Жаңалықтар

Өнер – ұлттың жүрек үні

Қала күні қарсаңында Тараз қаласы Жібек жолы ауданына қарасты «Құмшағал» тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және зиялы қауым қатысты.

ҚҰМШАҒАЛ АЛАБЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

 

Соңғы жылдары бұл алаптың әлеуеті артып келеді. Соның қатарында әлеуметтік мәдени нысандардың бой көтеруі – тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өнерге қанат қаққан жастардың талабын шыңдау, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып және мәдениетімізді ұрпақтанұрпаққа жеткізуде игілікті орта болмақ. Мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйледі.

Бұдан соң сөз алған «Құмшағал» тұрғын алабының ақсақалы Рахманбек Устаев алабта тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ нысанның құрылыс жұмысын жүргізген «Әль Мансур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мамбет Сағымбеков мәдениет үйінің кілтін салтанатты түрде Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға тапсырды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ауыл ақсақалы Рахманбек Устаев жаңа нысанның лентасын қиып, айтыскер ақын, облыстық, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Нұрлыбек Құрманов жырдан шашу шашты. Жиналған көпшілік жаңа нысанды аралап көрді. Мәдениет үйінің көрермен залының сыйымдылығы 140 орынға арналған. Аумағы 430 шаршы метрді құрайды. Мұнда барлық жағдай жасалған, хореография залы, балаларға арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, гардероб, қызметкерлерге арналған бөлмелер орналасқан.

Дарынды, талантты жастарды қолдауға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл ғимаратта 12 орындық оқу залы мен кітапхана бар, кітап сақтауға арналған сөрелер, қойма бөлмесі қарастырылған.

 

Ерман ӘБДИЕВ