198 бейберекет қоқыс үйіндісі анықталды
«World Clean Up Day» халықаралық акциясы – бұл табиғи жерлер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстардан тазарту үшін біріктірілетін күш. Атаулы шара қоршаған ортаны таза етудің жолы ғана емес, сонымен қатар табиғатқа қамқорлық пен экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығын көрсететін бастама.
Қазақстан мемлекеті де бұл әлемдік бастамадан тыс қалмайды. Сондықтан жыл сайын акцияға белсенді түрде қатысып келеді. Биыл «World Clean Up Day» акциясы 20 қыркүйекке жоспарланып, Жамбыл облысы аумағында сенбілік өткізу шеңберінде жүргізілді.
Жамбыл облысы бойынша экология департаменті Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.
Аталған акцияға облыс әкімдігінің басқармалары, аумақтық инспекциялар, кәсіпорындар, экоактивистер, қоғамды құйымдар, студенттер, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысып, іс-шарада белсенділік танытып, қоршаған орта тазалығы үшін өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ Департаментпен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ АҚның мониторинг түсірілімі бойынша облыс аумағында барлығы 198 (Тараз – 28, Шу – 48, Жамбыл – 39, Жуалы – 3, Мойынқұм – 3, Талас – 36, Қордай – 41) бейберекет қоқыс үйіндісі анықталды.
Осыған орай, Департамент тарапынан Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 344-бабының 3 тармағымен 21 ауылдық округіне әкімшілік іс қозғалып, әр ауылдық округ аппаратына 196600 теңге, жалпы соммасы 3961490 теңге айыппұл салынып, бүгінгі күні толығымен өндірілді.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен қоқыс үйінділерінің жою графигі құрылып, тазарту жұмыстары жалғасуда.
Aq jol-Aqparat.