Бақытжанның деген екендері...
Бірде «Ақ жол» гезеті редакциясының алдында бір топ ақын, журналистер тұр екен. Белгілі балалар ақыны Асқаржан Сәрсеков әңгіме айтып тұрып, қақалып қалыпты. Сонда журналист Рахметбек Өзбеков Асекеңнің арқасынан қағып жатып: «Олжа келе жатыр», – депті. Сөйтіп тұрғанда соларға қарай бір кісі келе жатыр екен, қара сөмкесін көтеріп. Оны алыстан танып қойған жас ақын Бақытжан Әліқұлов: «Рахметбек аға, олжа келе ме, келмей ме білмеймін. Бірақ, точно Олжабай келе жатыр», деп тұрғандарды бір күлдіріпті. (Ол кісі жазушы-журналист Олжабай Қозыкеев еді)
Бір күні Бақытжанның жақсы араласатын Дана есімді досы әрі құдашасы бір топ адамды үйіне қонаққа шақырыпты. Бәрі дастарқан басында отырса, Дананың тапсырысы және уәделескен уақыты бойынша кешкі сағат жетілер шамасында екі жігіт келіп, суық суға шетелдік фирманың фильтрін койыпты. Сол кезде Бақытжан жаңағы екі жігіттен: «Фильтрлерің жақсы екен. Тағы бар ма, әлде бітті ме?» деп сұрапты. Сонда әлгі жұмысшы жігіттер: «Мұндай фильтр офисімізде әлі көп. Сіз де үйіңізге қойдырасыз ба?» деп куанып кетіпті. Сөйтсе Бақытжан: «Жоқ, қойдырмаймын. Жай кейбір қазақтардың ойлары мен сөздеріне фильтр қою керек еді» деп отырғандарды бір күлдіріпті.
***
Жуырда Бақытжан Асхат деген досы екеуі Тараздағы күйік шалу ауруханасында (ожоговая больница) жатқан бір жекжаттарының халжағдайын сұрап барыпты да аурухананың ауласынан шығып келе жатса, дүкеннің алдынан Асан деген достары кездесіп қалыпты. Үшеуі амандасып болған соң Асан Бақытжан мен Асхаттан: «Қайда барасыңдар, апарып тастайын» деп сұрап, көлікке отырған соң Асан: «Кімге келдіңдер, тыныштық па?» депті. Алдымен Асхат жауап беріп: «Бір жекжатымыз аяғын ыстық суға қатты күйдіріп алыпты, соған келдік. Бірақ ауруханада адам көп екен» депті. Асан тағы да: «Сонда олардың қай жерлері күйіп жатыр екен сонша» деп қызықтау сұрақ қойыпты. Сонда Бақытжан сұрағына жауабы дегендей: «Өзге ұлттардың қай жерлері күйіп жатқандарын білмейміз. Бірақ сол жерде жатқан қазақтардың тоқсан пайызының іштері күйіп жатыр екен» деп екі досын шынайы күлкіге кенелтіпті.
***
Бақытжанның «Ақ жол» газетіне жаңадан барған жылы. Сол кезде бас редактор Әлдихан Қалдыбаев ағамыз екен. Бір күні бұрыңғы бас редактор Арғынбай Бекбосын ағаның анасының қайтыс болғанына бір жыл болып, ас беріпті. Шақырылған соң редакция ұжымы да қалмай барыпты. Жұмыс күні, түскі уақыт екен. Астан кейін қонақтардың бәрі қайтып жатыр. Редакция ұжымының да жартысы жұмысқа асығып кетіпті. Сыртта жеті-сегіз журналист Әлдихан ағаны күтіп тұр екен. Сол сәтте қастарына бір кісі келіп: «Неғып тұрсындар?» деп сұрапты. Олар: «Әлдихан ағаны күтіп тұрмыз» депті. Тағы бірер минуттан соң журналист Махамбетәлі Дүйсебаев та келіп сұрапты. Оған да солай жауап беріпті. Ал Арекең мен Әлдекең асықпай шай ішіп, әңгімелесіп отыр екен. Әлгі әріптестерінің қасына Болат Бекжанов келіп қосылыпты да: «Кімді күтіп тұрмыз? Жүре бермейміз ба?» депті. Сөйтсе бәрі үндемей қалыпты. Болат, ең кішілері Бақытжанға қарап, тағы да сұрапты. Сонда Бақытжан өлеңмен жауап беріп: «Қалдыбаев пен Бекбосын, Тамақтарын жеп босын», – деп бәрін күлдіріпті.
