Дәлдікті сынға салған дрондар додасы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері арасында алғаш рет дрон операторларының жарысы Тараз қаласында өтті. Оған ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, соның ішінде FPV-дрондарды сәтті игерген әскери қызметшілер қатысты.
Дрондарды пайдалану қазіргі сынқатерге толы майдан алаңында өте маңызды болып саналады. Бұл бағыттың сұранысқа ие болғаны соншалық, бүгінде оларсыз бірде-бір күрделі ұрыс жүргізілмейді. Олардың мүмкіндіктері қазірдің өзінде ойын ережесін өзгертуде. Әсіресе барлау жүргізуде, жоғары дәлдікпен оқ атқылауда және жүктерді шұғыл жеткізуде басымдыққа ие болуда. Жарыс барысында дрондардың нағыз шайқасы өтті.
Дрон операторлары ең күрделі тапсырмаларды орындау дәлдігімен жарысты. Операторлар үшін дронды басқару жеткіліксіз. Мысалы, олар жылдамдықпен келе жатқан дронды жерден төмен түсіріп, күрт оңға немесе солға бұрып әкете алулары тиіс, сонымен бірге кішкене саңылаудан ұшып өтіп, нақты кескінді командалық пунктке бере алулары қажет.
Сайыстағы негізгі сынақтардың бірі гранаталарды дрондармен лақтыру болды. Операторлардың міндеттеріне он метрден астам биіктіктен диаметрі шағын нысанаға дәл тигізу кірді. Нысана ретінде жауынгерлік машинаның ашық люгі қарастырылды. Мұнда әскери қызметшілерден зергерлік ыждақат, салқынқандылық және ұшқыштық шеберлік талап етілді.
Бір жыл бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ұшқышсыз авиациялық жүйелер қызметі құрылды. Оның жұмысын заманауи барлау, соққы жүйелерін басқару және қолдану саласының маманы, подполковник Роман Қожахметов басқарды. Оның міндетіне өзі басшылық жасайтын қызметке бағынатын барлық бөлімшелердің күнделікті жұмысына дрондарды белсенді енгізу кіреді. Аталған бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтиже беруде.
Айта кету керек, Қазақстанның Құрлық әскерлерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарының ішінде оңтүстіктер мұндай жарыстарды бірінші болып өткізді. Кейін осы табысты тәжірибенің дәстүрге айналып, барлық өңірлерді қамти отырып, болашақта Қарулы Күштер шеңберінде өткізілетіндей болатындығына сенім бар.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