Ғылымға кеш келіп, көш бастаған ғалым
Бір жылдары облыстық «Aq jol» газетінің жанынан танымдық бағыттағы «Алтын шырақ» журналының жарық көргені белгілі. Бұл басылымды шығару сол кездегі газеттің Бас редакторы, қарымды қаламгер марқұм Мақұлбек Рысдәулет ағамыздың бастамасы болса, мазмұнын, концепциясын белгілі-жазушы, дараматург Елен Әлімжан жасады. Елаға журналдың жауапты шығарушысы ретінде басылымды бұрынғы «Білім және еңбек» сияқты балаларды кәсіптіктехникалық салаға баули отырып, оның ішінде жаратылыстану, математика және ақпараттандыру ғылымдарына қызықтыруды жөн көрді.
Өйткені, қазақы тәрбиеде баланы ғылым мен білімге машықтандыру жағының қазіргідей жаһандану дәуірінде кемшін соғатынын Елен аға ұдайы айтатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен, еліміздің түкпір-түкпірінен осы бағытта жазатын авторларды, ғалымдарды тауып, журналдың әр санында жас оқырмандарға тұщымды дүниелер ұсындық.
«Білімдінің қолында – алтын шырақ» деген тәмсіл біздің басты ұстанымымызға айналды. Бірде редакциямыздың электронды поштасына бір топ мақала жазылған хат келді. Математикадағы күрмеуі қиын есептердің оңай шығарылу жолын балалар тілінде «сөйлетіп», ғылымды ақпараттандыру ісінің жай-жапсары кеңінен талданып жазылған мақалалардың авторы – педагогика ғылымдарының докторы, физикаматематика ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ресейдің ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіндегі информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі Есен Бидайбеков екен.
Есен ағаның сол бір топ мақаласы журналдың бірнеше санының мазмұнды болып шығуына үлкен үлесін қосқан еді. Кейін журналдың жазылым мәселесі бойынша облысымыздың аудандарын аралап, көптеген білім ордаларында оқушылармен кездесу өткізгенімізде жас оқырмандарымыз Есен ағаның мақаласынан ерекше мәліметтер алып, оны өздерінің сабақ барысында пайдаланатынын қуана жеткізгені әлі есте. Есен аға журналға жолдаған әр мақаласын ыждаһаттылықпен, тың деректермен толықтырып жазатын. Сол кезде менің бойымды журналист ретінде ғалымның ғылыми жетістіктерін білуге деген ынтызарлық билеп алды. Интернетке жүгіндім.
«Қазақстан ғалымдарының библиографияларына қатысты материалдар» деген серияда ақпараттандырудың бастауында тұрған бірегей ғалым туралы материалдар мен пікірлер біршама шоғырланған екен. Есен Бидайбеков «білім мен ғылымды ақпараттандыру саласында қазақстандық мықты ғылыми мектеп қалыптастырды» делініпті онда. Содан әрі оның ғылыми еңбектерінің тізімін беріпті. Жүз беттен асып кететін ол еңбектерді жалпы сипаттар болсақ, Есен Бидайбеков информатика және білімді ақпараттандырудың барлық мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын жасап, оқу үдерісіне енгізіпті.
Жоғары оқу орындарын былай қойғанда «Информатика және есептеуіш техника негіздері» мектеп курсының мазмұны мен оқыту әдістемесін қалыптастыруға да тікелей атсалысыпты. Сондай-ақ, Қазақстанда «Информатика және компьютерлендіру менеджері», «информатика және ағылшын тілі», «информатика және экономика», «информатика және ақпаратты қорғау» сияқты жаңа мамандықтар даярлауға да бастаушы болған екен. Әрине, ол кісі жалғыз емес еді. Қасында күшті командасы қалыптасқан. Ол осы жылдарда 11 ғылым докторын, 40-тан астам кандидатын даярлапты. Солардың біразы қасында, ал кейбірі осы кафедрадан өсіп-өніп еліміздің, ТМД елдерінің, оның ішінде Мәскеудің де көптеген жоғары оқу орнында жұмыс істеп, министр, ректор болып жүргендері де бар. Ол өзі Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шет елдердің педагогикалық университеттеріне барып лекциялар оқып, баяндамалар жасап та қайтады екен. Солардың қатарында Ресей, Түркия, Польша, Украина, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан бар.
