Экономика

Таластық кәсіпкерлер тәуекел деп отыр

Топырағы құнарлы, қойнауы құтты Талас ауданында атқарылып жатқан игі істер көп. Солардың ішінде ең ауқымдысы – инвестиция тарту. Ауданға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытында елеулі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2023-2027 жылдары құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленген. Жобалар іске асырылған жағдайда 450 адам жұмыспен қамтылатын болады.

«Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын цианид натрий өндірісін ұлғайту жобасының 2 кезеңінің жүзеге асырылу мерзімі 2026 жыл болып белгіленген. Қазіргі таңда өндірісте 600 адам еңбек етуде. Ал, екінші кезеңнің жоспарлары жүзеге асқан кезде жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін цианид натрийін өндіру мүмкіндігіне қол жетеді. Бұл ретте 5 гектар жер телімі қарастылған.

Екінші кезеңнің нәтижесінде қосымша 300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар, «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 2,88 миллиард теңгені құрайтын пиросульфат натрий өндіру жобасы жылына 25 мың тонна өнім өндіруді көздейді. Жер телімі 20 гектар аумақты қамтып, 30 адам еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілгенде тұрақты жұмыспен қамтылғандар қатары 55 адамға жететін болады. «Asia NST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобасының құны 476,8 миллион теңгені құрайды. Ол жылына 300 мың тонна мрамор өндіруді көздейді. Әзірге жұмыспен қамтылатындар – 30 адам.

Толық іске қосылғанда тағы 12 адам жұмыспен қамтылмақшы. «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қаратау әктас» жауапкершілігі серіктестігінің мүшесі болып, «Жамбыл Недр» кәсіпорнының аумағында жылына қуаттылығы 400 тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас шығаратын әк өндіру зауытының құрылысын бастады. Қазіргі таңда 1,7 миллиард теңгеге құрал жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Жоба толық іске қосылғанда 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Инвестицияның жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайды. Осы кезге дейін ауыл шаруашылығын дамытумен даңқы шыққан Талас жерінің ендігі жоспарлары ауқымды. Инвестиция тарту бойынша да алдыңғы орыннан көрініп, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға бел байлап отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ.