Аймақ

Үш ауысымды мектебі жоқ аудан

Бүгінде мемлекеттің түрлі қолдауларының арқасында Сарысу өңірінде ілкімді істер атқарылып жатыр. Мемлекеттік саясатты сапалы іске асыруды мақсат еткен аудан әкімдігі дамудың жан жақты бағдарын жасауда. Ауданда дамудың оң динамикасы байқалып, индикаторлық көрсеткіштер толық орындалу үстінде. Аумағы кең аудан тыныстіршілігін тарқатып, әр саланы толықтай қамтып өту жөн сияқты. Жалпы ауданда халық саны – 43 220 болса, оның ішінде Жаңатас қаласында – 25 845 адам. Ауданда 9 ауылдық округ пен 1 қала бар. Ұлттық құрамды жіктейтін болсақ, қазақтар – 90, орыстар – 4,4, басқалары – 5,6 пайыз. Бұлардың барлығы бір шаңырақ астында берекенің кілтін тауып отырған жайы бар.

Жаңару мен жаңғыруға бет алған өлкеде сан түрлі салада серпіліс пен сенімді өрлеудің ісін байқаймыз. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 71 миллиард 981,5 миллион теңгеге орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,2 пайызды құрады. (2024 жылы НКИ – 85,9 пайыз). Ауылды кешенді дамытудың «Ауыл – ел бесігі» жобасы жемісті жүзеге асырылуда.

Алқаптар артығымен игерілуде

Ауыл шаруашылығы саласына ойыссақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8 миллиард 484,4 миллион теңгені құрап, НКИ 2024 жылғы қаңтар-шілде айымен салыстырғанда – 103,3 пайыз. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда оң өзгерісті көрсетеді. 2025 жылдың жер есебіне сәйкес аудандағы жалпы егістік жер көлемі 25324 гектарды құрады. 2025 жылы 24793 гектар алқапты игеру жоспарланып, ол 2024 жылмен салыстырғанда 557 гектарға артық.

Атап айтқанда: Дәнді масақты және бұршақты дақылдар 12400 гектар. Оның ішінде, 3100 гектар күздік бидай, бүгінгі күнге күздік бидай дақылы толық себілді, 8500 гектарға жаздық бидай мен арпа; 800 гектарға дәндік жүгері; 5 мың гектарға мақсары дақылы; 132 гектарға көкөніс. Оның ішінде, 13 гектар басты пияз, 145 гектарға бақша дақылдары; 1500 гектарға жаңадан көпжылдық шөптер себу. Қалған 5600 гектар алқапта алдыңғы жылдардағы көпжылдық шөптер бар. 16 гектарға картоп дақылдары орналастырылған.

Ауыл шаруашылығының басты бағытының бірі – тұқыммен қамтамасыз ету. Бұл ретте 2025 жылға себілетін 15816 гектар жаздық дақылдарды (көкөніс және бақша дақылдарын қоспағанда) орналастыруға 1724 тонна тұқым қажет етеді.

Бүгінгі күнге, қолда бар тұқым көлемі 1724 тонна немесе 100 пайыз. Қолда бар тұқымның 23,2 пайызы (400 тонна) І-репродукциялы, 22,6 пайызы (390 тонна) ІІ-репродукциялы, 91,8 пайызы (53,2 тонна) ІІІ және 0,9 пайызы (16 тонна) будан тұқымдар болып табылады. Бүгінде аталмыш салаға Үкімет аса ден қойып отыр. Түрлі техникаларды тарта отырып, ауыл шаруашылық саласының дамуын жеделдетуге болады.

Бұл орайда, 2025 жылы 28 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алу жоспарланды. Жаңару көрсеткіші 6,5 пайыз. Бүгінгі күнге 10 трактор, 18 қосалқы құрылғылар сатып алынды. Сонымен қатар 3 шаруа қожалығы («Пұсырман», «Сатыбалдиев», «Әділет-Б») 3 трактор алуға «ҚазАгроҚаржы» ұйымына құжаттарын жинақтап өткізуде.

«Кең дала» бағдарламасы аясында несие беру аясында шаруашылықтар тарапынан «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС тарапынан жалпы құны 103,1 миллион теңгеге 16 шаруашылыққа несие берді.

Инвестиция тарту қарқыны күшейді

Әр аймақтың басты қозғаушы күші – инвестициялар тарту екені айдан анық. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен еді. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда Қазақстан батыл әрі жедел шешімдер қабылдауға тиіс екенін қадап айтқан болатын.

Сарысуда бүгінде негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-шілде айларында 76 миллиард 900 миллион теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 306,4 пайызды құрады.

Соңғы жылдары ауданда құрылыс қарқын алып, бірқатар нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымның қарыштауына әсерін тигізуде. Атап айтсақ, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 16 миллиард 797,7 миллион теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 119,4 пайызды құрады. Сондай-ақ тұрғындардың басты тілегіне айналған тұрғын үй мәселесін тарқата кетсем, аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі қаңтар-шілде айларында 7580 шаршы метрді құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,9 пайызға орындалатын болады.

Тұрғын үй қоры бойынша Жаңатас қаласында 106 көпқабатты тұрғын үй (6 650 пәтер) бар, оның ішінде 2 тұрғын үй «Еврохим» ЖШС-нің теңгерімінде, 28-і коммуналдық меншікте. Кондоминиум обьектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркелген.

Қазіргі уақытта, Жаңатас қаласында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1462 азамат есепте тұр. 2025 жылға пәтер алу кезегіне тіркелген мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, бюджеттен 142,7 миллион теңгеге 10 пәтер сатып алу көзделген. Сондай-ақ Жаңатас қаласы 2 шағынаудандағы №32 үйді (90 пәтерлі) қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін 113,4 миллион теңге және аталмыш тұрғын үйге инфрақұрылым объектілерін тарту, абаттандыруға – 68,7 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. 1882,6 миллион теңге тұрғын үй алуға (120 пәтер) бөлінді. 2-ші шағын аудандағы №33 бос тұрған (60 пәтерлі) көпқабатты үйді коммуналдық меншікке алу жұмысы жүргізілуде (қазіргі уақытта 54 пәтер меншікке алынды).

Жаңадан тұрғызылатын 80 пәтерлі көпқабатты 2 үйдің жоба құны 1 миллиард 886 миллион теңгеге облыс әкімдігінің тиісті басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар аудан көлеміндегі автомобиль жолдарының жа лпы ұзындығы – 535,47 километрді құрайды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар – 281,8 шақырым, аудандық маңызы бар – 64,87 шақырым, елдімекен ішіндегі жол – 188,8 шақырым. Сонымен қатар 7 ауылда 12 көшені орта жөндеуге (8 жоба) 629,2 миллион теңге қаржы жоспарланып отыр. Ақтоғай ауылы Ш.Датқа көшесі (2,2 км) 89,7 миллион теңге; Ұ.Сыздықбайұлы ауылы Қабылұлы (0,278 км) және Ақтоғай ауылы, Ш.Датқа (3,544 км) көшелері 1 жоба 96,3 миллион теңге, Ақтоғай ауылы, Ыбраев көшесі (1,5 км) 63,3 миллион теңге, Ұ.Сыздықбайұлы ауылы Қосыбайұлы көшесі (0,872 км) 39,4 миллион теңге, Әбілдә ауылы Елімбай көшесі (0,815 км) және Майлыкөл ауылы Орталық көшесі (0,454 км) 1 жоба 44,9 миллион теңге, Үшбас ауылы Жерұйық (1,26 км) және Майбұлақ (0,75 км) көшелері 1 жоба 82,9 миллион теңге, Ә.Бүркітбаев ауылы Бірлік көшесі (2,512 км) және Арыстанды ауылы Алиев көшесі (0,641 км) 1 жоба 110,9 миллион теңге, Үшбас ауылынан «Қамыр әулиеге» баратын жол (1,202 км) және Ә.Бүркітбаев аулының көшелерін ретке келтіруге 101,8 миллион теңге бөліну жоспарланып отыр. Аталған жобалардың барлығы облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған.

Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 24 013,0 мың теңге (шұңқырларды жамау, жолақтар сызу, жол белгілерін орнату, жануарлардың бейнесін орнату және өрт қауіпсіздігін сақтау) қаралды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жеңімпаз анықталып, (мердігер «Сарысу жолдары» ЖШС) ағымдағы жөндеу жұмыстарын толық аяқтады.

Айта кететін жайт, Сарысу ауданы экономикасын арттыруда жергілікті ірі компаниялар мен инвестициялық жобалардың алар орны ерекше. Өйткені, тартылған инвестиция – өңірдің дамуына аса зор ықпал етері сөзсіз!

Ауыз сумен қамтамасыз ету үлесі жүз пайызға жетпек

Бүгінде маңызды мәселелердің бірі ауыз су мәселесі болып отыр. Бұл іс те рет-ретімен оң шешімін тауып келеді. Ауданда жалпы 25 елді мекен болса, оның ішінде бүгінгі күнге 24 елді мекен (Жаңатас қаласын қоса алғанда) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген (жалпы үлесі 96 пайызды құрайды).

2024 жылы «Жайылма және Маятас ауылдарындағы ауыз су жүйе сін қайта жаңғырту» жобасы әзірленді, сараптамадан өткізілді және энергетика басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Жоба құны 1,6 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар Саудакент елді мекенін ІІ-ші кезеңі бойынша (қалған 424 ауланы) ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді, жобаға сараптама қорытындысы алынды және энергетика басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды (жоба құны – 417,4 миллион теңге). Жоғарыда аталған жобалар бойынша аудандық басқарма тарапынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне өтінім ұсынылды. Республикалық және облыстық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұл жобалар іске асқан жағдайда, 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді ауыз сумен қамту үлесін 100 пайызға жеткізіледі екен.

40 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылады

Бүгінгі күні Сарысу ауданының 14 елді мекенін, соның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында 2 ауқымды жоба бар. Аталған жобалар іске асқан кезде, Сарысу ауданының 14 елді мекеніндегі 39 582 адам (соның ішіндегі Жаңатас қаласындағы 25,5 мың адам) табиғи газбен қамтылады.

Ауданның газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 72 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға дейін жетеді. Аудандағы қалған 6 елді мекендерге (Шығанақ, Жайлаукөл, Қамқалы, Кіші Көкдала, Үлкен Көкдала, Ақтам) орталықтандырылған газ құбырынан алшақ орналасуына және халық саны 200- ден аспайтынына байланысты, оларды табиғи газбен қамту жұмыстары кейінгі жылдарға қалып отыр. Қаратас ауылына газ құбырын салу нысанына жергілікті бюджет есебінен 39,5 миллион теңге қаралды.

Бүгінгі таңда мердігер («Тараз-Даниял и К°» ЖШС) анықталып, құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ТҮКШ,ЖКжАЖ бөлімі тарапынан қабылдап алу жұмыстары жүргізілді. Құбырлары тартылып, дайындау жұмыстары жүргізілген ауылдар мен Жаңатас қаласын газға қосу келер 2026 жылға жоспарланып отыр.

Ауданда апатты және үш ауысымды мектептер жоқ

Ауданда білім бөліміне қарасты жалпы 47 мекеме бар. Оның ішінде, 27 мектеп (22 орта, 4 негізгі, 2 гимназия, 1 лицей), 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және 1 педагогикалықпсихологиялық түзету кабинеті жұмыс істеуде. Мектептердің 17-сі типтік, 9 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Жобалық қуаттылығына сәйкес орын саны – 13 753. Мектепке орын тапшылығы жоқ. 2024-2025 оқу жылы – 9 0 2 0 оқушымен басталып, 1-сыныпқа – 885 оқушы қабылданып, оқу жылының қорытындысымен – 8 938 оқушымен аяқтады.