Айтпақшы, ғалым соңғы кезде Әл-Фарабидің математикалық мұралары Ауданбек Көбесов зерттеулерінде деген тақырыпқа ден қойып жүр. Мұсылман шығысы ғылымының тарихын зерттеуші белгілі фарабист Ауданбек Көбесов те осы Есен ағаның жерлесі Талас ауданының Аққұм ауылында туып-өскен біздің жамбылдық азаматтар. Кейін белгілі себептермен «Алтын шырақ» журналы жабылып қалғанымен, әлі күнге дейін Есен ағамен арамыздағы шығармашылық байланыс үзілген емес.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да Есен аға газет-журнал бетіндегі, тіпті түрлі сайттардағы танымдық тың дүниелерді қалт жібермей оқып отырады. Арасында өзіне ұнаған дүниелерді бөле қарап, жеке пікірін айтып, әсерімен бөлісіп жүретін жанашырлығы тағы бар. Енді Есен аға жайлы замандастары мен ғалымдардың естеліктеріне ден қойсақ.
Елен Әлімжан, жазушы-драматург, бала кезден досы:
– Үйіме бала кезден бергі досым Есен Бидайбеков келе қалды. «Ауылға кетіп барамын. Жетпіс бес жасқа толуыма байланысты университет халықаралық ғылыми онлайн-конференция өткізбекші. Соның алдында әруақтарға Құран оқытып, ризалығын алмақ едім», – деді ол.
Ол жетпіс жасқа толғанда да дәл осындай конференция Алматыда өткен. Оған Мәскеудің, Новосібірдің, Томбының және бірсыпыра ТМД елдерінің ғалымдары қатысқаны есімде. Шынымды айтсам сол ғалымдарды тыңдағанға дейін мен өз досымның шын бағасын білмеппін. «Ер жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер» деген мақал рас екен. Әрине, мерейтой болған соң конференция үстінде көтерме сөздер көбірек болатын шығар.
Дегенмен екі ғалымның пікірі көкейімде мықтап қалды. Оның біріншісі – Ресей Ғылым академиясының жетекші мүше-корреспонденті В.Романовтың сөзі. «Ғылымға кеш кірсе де, Есен Ықыласұлы кері есептерді шығарудың бастауында тұрды» деді өзі отызға жетпей докторлығын қорғаған жаңасібірлік ғалым. Романов оның шығарған есептерін нақтылап айтқанымен мен түсінген жоқпын. Есімде қалғаны Есен жердің магниттік өрісіне қатысты есептер шығарыпты. Соны естіп жұмыр жердің де адамдар сияқты жаны бар екен-ау деп қиялданып едім. Ал, магнит өрісі дегенің адамдардың биоөрісіне ұқсай ма қалай? Адамдардың биоөрісін зерттеу қандай қиын болса, жұмыр жердің магниттік өрісін зерттеу де сондай қиын екен. Екеуі де хакім Абай айтқандай, Жаратушының жасап қойған ғылымы. Бірақ, соның ішінде адам ақылы жете бермейтін ең құпиясы сияқты.
Міне, сол құпияны ашуға бірінші болып ұмтылыпты ғой менің сыныптас досым. Ал, ғалымның «кеш кіріссе де» деген сөзінің төркінін бірден түсіндім. Өйткені оның тікелей куәсі болып едім. Екеуміз де университетте қатар оқып, тіпті бір-біріміздің бөлмемізде жатып жүруші едік ол кезде. Сол алпысыншы жылдардың екінші жартысында қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университет механика-математика факультетінің бесінші курсының бірнеше білімгері өндірістік практикасын КСРО ҒА Сібір бөлімшесінде өткізген болатын. Есеннің практикасына атағы әлемге мәлім академик М.Лаврентьевтің өзі жетекшілік етіп, оның диплом жұмысы да осында жазылады. Есен диплом жұмысын қорғауға Алматыға оралғанда осы жұмысын одан әрі жалғастыруы үшін аспирантураға жіберуін өтінген жаңасібірліктердің хатын да қоса алып келген. Бірақ, Қазақ университеті оның орнына басқа балаларды жіберді. Ал, оны университеттің есептеу орталығында программистік жұмыста қалдырды.
