Экономика

Дәмді тамақ дайындаудың шебері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Бүгінде қолға алынған бастама кезеңінің бел ортасынан өттік

Бұл ретте, еңбек адамын дәріптеуге бағытталған аталмыш жыл аясында Қордай аудандық орталық ауруханасының Ас-үй блогы қызметкерлерімен әңгімелескен едік. Аудандық ауруханадағы заманауи ас блогы – науқастардың тамақтану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Тамақтандыру бөлімінде жоғары санатты аспаздар жұмыс істеуде. Атап айтқанда, мұнда 14 жылдан бері сапалы қызмет көрсететін бас аспаз Ирина Кульнева жұмыс істейді.

Сонымен бірге 12, 8, 1 жылдық жұмыс өтілі бар аспаздар Елена Машкова, Шолпан Тілемісова, Альбира Байсапакова еңбек етеді. Одан бөлек, Анара Болпанқұлованың қойма меңгерушісі болып үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына биыл 10 жыл толады. Олардың кәсіби білімі мен дағдысы тағамды тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар дәмді етіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған. Бұл тамақтандырудың үздіксіз болуын және әрбір ас мәзірінің балғындығын қамтамасыз етеді.

Наталья Генадьевна денсаулық сақтау саласында 36 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Ол 1988 жылы Тоқмақ медициналық училищесін аяқтаған. Айтуынша, 2009 жылдан бері аудандық орталық аурухананың ас үй бөлімшесінде диета бойынша медбике болып еңбек етіп келеді.

Қордай аудандық ауруханасында арнайы диеталар мен тамақтану режимі талаптарын сақтай отырып, бес мезгілдік тамақтану жүйесі ұйымдастырылады. Атап айтсақ, «таңертеңгілік ас», «2-ші таңертеңгілік ас», «түскі ас», «жеңіл аралық тамақ», «кешкі ас».

Қордай аудандық ауруханасының ас үй қызметі – Президенттің Жұмысшы мамандықтары жылы бастамасын нақты іс-әрекеттермен жүзеге асыруда. Бұл жердегі әрбір маман тек тамақ дайындаумен шектелмей, науқастарды сауықтыруға ықпал ететін маңызды медициналық қызмет ретінде еңбек етіп келеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Қордай ауданы