Биылғы 2025-2026 жаңа оқу жылына 1-сыныпқа – 764 оқушы қабылданды. Жоспар 750 оқушы. Ағымдағы жылы 2 мектепке және 1 бөбекжай бақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 588 миллион теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы есебінен 113,7 миллион теңгеге Саудакент ауылындағы Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебінің және 119,2 миллион теңгеге Игілік ауылындағы Шоқай датқа орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен 355,1 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы «Болашақ» бөбекжай бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мектепке дейінгі 11 балабақшаның 8-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік. Ал 14 шағын орталықтың 1-і жекеменшік нысанда (Д.Сенбин орта мектебі жанынан 20 балаға арналған «Айналайын» шағын орталығы ашылды).

Мектепке дейінгі мекемелерде барлығы 1880 бала тәрбиеленуде (қала – 1158, ауыл – 722). Мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 174 тәрбиеленуші мемлекеттен көмек алуда.

Мәдени нысандар жөнделуде

Ауданда мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар аз емес. Ауданда 2 мәдениет үйі (1 аудандық, 1 Саудакент ауылдық), 17 ауылдық клуб, 26 кітапхана қызмет етуде. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында жалпы мәдениет саласында барлығы – 56 мыңнан аса адам қатысқан 549 мәдени іс-шаралар өткізілді.

Халыққа қызмет көрсету мақсатында қалалық және ауылдық кітапханалардағы цифрлық ақпараттық орталықтар арқылы Е.gov. kz электрондық үкімет порталымен жыл басынан – 2 343 электрондық анықтамалар берілді. 2025 жылға Досбол ауылындағы клуб үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 21 миллион теңге қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Қабылдап алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2 клуб үйінің құрылысын жүргізу үшін 417,8 миллион теңгеге облысқа өтінім берілген (Арыстанды – 210,6 миллион теңге, Игілік – 207,2 миллион теңге). Нәтижесі күтілуде. Сонымен қатар күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ дайын 3 мәдениет нысаны бар (Тоғызкент – 169,2 миллион теңге, Жайылма – 205,3 миллион теңге, Ұ.Сыздықбайұлы – 77,3 миллион теңге).

Сан-салада серпін бар

«Бірінші байлық – денсаулық» деп бағалаған халқымыздың дана сөзіне сай денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу байқалады. Аудандағы 28 денсаулық сақтау нысанында 709 медицина қызметкері бар. Мамандандырылған барлық медициналық көмек түрлері өз деңгейінде көрсетілуде. РПН жүйесіне 37 437 адам тіркелген. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 438 нәресте дүниеге келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 нәрестеге кеміген (2024 жылы – 453 сәби).

Жалпы өлім 1000 адамға шаққанда – 133 адамды құрады (2024 жылы – 133 адам). Есепті кезеңде ана өлімі тіркелген жоқ. Ал 1 жасқа дейінгі балалар өлімі – 4 жағдай (2024 жылы – 2). Қатерлі ісікпен аурушаңдық 33 науқасты құраған (2024 жылы – 31 адам). Сонымен қатар дене шынықтыру және спорт саласында жағымды жаңалықтар аз емес.

Бүгінгі күнге ауданда 5 спорт мектебі бар, онда спорттың 19 түрінен 2564 спортшы тұрақты түрде спорт секцияларына қатысуда және олармен 83 жаттықтырушы жұмыс атқаруда. Аудан бойынша барлығы 257 спорт нысаны бар. Оның ішінде жеке меншік стадион – 1, спорт кешені – 2, спорт алаңшалары – 174, футбол алаңдары – 33, спорт залдары – 33, орнатылған спорт залдары – 14. – Қала мен ауылдарда шағын спорт алаңдары жұмыс істеп, балаларды спортқа баулып, дендерінің сау болып қалыптасуына ерекше мән беріліп келеді.

Аудандық, қалалық спорт жарыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, республикалық, тіпті Азия мемлекеттерінің спорттық турнирлеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатқан жерлестеріміз бар. Мысалы, биыл Азия чемпионатында екі қызымыз жеңімпаз-чемпион атанып, мерейімізді тасытты.