Осылай үш жыл қаңтарылып барып, аспирантураға қолын әзер жеткізген еді Есен. Ал ол хатты жазғандар академик Лаврентьев пен осы Романов болатын. Сол конференцияда есімде қалған тағы бір сөзді академик М.Лапчик айтқан еді. «Есен Бидайбеков Қазақстанда білімді ақпараттандырудың бастауында тұрған ғалым», – деді ол. Менің құлағым тағы да елең ете қалды. Қай заманда болса да бір істі бірінші болып бастаған адамның бағасы артық. Оның үстіне ол бастаған ісі қоғамға ауадай қажет болып, ел игілігіне асып жатса. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің әліпбиі, Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы қазақты сауаттандыру үшін қаншалықты маңызды болғанын бұл күнде көзіқарақты жұрттың бәрі біледі және қазақтың жаңа әліпбиінің аталары ретінде қастерлеп, қадірлейді. Ал, Есен Бидайбеков және сол тақылеттес Қазақстанда білімді ақпараттандыруды бірінші болып бастаған ғалымдардың есімін кім біледі? Әзірге ешкім білмейді. Білмек түгіл, жаңа дәуірде халқының білім дәрежесін әлемдік деңгейге көтеру үшін олар да іс жүзінде сауаттандырудың жаңа әліпбиін жасағаны немесе жасап жатқаны әлі жеткілікті бағаланған жоқ. Академиктің бұл пікірі мені аздап қызартты.
Мен өзімнің келешегімнен ұялдым. Өйткені Есен ақпараттандыру ісін әлі Кеңес өкіметі тарамай тұрып, 1985 жылы-ақ бастаған болатын. Қазақтың Абай атындағы бас педагогикалық институтының жас кафедра меңгерушісі кафедрасының жұмысын сол кезде-ақ білімді ақпараттандыруға ыңғайластыра бастаған еді. Ол сол жылы білімді ақпараттандыру жөніндегі бүкілодақтық кеңестің Орталық Азия мен Қазақстан оқу орындарының ішінен сайланған жалғыз мүшесі болды. Осы пікірді айтып отырған академик М.Лапчик ол кезде сол бүкілодақтық білімді ақпараттандыру кеңесінің төрағасы екен. Енді ойлап отырсам сол жылы СОКП басшылығына келген Горбачевтің елімізде бір жарым жылда ғылыми-техникалық төңкеріс жасамақ болған бағдарламасының аясында атқарылған жұмыс екен ғой бұл.
Өз басыма мемлекеттің жаңа басшысының мұндай төңкерісті неге сүйеніп жасамақ болғаны күні бүгінге дейін түсініксіз. Ал, Есен сияқты ғалымдар сол кезде-ақ ел болашағы білімді ақпараттандыруда екенін болжап, сол бағдарламаны пайдаланып қалуға тырысқан екен ғой. «Мен енді білімді ақпараттандырумен айналысамын», – деп еді Есен сол кезде маған. «Ал, докторлығың не болады? Аяқтап қалдым деуші едің ғой», – дедім мен. «Қазір менің докторлығымнан гөрі елге ақпараттық білім беру маңызды», – деді ол.
Қали Әбдиев, профессор:
– Ғалымның алғашқы зерттеулері математикалық физиканың кері есептеріне арналғанымен, 1980 жылдардың ортасынан ол білім берудегі информатиканың теориясы мен әдістемесіне бет бұрды. Есен Бидайбеков сол жылдардан бастап жоғары оқу орындарында жаңашыл оқу бағдарламаларын ашып, информатика саласы бойынша мамандарды даярлау ісін жолға қоюмен айналысты. Мәселен, ол Абай атындағы ҚазҰПУ физика-математика факультетінде «Информатика және менеджерлік», «Информатика және ағылшын тілі», «Информатика және экономика», «Информатика және ақпараттық қауіпсіздік» сияқты жаңа екі бейінді мамандықтардың ашылуына ұйытқы болды. Сонымен бірге, ұстаздық және ғылыми ұйымдастырушылық қабілеті арқылы университетте «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелерінің халықаралық ғылыми лабораториясы», «Педагогикалық STEM-парк» сынды орталықтарды құруға мұрындық болып, оқу үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізуді тұрақты түрде жолға қойды. Есен Ықыласұлының көпқырлы еңбегінің нәтижесінде елімізде информатика бойынша мықты ғылыми-педагогикалық мектеп қалыптасты. Ол «информатика» ұғымдарын қазақша сөйлету арқылы жаратылыстану ғылымдарына ана тілінде жол ашты деуге болады.
1985-1987 жылдары Бидайбековтың тікелей қатысуымен дайындалған информатиканың алғашқы оқу бағдарламасы мен әдістемелік нұсқаулары ҚР Оқу министрлігінің келісімімен мектептерде оқытыла бастады. Сол тұстағы әріптестерінің естеліктері бойынша, жаңа пәннің маңыздылығына көз жеткізу үшін ғалым талай басшылардың есігін қағып, табалдырығын тоздырған екен. Нәтижесінде республика мектептерінде 1985-1986 оқу жылынан бастап «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәні ресми оқытылып, қазақ жастары компьютерлік сауат негіздерін өз тілінде меңгеруге мүмкіндік алды.
Бұл – Есен Бидайбековтің ұлт білімінің тарихына жазылған зор еңбегі. Оның ғылыми идеялары тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танылып, ғылыми нәтижелері АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінде мойындалды. Бүгінде 80 жастың асқарына шығып отырған Есен Ықыласұлы Бидайбеков – қазақстандық білім мен ғылымның тірі тарихы.
Такир Балықбаев, шәкірті, профессор:
– Профессор Есен Бидайбековтің ғалымдық жолы – Қазақстандағы білім беруді ақпараттандыру мен ұлттық мектепке информатика пәнін енгізу ісімен тығыз байланысты. Оның ғылымдағы сапары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде басталып, алғашқы ізденістері кері есептер мен математикалық физика саласына арналды. Ол Новосібірдегі КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімінде академик М.Лаврентьевтің ғылыми мектебінен ҚазМУ-дің 5 курс студенті ретінде, практикалық тағылымдама кезінде, 1967 жылдары нәр алды. Өзінің кандидаттық диссертациясын Сібір бөлімінің Есептеу Орталығында атақты ғалым, Ресей Ғылым академиясының академигі В.Романовтың жетекшілігімен аспирантурадан (1970-1973) өтіп, 1975 жылы қорғады. Профессор Бидайбеков жетекшілік еткен авторлар ұжымы алғаш рет қазақ тілінде информатика пәнінен оқу құралын әзірледі.
Сонымен қатар, мұғалімдерге арналған екі бөлімді информатиканы оқыту әдістемесін қамтитын оқулық жарық көрді. Бұл оқулықтар республика мектептерінде кеңінен қолданылып, пән мұғалімдерінің кәсіби дайындығына тың серпін берді. Олар пәнді терең әрі сапалы меңгертудің ұлттық ерекшеліктерге сай құралдары ретінде үлкен маңызға ие болды. Оқулық та, әдістемелік құралдар да өзінің ғылыми және әдістемелік дәлдігімен, ұлттық мазмұн мен ІТ терминдерін жүйелеуімен ерекшеленіп, еліміздегі алғашқы ұлттық ақпараттық бағыттағы басылымдардың қатарына енді.
