Жаңалықтар

Президент Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барды

21 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясына қатысып, жалпы дебатта сөз сөйлейді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Сапар барысында Президенттің бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөз жүргізуі, сондай-ақ трансұлттық компаниялардың өкілдерімен екіжақты және «дөңгелек үстел» форматында кездесулер ұйымдастырып, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің кеңінен таныстырылуы жоспарланған.

Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланып, Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екені айтылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді.

Мемлекет басшысы Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен өткен кездесуде америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады. Президент Educational Testing Service (ETS) компаниясының бас атқарушы директоры Амит Севакпен әңгімелесу барысында ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.

Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса те ст әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондайақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады. Президент Смитсон институтының басшылығы мен де кездесті.

Смитсон–әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылымизерттеу кешендерінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинмен әңгімелесу кезінде мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарымқатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

 

Aq jol-Aqparat.