***
Көріп, біліп тұрса да әдейі сұрайтын адамдар бар ғой өмірде. Олай дейтінім, бір күні Бақытжан үйіндегілерге: «Мен қазір шашымды қысқартып келейін» деп шаштаразға кетіпті. Шамамен екі сағаттан кейін Бақытжанды Дамира есімді мұғалім құрдасы іздеп келіпті, бір нәрсе жаздырмақ болып. Сөйтсе үйіндегілер әлгі қызға: «Қазір келіп қалатын шығар, күте тұрыңыз. Бағана шаштаразға кеткен» депті. (Бірақ ол кезде ұялы телефон жаңадан шығып жатқан кез екен. Біреуде бар, біреуде жоқ). Сөйтіп тұрғанда Бақытжан да келіп қалыпты. Екеуі амандасып болған соң Дамира Бақытжанның басына қарап: «Немене, шашыңды қысқартқансын ба?» деп сұрапты. Сонда Бақытжан: «Жоқ, өзі түсіп қалды», депті әдейі.
***
Бірде Бақытжан Жуалы ауданына той басқаруға бара жатыпты. Таксидің ішінде Бакытжанмен бірге әнші мен видеооператор да бар екен. Олар күндіз Тараздағы бір беташардан шығып, тойға кешігіңкіреп бара жатса керек. Жолаушыларын дер кезінде жеткізбек ниетпен жүргізуші Айша бибі ауылынан асқан соң жылдамдықты үдете түсіпті. Қырсыққанда бір тасбақа жолдың бір бетінен екінші бетіне өтіп бара жатыр екен. Оны көрген Бақытжан жүргізушіге: «Сәл тоқтай тұрыңызшы. Тасбақа өтіп кетсін. Басып кетсек обал болады. Оны да бала-шағасы күтіп отырған шығар» депті. Сөйтсе тасбақа жай жүргенімен қоймай, тоқтай қалып, басын көтеріп, жан-жағына қарайды да сәл жүріп, тағы солай бір-екі рет қайталапты. Сонда көліктің ішіндегілер шыдамастан: «Бақытжан, бекер тоқтадық. Жүре беру керек еді. Кешігетін болдық қой» деп сабырсыздық танытыпты. Сонда Бақытжан өзін кінәлі сезініп, үндемей тасбақаға қарап отырыпты да: «Негізі Абай атамыз: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген өлеңін тасбақаға қарап отырып шығарған-ау деймін» деп бәрін күлдіріп, көңілдерін көтеріп жіберіпті.
***
Тағы бір жолы Бақытжан бастаған бірнеше өнерпаз қыз-жігіт Меркіде той жүргізіп, түнде Таразға қайтып келе жатса, тұман түссе бастапты. Көлік жүргізушісі Дидар есімді жігіт жылдамдықты баяулатып: «Үйге кештеу баратын болдық қой» деп сәл үнсіздіктен кейін отырғандардан: «Вообще-то, тұман деген не осы? Ол қайдан шығады?» деп сұрапты. Бәрі: «Білмейміз» деп үндемей қалыпты. Сосын Дидар Бақытжанға қарап: «Бәке, сен айтшы. Бізге қарағанда көбірек білесің және көп оқисың ғой» депті. Сонда Бақытжан осы сөзден кейін білмеймін деп айтуға ұялыпты да, сәл ойланып отырып: «Тұман деген бұлттың братишкасы» деп жауап беріпті.
***
Бірде ақын-журналистер Болат Бекжанов пен Бақытжан Әліқұлов екеуі театрға асығып келе жатыпты. Жолдан өтпек болып бағдаршамға қараса, жаяу жүргіншілерге 8-9-ақ секунд қалыпты. Сонда Болат: «Үлгереміз бе, үлгермейміз бе?» депті. Сол сәтте Бақытжан: «Өтіп кетейік Бекжанов, Тұрған кезде көк жанып» депті де, Болатты асықтырып, екеуі жүгіріп өтіп кетіпті.
***
Еліміз егемендік алып, сөздеріміз де, атыжөндеріміз де қазақшалана бастаған кез екен. Сол кезде әрі әріптес, әрі аты-жөндері де қатты ұқсас ақын-журналистер Бақытжан Әлімқұлов пен Бақытжан Әліқұловты оқырмандар да, көрермендер де шатастыра беріпті. Сосын Б.Әлімқұлов әкесінің аты бойынша Бақытжан Советұлы болып өзгеріпті. Сонымен не керек, бірде Бақытжан Әліқұлов лауазымды адамдармен қонақта отырса, әңгіме арасында бір кісілер Бақытжаннан: «Б. Әлімқұлов қазір Бақытжан Советұлы болды. Ал сен, кімнің ұлысың?» деп сұрапты. Сонда Бақытжан әзілдеп: «Мен Кеңесұлымын» деп Советұлының қазақшасын айтып, отырғандарды бір күлдіріпті.
Жазып алған Марат ҚҰЛИБАЕВ
журналист.