Мәдениет

Өмірдің мазмұны – өскелең ұрпақпен құнды

Облысымызға Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өнер сапарымен келді. Бұл іс-шара облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрымен өзара байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Алғашқы күнді қонақтар Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» қойылымымен бастады.

Келесі күні қостанайлықтар әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты шығармасының желісінде көпшілік назарына спектакль ұсынды. Шығармада үлкендердің жас ұрпағына аманаты айтылып, ұрпақты сақтап қалу мәселесі оқиғаға өзек болады. Қойылымда атасы Органның рөлін Қонысбек Бекайдаров ойнаса, оның баласы Эмрайин рөлін Қуаныш Маратұлы тамаша сомдай білді. Ал Органның немересі, жас балықшы және жас ұрпақ Кириск рөлін жас актер Мадияр Ділдәбекұлы алып шықты. Мадияр Ділдәбекұлы осы Әулиеатаның тумасы екенін айта кеткен жөн.

Қойылым Кирисктің анасы (Жібек Үсенова) мен әкесі Эмрайинның ренішті әңгімесімен басталады. Бұл жерде теңіздің қауіпсіздігі, сапарға шықпау мәселесі қозғалады. Кирисктің анасы күйеуінің де, баласының да теңізге шығуына қарсы болады.

Әйел жүрегі бірдеңені сезе ме? Анасының ренішіне қарап, Кирисктің бұл сапарға барғысы келмейді. Алайда атасы Орган сапардың маңызды екенін айтады. «Бұл сапарға шығуымыз керек. Кириск те азамат болып қалды», – деп шешімді нақты айтады .

 Орган ақсақалға жолда түсіне Балық – әйел (Қымбат Әуезханова) кіреді. Екеуі бір-біріне жылы көзқарас, жүректерінің жақындығын сездіреді. Бұл сапар Орган әулеті үшін маңызды болады. Бұл әулеттің тағдыры – теңіз. Атасы Кирисктен Тарғыл төбеттің қайда екенін сұрайды. Тарғыл төбет осы әулеттің аталары қоныстанған таудың атауы. Жер танысын дегені ме, әлде баба тарихын біле берсін дегені ме, атасы Тарғыл төбетті немересінен сұраумен болады. Немересі әуелі үнсіз қалғанымен, артынан жауап бере бастайды. Жолда атасы немересін мергендікке де үйретіп, сынайды.

Кенеталдарынан ағараңдаған алып үлкен нәрсе көрінеді. «Арал! Алдымызда арал бар екен», – деп немересі Кириск қуанады. Оның қуанышы балалық еді. Ал, әлгі ағараңдағанды байқағанда атасы Органның өңі бұзылады. «Бұл арал емес балам. Ол – тұман. Қалың тұман кездесуі жақсы емес», – дейді. Сәлден соң атасы тағы сөйлейді. «Бұл не? Өлім бе сонда», –дейді. Оны немересі естіп қалып, сұрайды: «Ата, өлім дедіңіз бе?», – дейді. «Жоқ, балам. Сен солай естігенсің ғой. Сен шаршадың демал» деп жалтарады. Содан теңіздегілер тұманға іліне бастайды. Қиындық басталады. Тамақ таусылады. Су! Торсықтағы су да азаяды. Орган атасы өз торсығындағы суды немересіне ұсынады. Оның да себебі бар.

Немере ұйықтап жатқанда баласына: «Ұрпақты сақтау керек. Жағаға бірер қадам қалғанда ұрпақты сақтауға бірер жұтым су жетпей қалса қандай өкініш», – дейді. Жұтым су – арман. Жұтым су – тіршілік. Сонда бар ойы – ұрпақтың амандығы. Ақыры балам мен немерем аман қалсын деп алдымен атасы Орган өзін теңізге тастайды. Әкесі содан соң бар қалған суды баласына беріп, «Балам адам баласы сусыз да 14 күн шыдайды», – дейді. Баласы ұйықтап жатқанда ол да теңізге өзін тастайды. Бала оянып жалғыз қалғанын сезеді. «Әкем ! Әке! Мен ояу болсам, саусағымның тырнақтарынан қан аққанша сізді жібермей қорғап қалар едім», – дейді. Көп ұзамай тұман басылып, бала жағаға аман жетеді.

Үйіне де аман жетеді. Жазып жүрген әңгімесін аяқтап анасына оқуға ұсынады. Қойылым соңы жас ұрпақ Кирисктің теңізді жағалай екпінмен жүгіріп бара жатқанымен аяқталады. Бәлкім атасын іздеді, бәлкім әкесін іздеді. Оны көрерменге қалдырады.

Бұл қойылымнан жамбылдық көрермен көп әсер алғаны анық. Оны қостанайлықтарға тікесінен тік тұрып, ұзақ қошемет көрсеткенінен байқадық.

 

Есет ДОСАЛЫ