секілді Талас ауданында Қаратау қаласы, Көктөбе, Қожағаппар, Майтөбе мен Тамды ауылдарында дәл осындай жағдайлар қайталанған.

Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы кемшіліктерді жою бойынша аудан әкімдері мен Тараз қаласының әкімінен жеке-жеке жауап алды. Өз кезегінде әкімдер «Таза Қазақстан» акциясын мүлтіксіз орындауға коммуналдық қызметкерлердің жетіспеушілігі себеп болып отырғанын алға тартты.

Десе де, облыс әкімі «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысын сынға алып, жауаптыларға нақты тапсырма берді. Өңір басшысы әрбір туындаған мәселе басшылық тарапынан тікелей бақылауға алынбаса, нәтижеге қол жеткізе алмайтынын баса айтты.

 

Есен ӨТЕУЛІ