Әлеумет

Цифрлық теңге: Қаржы нарығына жаңа қадам

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрлық теңгенің ұлттық экономиканы цифрландырудағы маңыздылығын атап өтіп, оның толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдетуді тапсырды.

Ел Президенті өз сөзінде:

Осы ретте цифрлық теңгенің артықшылықтарына аз-кем тоқталып өтсек. Цифрлық теңге – Ұлттық банк шығаратын, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаға қосымша ретінде енгізілетін жаңа төлем құралы. Оның басты ерекшелігі – ақшаның қозғалысы толық цифрлық форматта қадағаланады. Президент бұл жобаны республикалық және жергілікті бюджеттерде, сондай-ақ ұлттық холдингтердің қаржысын басқаруда қолдануды міндеттеді.

Сонымен қатар, цифрлық активтердің әлеуетін пайдалана отырып, арнайы мемлекеттік қор құру ұсынылды. Бұл қор экономиканы әртараптандыруға және инновациялық жобаларды қаржыландыруға жол ашуы тиіс.

Ұлттық банк:

«Еліміз цифрлық теңгені айналымға енгізуге дайын»

Жыл басында Ұлттық банк цифрлық теңге платформасын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отырғанын, оны кейіннен қатысушылар саны шектеулі нақты жағдайларда тестілеу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Ұлттық банктің цифрлық теңгенің функционалдығы бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны, дайындықтың соңғы үшінші кезеңіне өткені апта басында белгілі болды. Ендігі өзгерістер ішкі нарықтағы финтех компанияларының беталысына, олардың екінші деңгейлі банктермен интеграциялануына қарап анықталады.

«Ішкі нарықтағы банктердің банктердегі цифрлану деңгейі – шамамен 100 пайыз. Халықаралық тәжірибеде 90 пайыздық көрсеткіш қана ЦТ-ны (Цифрлық теңге) үшінші төлем түрі ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Демек, біздің банктер ЦТны айналымға енгізуге дайын. Цифрлық теңге жыл соңына дейін кейбір отандастарымызға қолжетімді болуы, әлеуметтік жеңілдіктердің біразы ЦТ-мен берілуі мүмкін.

Ұлттық банктің мамандары цифрлық валюта идеясының жаңашылдығына қарай цифрлық теңге платформасына байланысты бірқатар жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді. Бұған дейін арнайы жол картасы әзірленді. Ол қолмақол ақшамен де, қолма-қолсыз төлемдермен де қатар жүретін ұлттық валютаның үшінші түрі болмақ.

Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жүйеге 7 қаржы ұйымы қосылған: ірі екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта», сондай-ақ мемлекеттік төлемдер мен шоттарды жүргізуге жауапты Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті.

Бұл ұйымдар цифрлық теңгені түрлі салаларға енгізу арқылы ұлттық қаржы жүйесінің жаңа бағытын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Тың бастама тыңғылықты дайындықтан өткен

Бұл бағытта бүгінде бірқатар пилоттық жобалар іске қосылды. Жол құрылысы саласында қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланды. Фермерлерді қолдау кезінде қаржы тек мал мен техника сатып алуға бағытталды. Салық төлемдерінде есептілік жеңілдетілді. Ұлттық қор қаражаты есебінен инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылды. Ұлттық банктің дерегінше, сынақ барысында шамамен 270 миллиард цифрлық теңге айналымға шығарылды. Бұл қаражат толық бақылауда болып, тек мақсатты түрде жұмсалды.

2024 жылдан бастап мемлекеттік қаржы жобалары «таңбаланған» цифрлық теңге арқылы жүзеге асырыла бастады. Мұндай тәсіл қаржыны тиімді жұмсауға, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге жол ашты. Елімізде қазір цифрлық теңгені тестілеуге қатысатын банктердің тізімі нақтыланып жатыр. Ұлттық банк «Цифрлық теңге» қанатқақты жобасын жүзеге асыруға 2021 жылдан бастап кірісті. Сол жылғы жобаның негізгі мақсаты цифрлық теңге тұжырымдамасының өміршеңдігін тексеруге бағытталды. Жоба қорытындысында цифрлық теңге тұжырымдамасының технологиялық жүзеге асу мүмкіндігі зерделенді.

2022 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің салдары мен тиімділігін зерттеуді жалғастырды. Қаржы нарығының қатысушылары Digital Tenge Hub бірлескен платформасын іске қосты. Мұнда барлық мүдделі тарап ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселесін талқылап, зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Биыл Ұлттық банк қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесе отырып, цифрлық теңге индустриялық платформасының бірінші кезеңін нақты тұтынушылармен, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ашық бағдарламалау интерфейстері (Open API) стандарттарын енгізу және ашық банктік платформаны (Open Banking) пайдалану бойынша қанатқақты жобаны сынақтан өткізу жоспарда тұр. Ашық банкингті енгізу қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз етеді, экожүйелер арасындағы жүйеаралық өзара іс-қимылды оңтайландырады және инновациялардың дамуына нұқсан келтірмей, жеке деректер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

2022 жылы Ұлттық банк іске қосқан жедел төлем жүйесі мен банкаралық төлем карточкалары жүйесі биыл кеңейтілді. Төлем жүйелерін одан әрі дамыту Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, бизнеске қатысушылардың шығындарын азайтады деген үміт бар. Ұлттық банк цифрлық теңгені 2025 жылдың соңына дейін үш кезеңмен енгізбек. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа цифрлық технологиялар, криптоэкожүйе саласындағы жетекші «ойыншы» болуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте цифрлық теңге Қазақстанның болашақ қаржы жүйесінің негізгі элементіне айналуы мүмкін. Ұлттық банк дерегінше, «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» сияқты құбылыстардың кең таралуына байланысты цифрлық теңге цифрлық активтердің осы класына қате жатқызылуы мүмкін екенін ашық айтып отыр.

Сырт көзге ұқсас деп қабылданатын технологиялық тәсілдерге қарамастан, «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» ақшаның барлық функциясын тұрақты орындауды қамтамасыз ете алмайды, ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы ретінде пайдаланылмайды.

Әлемдік тәжірибеде қалай?

Әлемнің көптеген орталық банктері цифрлық валютаны әртүрлі мақсатта дамытып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, оның басты артықшылықтары – қаржылық қызметке қолы жетпеген азаматтарға жаңа мүмкіндік ашу, төлем нарығында бәсекелестікті күшейтіп, қызмет сапасын арттыру, ақша аударымдарын жылдам әрі арзан ету. Сонымен қатар, мұндай валюта қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекетке ақша-несие және салық-бюджет саясатын тиімді жүргізуге көмектеседі. Осы жылдың шілде айының соңында Ресейде цифрлық рубльді енгізу туралы заңға қол қойылды.

Өткен жылы Қырғызстанның Ұлттық банкі Digital Som жобасының іске қосылғанын хабарлады. Украинада цифрлық гривенді сынау жалғасуда. 2021 жылы Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) 65 елдің орталық банктері арасында сауалдама жүргізді. Сауалдамаға қатысқан орталық банктердің 86 пайызы ұлттық цифрлық валюталарды енгізу мүмкіндігін зерттегені белгілі болды. 60 пайызы технологиялық тәжірибе сатысында болса, 14 пайызы қанатқақты жобаларды жүзеге асыруда.

Әртүрлі елдер цифрлық валюталарды енгізу кезінде әртүрлі мақсаттарды көздейді. Мысалы, Ресейдің орталық банкі басқа мақсаттармен қатар қолма-қол рубль айналымының төмендеуін көрсетеді. Ал Багам аралдары мен Шығыс Кариб бассейнінің орталық банктері төлемдердің тиімділігі мен қаржылық инклюзияны басым мақсаттар ретінде белгілейді. Ал Қытайда цифрлық юань 2022 жылы толық айналымға енді. 2022 жылдың аяғында ол елдегі цифрлық ақшаның көлемі 13,6 миллиард юанды (шамамен 2 миллиард доллар) құрады. Ал 2023 жылдың мамыр айынан бастап Чаншу муниципалитетінің мемлекеттік қызметкерлері жалақыны цифрлық юаньмен ала бастады.

Қытайдың цифрлық юані (e-CNY) – әлемдегі ең ірі пилоттық жоба. Оның көлемі 7 триллион юаньға жетіп, білім беру, денсаулық сақтау, туризм сияқты салаларды қамтып отыр. Үндістанның цифрлық рупиясы да тез дамуда: 2025 жылғы наурызда оның көлемі 10,16 миллиард (122 миллион доллар) болып, бір жылда 334 пайызға өскен. Еуропалық орталық банк 2023 жылы цифрлық еуроға дайындық кезеңін бастаған. Ал АҚШ-та 2025 жылы Дональд Трамптың жарлығымен ОБЦВ әзірлеуге ресми түрде тыйым салынды. Бұл – әзірге мұндай қадамға барған жалғыз мемлекет.

Atlantic Council сараптамалық орталығының дерегінше, 2025 жылғы шілде айында әлем бойынша 137 ел мен валюталық одақ ОБЦВ (Орталық банктердің цифрлық валюталары) жобасына әртүрлі деңгейде қатысып отыр. Бұл – жаһандық ЖІӨ-нің 98 пайызын қамтиды. Ал 2020 жылы мұндай елдер саны небәрі 35 қана еді. Қазірдің өзінде 72 мемлекет зерттеу, пилоттық жоба немесе толық енгізу кезеңінде тұр.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанның цифрлық теңгеге ден қоюы жаһандық қаржы нарығының даму қарқынымен үндес келеді. Алайда әр елде цифрлық валютаны енгізу өзіне тән экономикалық және құқықтық ерекшеліктерге байланысты жүзеге асырылып жатыр.

Басты мақсат – көлеңкелі экономикамен күрес

Ұлттық банк қаржы нарығы ЦТ-ны айналымға енгізуге дайын деп отыр. Кейінгі бірер жылда қолмақол ақшасыз төлемдердің деңгейі өсті, ұлттық төлем жүйесі де дамып келеді. Демек цифрлық теңге төтенше жағдайларда ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деген үміт бар.

Ұлттық банк таратқан ақпаратта цифрлық теңгеге қатысты пайда және тәуекел мүмкіндігі, оның еліміздің ақшакредит саясаты мен қаржы тұрақтылығына ықпалы және ұлттық төлем жүйесі мен оған қатысушыларға әсері жан-жақты зерттеліп жатқаны айтылған. Сарапшылардың басым көпшілігі оның транзакцияларының ашықтығына назар аударып отыр.

Ресейлік экономист Яков Миркин еліміздегі өзгеріске қатысты цифрлық банкноттың қозғалысы оның қайда аударылғаны, тіпті қашан төленгені де мемлекеттің назарында болатындығын атап өткен болатын.

Қазақстандық қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, айналамыздағы құбылыстың барлығы, оның ішінде ақшаның виртуалданған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Банктердің мобильді қосымшалары қолмақол ақшаны ауыстырды. Онлайн төлемдер өмірімізге енді.

Миллиондаған және миллиардтаған транзакцияларды бақылап отыру техникалық жағынан мүмкін болса да ешкімге керек емес. Технологияның мүмкіндігі әртараптандырылған сайын мемлекет бақылаудың, реттеудің тетіктерін өзі табады. ЦТ – қатып қалған көзқарасқа бағынбайтын, жаңа және өте икемді құрал. Оның кем-кетігі, проблемалық тұстары уақыт өте келе байқалады.

Сарапшының айтуынша, цифрлық ақшаның көмегімен инфляцияны төмендету және оның деңгейін бақылау үшін ақша-несие саясатын жүргізу бұрынғыдан да оңай болады, банкноттарды басып шығаруға, банкоматтарға қызмет көрсетуге және дәстүрлі ақша нысанын шығару мен айналысқа қатысты басқа да операцияларға жұмсалған мемлекеттік қаражатты үнемдейді. ЦТ айналымға енгеннен соң халық өз қаражатын үш қаржылық актив – қолма-қол ақша, коммерциялық банктердегі шоттар және цифрлық валюта арасында қайта бөлуі ықтимал. Депозит пен цифрлық валюта арасында қаржы институтының балансының өзгеруі банк өтімділігінің мөлшеріне әсер етеді.

Бұл үрдіс несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауына әкелуі де мүмкін. Ұлттық банк осы операциялардың қозғалысын бақылап отыру тетіктерін қолданысқа енгізу қажет. Жалпы алғанда, цифрлық теңгенің енгізілуі – Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Ол мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, халыққа әлеуметтік төлемдерді әділ жеткізуге мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай жобалардың табысты болуы үшін ең бастысы – қауіпсіздік пен азаматтардың сенімін қамтамасыз ету.

 

Нұрболат АМАНБЕК