Жаңалықтар

ЖИ арқылы әзірленген қазақ ертегілерінің көрсетілімі өтті

Аймақтық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект (ЖИ) арқылы қазақ ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі.

Телеөнімнің жабық көрсетіліміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және мектеп оқушылары қатысып тамашалады. ЖИ арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны – 12, ұзақтығы 20 минутты құрайды.

Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізілген. – Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.

Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Jambyl» телеарнасы 1 қарашадан 36-маусымын бастайды. Елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған бұл туындылардың көрерменге жол тартуына облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Ал олардың дыбысталуын корпорация құрамындағы «Балапан» теле арнасы көмекте сті, – деді телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаева.

Жаңа мультфильмдер оқушыларға ерекше әсер сыйлап, жас көрермендерден алғашқы бағасын алды.

Мультфильмдер топтамасы тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК