Бостандықта бос жүрген ешкім жоқ
Талас ауданында кезінде жақсы істерімен, әсіресе қарбыз өсірумен аты шыққан Бостандық деген ауылдық округ бар. Қарбызының дәмі облыс аумағына кең танылған округтің екі елді мекенінде 308 аула, 1826 тұрғын бар екен. Бұл ауылдан елдің бірлігін, берекелі тірлігін көруге болады.
Ауыл тұрғындарының малсыз күні жоқ. Аталған округте мал санынан да өсім байқалады. Мүйізді ірі қарасы 1900-ден асса, қой мен ешкі саны 38 мыңға жуықтайды. Жылқы 2830, түйе 1310 басты құрап отыр. Жалпы 1350 гектар егістік жері бар болса, оның барлығын тиімді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылуда. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сәйкес Бостандық ауылдық округі әкімінің аппараты 5 мемлекеттік қызмет түрін көрсетуге жауапты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдық округте 3 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жоспар аясында 14 іс-шара ұйымдастырылыпты. 2025 жылға арналған жоспарда 9 іс-шара бекітіліп, 5 шара ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік бағдарламалары аясында агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. «Зерхат», «Демеш», «Мағжан» шаруа қожалықтарының жұмыстарын осыған дейін де жазған едік. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 жас маман, ақылы төлемді қоғамдық жұмысқа 18, алғашқы жұмыс орынға 2, күміс жас бойынша 9, әлеуметтік жұмысқа 17, ауыл ішіндегі жолды жөндеген мердігерге 2, шаруа қожалыққа 56, ветеренарияға 1, мәдениет 2, спорт 7, білім саласына 8 ауыл тұрғыны жұмысқа қабылданып, еңбекпен қамтылыпты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы» аясында аталған ауылдық округтегі білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық салаларында 12 жас маман жұмыс істеп жатыр.
2025 жылға Бостандық ауылдық округі әкімі аппаратында 1 бас маман алуға құжаттарын рәсімдеуде екен. 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық округке қарасты 13 көшені жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, ұсынылыпты. Қазіргі таңда 3 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін ауылдық округтен 135 ауыл тұрғыны жоспарланған, жоспар толығымен орындалыпты. «Жомарт түлек» жобасымен 2025 жылға жоспар бойынша Бостандық ауылында орналасқан 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткішке жөндеу жұмыстарының жүргізілгені – ауыл халқына қуаныш сыйлағаны анық.
Аталған ауылда туып өскен азамат, Алғабас орта мектебінің түлегі, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев 8 миллион теңгеге ауыл жастары мен оқушыларға арнап Алғабас орта мектебінің ауласынан спорт алаңын соғып беріпті. Тазалық жұмыстары 13 көшеде күнделікті, ал облыстық маңызы бар жолдарда айына 2 рет жүргізіліп келеді. Бей-берекет жатқан күлқоқыстар тазартылып, күл-қоқыс тастайтын орындар толығымен қоршалған. Ауыл ішіндегі 8 километр арық ауыл тұрғындарының ұйымдастырылуымен тазартылады. Ауыл ішіндегі қураған тал-дарақтар толығымен кесілгені ұйымшылдықтың нәтижесі.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 3 гектар алқапқа 2000 қара ағаш егілді. Ауылдық округке жауапты учаскелік полиция инспекторы Айдын Қалаубекұлы халықпен тығыз байланыста. Полиция қызметі әкімшілік ғимаратында арнайы кабинетпен және компью́тер, принтер, интернет желісі, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында Абай Құнанбаев көшесінде 3 бейне бақылау, Талапты маңындағы ауылдың кіре берісіне, көпір маңына 1 бейне бақылау камерасы орнатылған.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәт Айғараев, ауылдың бас биі Жаңабай Есімов, белсенді ақсақал Дүйсенәлі Зүнінов ауылдың тәртібі мен тәрбиесіне қатысты істерге ұйытқы болып, тұрғындарды жақсы істерге жетелеп жүр.
Әлеуметтік нысандар бойынша 2 орта мектеп, 2 балабақша, 1 спорт мектебі, 1 ауылдық дәрігерлік мед пункт, 1 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 1 пошта бөлімшесі, 1 ветеринарлық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Білім, денсаулық, мәдениет салаларының жылыту жүйесі сұйық отын (газ) мен, ауыз су, электр, интернет желісімен толықтай қамтылған. Спорт мектебінің жылу жүйесі қатты отын көмір, алдағы уақытта сұйық отын мен (газ) жылытуға құжаттарын рәсімдеуде.
Тазалығы бойынша аптасына сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Аталған ауылда спорт кешенінің құрылысы толығымен аяқталып, 2025 жылы халық игілігіне берілді. Демеуші азаматтардың жеке қаражаты есебінен «Ақбөпе», «Дания» бөбекжай бақшасы салынып, ел игілігіне берілгені де елдің ынтымағын, ауылдан шыққан белсенді азаматтардың елге жанашырлығын білдіреді.
Есет ДОСАЛЫ