Профессордың ғылым мен білім беру ісіндегі көпжылдық еңбегі нәтижесінде педагогикалық жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар мен пәндер ашылып, оқытушылардың кәсіби даярлығын жаңаша деңгейге көтеруге мүмкіндік туды. Оның жетекшілігімен дайындалған жүздеген диплом, ондаған кандидаттық, PhD және докторлық диссертациялар осы ғылыми мектептің нәтижесі екені сөзсіз.
Ғалымның есімі білім беру саласындағы реформалармен, соның ішінде информатиканы оқыту әдістемесі, білімді ақпараттандыру, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект негіздерін білімге енгізу сияқты өзекті бағыттармен тығыз байланысты. Ол 1998 жылы Мәскеудегі Ресей Білім академиясында докторлық диссертациясын қорғап, жетекшісі ретінде РБА корреспондент-мүшесі, профессор С.Григорьевтің қолдауын көрді. Осы ғылыми мектеппен тығыз байланыста болған академик В.Гриншкун да кандидаттық диссертациясын Бидайбековтың жетекшілігімен қорғап, докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғаған.
Ол қазіргі таңда Ресей Білім академиясының (РБА) толық мүшесі, әрі қазақ ғылымымен байланысын үзбей, оның дамуына барынша атсалысуда. Ғалым Польша, Қытай, Жапония, Чехословакия, Түркия, Америка Құрама Штаттарында ғылыми іссапарларда болып, халықаралық деңгейде педагогикалық және ғылыми байланыс орнатты.
Бүгінгі цифрлық қоғамда, білім мен ғылымның жаңа бетбұрысы кезінде Есен Ықыласұлы негізін қалаған ғылымның – информатиканы оқыту әдістемесі мен білімді ақпараттандыру саласының – ғылыми-әдістемелік, терминологиялық, технологиялық, көптеген басқа салалармен байланысты ақпараттық мектептің маңызы арта түскеніне куә болып отырмыз. Оның еңбектері – жасанды интеллект, цифрлық дидактика, ақпараттық педагогика бағытында еңбек етіп жүрген жас ғалымдар үшін темірқазық болары анық. Бұл ұлы тұлғаның тағылымы – уақытпен өлшенбейтін құндылық.
Вадим Гриншкун, Ресей білім академиясының академигі:
– Соңғы он жылдықта ақпараттандыру пәнінің жеке пән ретінде мектеп оқушыларын, студенттерді және ересектерді даярлаудың барлық деңгейлері мен бағыттарына етене еніп, жан-жақты оқытыла бастағаны белгілі. Өйткені, қазіргі қоғамды ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар ақпараттандырудың 40 жыл бұрын мектеп бағдарламасында пайда болған жалғыз жаңа пәнге айналуы да кездейсоқтық емес.
Ақпараттандыруға қатысты оқу пәндерінің мазмұны басқа пәндердің мазмұнымен салыстырғанда жанжақты және серпінді дамып келеді, сонымен қатар информатика пәнаралық ғылым мен оқу пәнінің қағидаларын берік ұстанды, өйткені информатика технологиялары – цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаларда кеңінен қолданылады. Осындай кең қолданыстағы ғылымның бастауында Есен Ықыласұлы тұр. Ол оқытумен қатар өзінің соңынан көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, ғылымға баулып, ақпарттық саланың ғылым мен білімге нықтап енуіне ерекше тер төкті. Оны бүгінде профессордың көптеген шәкірттері мақтан тұтады.
Есен Ықыласұлының ғалым және педагог ретінде ғана емес, адамдарға деген үлкен сүйіспеншілігі мен құрметі де ерекше екенін атап өтуге болады. Ол әрдайым шәкірттері мен әріптестерін өзіне жақын тартып, оларға жоғары кәсібиліктің, даналықтың және адамгершіліктің деңгейін ұдайы көрсетеді.
Академиктің мерейтойы Қазақстан ғылым және білім беру қоғамдастығы үшін маңызды оқиға деп білемін. Есен Ықыласұлын айтулы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, зор денсаулық, жаңа шығармашылық идеялар тілеймін!
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА