Экономика

«Даму» – делдалсыз көмек көрсетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ Президент Жолдауында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қажеттігін ерекше атап өтті.

Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыст ар жүргізілуде. Жа лпы елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Биыл қордың құрылғанына 28 жыл толып отыр.

1997 жылы Үкіметтің қаулысымен құрылған «Даму» бүгінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – 2033 жылға дейін макро, шағын және орта кәсіпкерлікті кешенді қолдау құралдарын жүзеге асыру арқылы ел экономикасын нығайту. Биыл мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін маңызды қадам жасады.

Президенттің тапсырмасы мен Үкіметтің 2 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кәсіпкер алдында тұрған ең үлкен қиындықтардың бірі – банктен несие алу кезінде кепілзаттың жеткіліксіздігі екені анықталды. Көптеген кәсіпкерлер несие алғысы келгенімен, банктер талап ететін мүлікті немесе кепілді ұсына алмайды. Осы мәселені жеңілдету үшін «Даму» қоры жаңа шешім ұсынып, екі түрлі кепілдік құралы енгізілген.

Бұл құралдардың көмегімен кәсіпкерлер банктен несие алу кезінде жетіспейтін кепілдіктің орнын мемлекет толтырады. Нәтижесінде бизнес иелері жобаларын жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізе алады.

Бұл жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директорының міндетін атқарушы Гүлназ Абдирахимованың айтуынша, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап өңірде «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» аясында 4769, «Кепілдендіру» құралы бойынша 4371 жобаға «Даму» қоры кепіл болған. Оның ішінде өткен жылы «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша 540 жоба, «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 537 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба, «Кепілдендіру» құралы бойынша 500 жобаға кепілдік берілген екен.

Сонымен қатар «Даму » қоры Ұлттық экономика министрлігі және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиелер арқылы қолдауға бағытталған екен. Ол жобада инвестицияға несие – 7 миллиард теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 миллиард теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайды, қаржыландыру мерзімі инвестицияға 10 жылға дейін, айналым қаражатына 3 жылға дейін. Бағдарлама бойынша Freedom Bank, ЦентрКредит, Forte Bank, Halyk Bank, Нұрбанк қатысады.

Әрине, қаржыландыру банктер арқылы жүргізілетіндіктен, банктердің қосымша талаптары да ескерілу керек. Сондай-ақ кепілдік пайыздық мөлшерлемені төмендетпейді, тек несиені алуға мүмкіндік береді. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бұл құралдар толыққанды шешім емес, олар көбіне жұмыс істеп тұрған бизнеске бағытталғаны тағы бар.

Дегенмен жаңа құралдардың тиімділігін кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізіп, жаңа жобалардың іске асуымен, алдағы жылдардағы бизнес өсімі мен жаңа өндірістердің пайда болуымен бағалай жатармыз. Басшылықтың айтуы бойынша, жаңа бағдарламамен облысымызда әзірге қолдау алған кәсіпкер жоқ.

Дегенмен «Өрлеу» бағдарламасы бойынша қолдау алып жатқандар, осы жаңа бағдарламемен несие алғысы келетіндер саны көп екен. Ал өз кезегінде «Даму » қоры кәсіпкерлерге делдалсыз, ашық және қолжетімді қолдау көрсетуін жалғастыруда. Толық ақпарат алу үшін кәсіпкерлер қордың аймақтық филиалына хабарласып, кеңес ала алады.

Қорыта айтқанда, «Даму» қоры – кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Жаңа қаржыландыру құралдары мен жеңілдетілген шарттар өңірде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