Жалпы, әр дәрежедегі спорттық жарыстарда жүлделі орындар алып, ауданымыздың атын шығарып жүрген жастарымыз аз емес. Бұдан бөлек, аудан көлемінде ішкі туризімді дамытуды қолға алып, бірнеше жоба-маршруттар жасадық. Киелі қарт Қаратау бойы тарихқа бай. Қаратаудың жотасында Көсегенің Көкжоны деген тартсаң түгі шығатын шұрайлы өңір бар. Онда кім болып, кім киелі топырағын баспаған, таудың таза саф ауасын жұтпаған, мөлдір бұлақтарынан су ішіп, әсем, көзтартар табиғатына қызықпаған десеңші?!

Ту сонау ежелгі жаугершілік замандас ақ ханшайымы Тұмар (Томирис) Персияның патшасы әрі әскери қолбасшысы Кирді және оның мыңғырған әскерін қай жерде күтіп алып, күйрете соққы береміз деген пікір-ой бөлісу үшін осы Көкжонға екі күнге қол астындағы ел жақсыларын жиып, ақылдасқан деген көне грек тарихшысы Геродоттың жазбасы бар көрінеді.

Ертедегі ту сонау тас дәуірінде бұл өңірде адамдар тіршілік еткені жайлы анау Ақтоғай ауылының маңынан табылған тастағы құнды жазулар мен суреттер және Арыстанды өзені бойындағы Ш.Уәлиханов тұрағы дәлел бола алады. Оларды зерттеген археолог-ғалымдар нешебір қызықты артефакттар (тастан, сүйектен жасаған құралдар, ошақ орындарын) тауып, олар бүгіндері шетелдік археологтарды қатты қызықтырып отыр.

Бұл аймақта қалмақ басқыншыларына тойтарыс берілгені туралы көпшілік арасында нешебір аңыз әңгімелер мен құмға көмілген ежелгі қалашықтар орны жетерлік. Қысқаша қайырсақ, бұл өңірдің әр тасы, әр бұлағы, әр шоқысы мен белесі тарихтың алтын көмбесі десек қателеспейміз, – дейді аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданның жетістіктеріне шолу жасай отырып.

Келер жылы күкірт қышқылы зауыты іске қосылады

Ауданда өнеркәсіп саласында 13 ірі кәсіпорыннан жыл сайын аудандық бюджетке 2,4 миллиард теңге салық түсіп отыр. Бұл қаржы тұтастай аудан халқының тұрмысын арттыру мен жақсартуға бағытталған. Бірер жыл бұрын басталған «Еврохим» жобасы мен 2018 жылы қол қойылған «QazaqSoda» зауыттарының қарқынды соғылып жатқаны жайлы көпшілік хабардар.

Осы жобалардың негізгі мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқанының арқасында «Еврохим» келер жылы 800 мың тонналық күкірт қышқылы зауытын іске қосады. Ал «QazaqSoda» 2027 жылы зауытты толық қуатта іске қосады. Ол әлемдегі 72 ғана кальцилендірілген сода шығаратын зауыттың бірі болмақ. Жалпы зауыт құрылысы жобаларының құны 638 миллиард теңгені құрайды. Зауыттар іске қосылған соң, 2200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар ауданның өркендеуіне ірі кәсіпорындарымыз көрсетіп отырған демеушілік қолдауларын да арнайы атап өткен орынды. «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» ТКӨК кәсіпорны «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының иелігіне ақысыз беру жолдарын қарастырып отыр. Сонымен қатар бұл кәсіпорын мамыр айында өткен Азия чемпионатына қатысушы біздің спортшыларымызға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Жалпы, 2024-2025 жылдары түрлі қайырылымдылық шараларына 5,5 миллион теңгеге демеушілік жасады. Бұған қоса, кәсіпорын ағымдағы жылы аудан тұрғындарының қажеттілігіне сай 2 су ұңғымасын қазып берді.

Сарысу ауданы мен оның орталығы Жаңатас қаласы күн өткен сайын құлпырып келе жатыр. Бір кезде қараусыз қалған қаланың бойына қан жүгіріп, еңсесі тіктелді. Байқағанымыздай, ауданның экономикасы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бұл жүйелі жұмыс пен нақты бағдардың арқасында деп білгеніміз жөн. Алға қойылған жоспарлар мен мақсаттар орындалатынына сенім мол. Сарысуда атқарылып жатқан өрелі істер аз емес.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Сарысу ауданы