Еңбек адамы

Әр адам өз жұмысын жанындай жақсы көруі керек

Адал еңбегімен дараланған азаматтардың орны қай қоғамда да бөлек. Мамандығына адалдықпен қарайтын азаматтар өңірімізде аз емес. Олар өз жұмысын мақтан тұтып, жылдар бойы жиған тәжірибесін кейінгі толқын жастармен бөлісуден жалыққан емес. Соның бірі – Ғалымжан Сүгірәлиев жасы алпыстан асса да, темірден түйін түйіп жүр. Өз ісінің білгірі атанған азаматты айналасындағылар абзал аға, білікті маман ретінде құрметтейді. Ол өз кезегінде жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды.

Мамандығына махаббат пен қарап, машақатына төзген Ғалымжан Сүгірәлиев Меркі ауданындағы кәсіптік колледжде студенттерге сабақ беріп, талай түлекті еңбекке баулыған маман. Кейіпкеріміз сом темірді қиыстырып қана қоймайды. Сәнін келтіріп дәнекерлейді, тіпті бірнеше құрастырмалы құрылғылардың да авторы ат анып үлгерген екен. Жұмысын жан-тәнімен беріліп атқаратын азамат кейінгі толқын інілерінің осы мамандықты бір кісідей меңгергенін құп көреді. Содан да болса керек, бар білгенін шәкірттеріне ынтажігерімен үйретіп жатады. Онысын азаматтық парызы санайтынын да айтып жүр.

Маманның айтуынша, оның жұмысы студенттерге дәріс оқумен шектелмейді. Өйткені шәкірттері темірден түйін түюдің қыр-сырын барынша тереңірек меңгергісі келетіні айдан анық. Ол үшін Ғалымжан Сүгірәлиевтің шеберханасына барып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға ден қоятындар да жеткілікті екен. Ал өз ауласы маңынан шеберхана ашып алған Ғ. Сүгірәлиев жылдар бойы жинаған білімін шәкірттерінің бойына дарытудан ешқашан жалыққан емес. Қайта адал еңбекпен нәпақа тапқысы келетін жастардың талабына дән риза.

Жылдар бойы тәжірибесін толыстырып, жаңашылдыққа ұмтылудан танбаған маман тағы бір ауқымды істі қолға алып, жүзеге асырып жатыр екен. Оның айтуынша, қазіргі кезде ескі тракторды жөнге келтіріп, егіс дәніне арналған арнайы елек құрастыру үстінде. Тұқым тазалайтын құрылғы қозғалтқышын кір жуатын машина моторынан әзірлепті.

Қалай десек те, ө з жұмысын жанындай сүйген азаматтың еңбекқорлығы тәнті етпей қоймайды. Темір жонудың қыр-сырын толық меңгерген темір жонушы маманның кейінгі ұрпаққа берері мол. Осыны түсінген жастардың бұл мамандықты игеруге деген талпынысы көңілге қуаныш сезімін ұялатады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Меркі ауданы