Техникаға әуестігі бала кезден басталған
Қала тұрғындарының дені көпқабатты тұрғын үйлерде тұрғандықтан, сенбі-жексенбі күндері санитарлықтехникалық ақау шығып жатса кімге хабарласарын білмей әлек болары анық. Ондайда хабарландырулар арқылы мамандар шақырып та жатады. Алайда, жұмыс сапалы болмай кейіген тұрғындардың талабының соңы шағыммен аяқталып жатады. Әрине, осындай сәттерде өз ісінің шебері, кәсіби маманның болғаны қандай жақсы. Ал, біздің кейіпкеріміз – Жамбыл Рүстембекұлы өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын қарапайым жұмысшы.
Ол бүгінде «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамында 4 санатты слесарь болып еңбек етеді. Әріптестерінің ортасында сыйлы, құрметті, жұмысын білетін маман.
Қалаға алғаш келгенде Гипс зауытында лента қараушы болып еңбек еткен ол кейін №51 цехқа ауысыпты. Бұдан кейін, «Қазпошта» АҚ-ы Жамбыл филиалының Тараз қалалық бөлімшесінде автослесарь, содан соң «Таразтрансэнерго» кәсіпорнында 13 жыл еңбек еткен.
Бүгінде қалаға жылу мен ыстық су беретін «Таразэнергоорталық» кәсіпорнында еңбек етеді. Бұған дейін кәсіпорын басшылығы тарапынан бірнеше рет Құрмет грамотасы мен Алғыс хат алған Жамбыл Рүстембекұлы отбасында жақсы жар, үлгілі әке. Жұбайы – Фарида үйде бала тәрбиесінде.
Иә, қарапайым жұмысшының өмірлік ұстанымы осы. Ол атаққа құмар болмай, күнделікті күйбең тірліктің түйінін тарқатып жүріп-ақ, осындай беделге ие болған жан. Қарапайым еңбек адамы. Аз уақыт пікірлессек те, Жамбыл Рүстембекұлының өмірлік тәжірибесінен көп нәрсені түйдім. Кезекті ауысымына асыққан Жамбыл да құрал-саймандарын түгендеп, жұмысына кетті.
Ерман ӘБДИЕВ