«Жамбыл су» кәсіпорны мемлекеттік тілді менсінбей ме?
Елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып бекітілгеніне 32 жыл болды. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да кейбір мекемелерде, ұйымдарда әлі де өз деңгейінде құрметтелмей келеді. Жеке кәсіпкердің иелігіндегі нысан ғана емес, мемлекеттік мекемеден осындай олқылықты көріп, үнсіз қала алмадық.
Тіл туралы заңның 21-бабында «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс.
Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» деп көрсетілген. Алайда Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимаратының ішіндегі келушілердің назарына ілінген хабарламалардың кейбірі алдымен орыс тілінде, содан соң ғана мемлекеттік тілде берілген. Тіпті мекеме басшысының кабинетінің дәл қасында орналасқан ақпараттар тек орыс тілінде жазылған.
Осындай олқылықтарды көргеннен соң алдымен мекеме басшысынан жөнін сұрамақшы болдық. Бірақ біз 3 рет барсақ та басшыны орнынан таппадық.
«Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Гаухар Даулетқұлованы біз барған сайын «жиналысқа кетті» деген жауап ала берген соң, басқа жауапты маманды іздедік. Алайда біз жолыққан қызметкерлерінің ешбірі сауалымызға жауап бермей, тек басшымен сөйлесуіміз керегін ескертті. Түске дейін де, түстен кейін де, тіпті ертесіне азанда ертелетіп барып, түскі үзіліс жақындағанша күтсек те Гаухар Мырзабекқызына жолыға алмадық. Сондықтан сұрақтарымызды жазбаша қалдырып, телефон нөмірімізді жазып кетсек те «Жамбыл су» мекемесін басқарып отырған Гаухар Даулетқұловадан ешқандай жауап келмеді.
Тіл туралы заңның 24-бабында «Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады» деп көрсетілген.
Демек, аталған кәсіпорнындағы заң талабын бұзған жағдайларға қатысты мекеме басшылығы қандай жауаптылыққа тартылады? Мемлекеттік тілге менсінбеушілік көрсетіп отырған әрекеттері қашан түзетіледі? Біз бұл сұрақтарымызды облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан сұрадық.
Көкейдегі сауалымыздың жауабын іздеп қанша рет барсақ та жұмыс орнынан таба алмаған «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Гаухар Даулетқұлова енді жазған мақаламызға жауап қататын шығар деп ойлаймыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА