Аймақ

Агросала көкжиегі ғылымда

Облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде осы оқу орнының және Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының ұйымдастыруымен «ҚазАӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен» бірлескен көшпелі сессиясы өтті. Онда республикаға белгілі және жергілікті ғалымдар «Аграрлық ғылымды дамыту: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өзекті мәселелерді талқылады.

Жамбыл облысы – агросаланың дамуына өте тиімді аймақ. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, аграрлық ғылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы орайда Таразда өтетін сессия еліміздегі аграрлық ғылымды жаңа деңгейге көтеруге, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді ұйымдастыруға және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге бағытталды.

Сессия жұмысын ашқан ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тілектес Есполов еліміздің жетекші ғалымдары бас қосқан осындай ауқымды жиынның көне шаһар Тараз төрінде өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің негізін қалаған, бірінші ректор, құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа да алғысын білдірді.

Сондай-ақ академик жердің стратегиялық ресурстарының игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керектігін де атап өтті. Бүгінде БҰҰ деректері бойынша дүние жүзінде 2 миллиард гектардан астам жер қазірдің өзінде деградацияға ұшыраған. Қазақстан осы процесте осал елдің бірі болып табылады.

Еліміздің аумақтың 60 пайызға жуығы әртүрлі дәрежеде шөлейттенуде. Бұл әсіресе климаттық факторлар, су тапшылығы және топырақ құнарлығының азаюы Жамбыл облысында өткір байқалады. Алайда соңғы жылдары Жамбыл облысы өзінің даму қарқыны бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарда болып, көптеген жобаларды, бастамаларды іске асырып ел экономикасына елеулі үлес қосуда.

Бүгінде өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасы жыл сайын арту үстінде. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 3,2 триллион теңгені құраған. Аймақтағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 534 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 473 миллиард теңгені құрайды. Ал өңірде 627 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі.

Айта кету керек, аймақта мал шаруашылығы да жақсы дамыған. 29 мың бас ірі қара, 3,0 миллион бас қой мен ешкі, 174 мың бас жылқы, 2,0 миллионға жуық құс бар. Өңірде жалпы жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 12181 бірлікті құраса, оның ішінде шағын кәсіпорындар – 11774. Жалпы, облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар саны 12229 екен. Сондықтан жиында ауыл шаруашылығының дамуы тікелей ғылыми ізденістер мен ғылыми негізделген технологияларды енгізу дәрежесіне тікелей байланысты екені талқыланады.

Мемлекет басшысы Жолдауында:

Бұдан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл өңірінің аграрлық әлеуеті жоғары екендігін тілге тиек етіп, бүгінгі жиын осы саладағы мәселелерді ғылыми ортаның қатысуымен шешу жолдарын ұсынатындығына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Сондайақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков:

Алқалы жиында сала мамандарының ауыл шаруашылығындағы жаңа ғылыми бағыттар, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыру, су үнемдеу технологиялары, кооперация, карбонды егіншілік, цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері бойынша баяндамалары тыңдалып, өңірлік шаруашылық өкілдерінің тәжірибелері мен ұсыныстары қамтылды.

Өңірде топырақ жамылғысының төзімділігі қандай?

Жамбыл облысының топырақ жамылғысының қазіргі жағдайы ғалымдарды да толғандырып отыр екен. Мысалы, Қазақстан өзінің аумағы мен табиғи-ресурстық әлеуетінің әртүрлілігі бойынша әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Ғалымдардың топшылауынша, еліміздің топырақ жамылғысы өзге елдердің топырақтарынан антропогендік жүктемелерге төзімділігінің төмендігімен ерекшеленеді және деградацияға, шөлейттену процесіне бейім екен. Территорияның жалпы ауданы – 272,5 миллион гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық жерлері – 213,6 миллион гектар, ауыл шаруашылығы мақсатындағысы 110,9 миллион гектарды құрайды.

Ветеринариялық қызмет: сын-қатердің алдын алу

Бүгінде Қазақстан экономикасы аграрлық секторға, әсіресе мал шаруашылығына айрықша тәуелді. Осы тұрғыда ветеринариялық қызмет стратегиялық маңызы бар міндет атқарады. Қазақстанның ветеринариялық қызметі – бұл тек жануарлар денсаулығын қорғау емес. Бұл – өндіріс тиімділігін, экспортты, азық-түлік қауіпсіздігін және ауылдың дамуын қамтамасыз ететін қуатты экономикалық құрал.

Конференцияда «Ауыл шаруашылығы жануарларының инфекциялық ауруларын алдын алу және диагностикалаудың тиімді шаралары» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтының эпизоотология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Әспет Әбутәліп ғылым мен тәжірибені ұштастыру – аграрлық сектордың әрі бүкіл елдің тұрақты экономикалық өсуінің кепілі екендігін тілге тиек етті.

Шараға қатысушылар осы күні Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Агробиологиялық, Ветеринария және мал шаруашылығы орталықтарына, Аквафермаға барып, университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты.

 

Ерман ӘБДИЕВ