Қоғам

Станоктан стартапқа дейін

Жұмысшы мамандықтары жылына орай Қазақстандағы ТОП-10 техникалық білім беру мекемелерінің қатарына енген оқу орны Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында «Станоктан стартапқа дейін» баспасөз туры өтті.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – аймақтың техникалық білім беру хабы. Мұнда инновация, өндіріс пен қолданбалы зерттеулер тоғысып отыр. Сондай-ақ химия, машина жасау, энергетика, құрылыс, ІТ, автоматтандыру, дизайн және де басқа салаларға мамандар даярлап, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беріп келеді.

Бүгінде атаулы білім ордасы шетелдік және қазақстандық алдыңғы қатарлы оқу орындарымен, өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып отыр. Мұнда KNAUF компаниясымен бірлескен құрғақ құрылыс бойынша құзыреттілік ашылып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне «Қазфосфат» ЖШС және (ЖЖФЗ) «Фосфор зауыты» кәсіпорнында оқу кабинеттері ашылған. Сонымен қатар өңірдегі 100-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатылып, еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлауға жағдай жасалған.

Колледж директоры Асхат Картаковтың айтуынша, қыркүйек айының 25-не колледжде үлкен жиын өтіп Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникация Академиясымен екі жақты меморандумға қол қойылады екен. Яғни, көлік саласы бойынша колледжде білім алған студенттер келешекте білімдерін аталған академияда жалғастырып жоғары білім алады.

Іс-шарада журналистер робототехника кабинетінде болып, студенттер жасаған роботадам мен робот-итпен танысты. «Студенттер үшін олардың функционалдық қабілеті мен тапсырмаларды орындау қабілеті қызықтырады», – дейді автоматизация және басқару бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жаманбаев.

Ал «Фосфор зауыты» ЖШС-інде болғанымызда кәсіпорынның жетекші маманы Серік Хусайынов мұнда колледждің 300 студенті өндірістік тәжірибеден өтетіндігін тілге тиек етті. Колледждің автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығының оқытушысы Нұрбек Алпысбай студенттердің техникаға қызығушылығы жоғары екендігін айтады.

Әлемдік брендтердің жоғары технологиялық жабдықтарымен қамтылған құзырет орталықтары мен оқу-өндірістік шеберханаларда оқытушылар мен студенттер әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлерін келешекте жасанды интеллектіге сүйене өндірері анық. Бұл біліммен қатар еңбек өнімділігін арттырады.

 

Ерман ӘБДИЕВ