Денсаулық

Аймақта қант диабеті мен туберкулез аурулары азайып келеді

Басты байлық – денсаулықты қорғау әрдайым өзекті. Халықтың денсаулығын қорғау, сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыстың денсаулық сақтау саласы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы нәтижелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Биылғы 31 шілдедегі деректерге сәйкес, облыс халқының саны 1220041 адамды құрады. Оның ішінде 537489-ы – қала тұрғындары, ал ондағы 438188 адам тараздықтар болса, 682552-сі – ауыл тұрғындары. Облыста мемлекеттік секторда 37 заңды ұйым жұмыс істейді, оның ішінде екеуі мемлекеттік мекемелер, тағы екеуі шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар. Медициналық көмектің деңгейлері бойынша 19 облыстық, 7 қалалық, 11 аудандық ұйым бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірдегі дәрігерлердің саны 3458 адамға жеткен, оның ішінде 2601-і мемлекеттік секторда еңбек етеді.

Басқарма басшысының сөзінше, азаматтарға медициналық қызметтерді қолжетімді және сапалы түрде ұсынуды қамтамасыз ету және бюджеттік мүмкіндіктер мен міндеттемелерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарының, яғни D және E санаттарындағылардың МӘМС жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған.

Базалық мемлекеттік медициналық көмек көрсететін қызметтер пакетінің орнын толтырып, тиімді әрі теңдестірілген бірыңғай медициналық қызметтер пакетін қалыптастыру мақсатында уақытша қиындықтарға тап болған, табыссыз қалған азаматтар үшін жеңілдікті кезеңді ұлғайту нормасы енгізілді. Енді бес жыл ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім үш ай болатын.

Айта кетейік, облыста дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өскен. Мемлекеттік ұйымдардағы дәрігерлердің санаттылығы 29,6 пайызды құрайды, олардың 16,8 пайызы жоғары біліктілік санатына ие. Ал орта медицина қызметкерлерінің санаттылығы 32 пайызға жеткен, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Алайда, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету деңгейі әлі де төмен. Өткен жылы облыстағы өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 75,53 жасты құраған. Бұл республикалық орташа деңгейден жоғары.

Әлеуметтік маңызы бар аурулардың ішінде туберкулезбен сырқаттанушылықтың және қант диабетінің өткен жылмен салыстырғанда төмендеуі байқалған.

 

Серік ЖЕТІБАЕВ

облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері,

Тараз қалалық мәслихат депутаты.