Спорт және туризм

Жарық жөндеушілердің бағы жанды

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» жобасы аясында «Еңбек жолы» атты Тараз қалалық спартакиадасы спорттың 6 түрі бойынша өтті. Іс-шараны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Президент әрдайым айтып жүргеніндей, спорт – денсаулық кепілі. Біздің шаһарда да әр тұрғынның сергек, шымыр болғаны маңызды. Оның ішінде еңбек адамдарының алатын орны ерекше. «Жұмысшы мамандықтары жылы» жобасын қызу қолдай отырып, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков осы спартакиадаға да ерекше көңіл бөліп отыр», – деді ол.

Жарысқа жүзу, секірмекпен секіру, арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру, дартс түрлерінен 150 үміткер қатысып, жеңімпаз ұжымдарды анықтады.

Спартакиада сәттері тартысқа толы болды. Ұжымдар бір-біріне есе жібергісі келмеді. Дегенмен, әр жарыста жүзден жүйрігі іріктелетіні белгілі. Жалпы командалық есепте «Жамбыл Электр Желілері» мекемесінің командасы бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Жүлделі екінші орынға «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ие болса, үздік үштікті «Қазақ Газ Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалының командасы түйіндеді.

Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубок, диплом, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы