Таста сақталған тарих
БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА ТАНЫМДЫҚ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ КӨРСЕТІЛДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші құрылтайда Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» дей отырып, «Теңдесі жоқ таңбалы тастарды сақтау қажет» екендігіне ерекше тоқталған болатын.
Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық клубында тарихитанымдық маңызды шара өтті. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесі мен Байзақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған іс-шара аясында «Таста сақталған тарих» атты танымдық деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға өңірдің тарихын терең зерттеп жүрген жергілікті өлкетанушы Жамбыл Беспаев пен археолог Ескендір Төребеков қатысып, көрермендерге Байзақ өңіріндегі тарихи-мәдени мұралар туралы тың деректер мен қызықты мәліметтерді ұсынды. Өлкетанушылардың айтуынша, облыс аумағындағы тарихи ескерткіштерді қорғау мен қалпына келтіру және тиімді пайдалану – мәдениет саласының ғана емес, қоғамның орт ақ жауапкершілігі.
Фильм көрсетілімінен соң қатысушыларға Қарасай шатқалындағы петроглифтерге экскурсия ұйымдастырылды. Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5,7 шақырым жерде орналасқан бұл петроглифтер – қола және ерте темір дәуіріне жататын бірегей археологиялық ескерткіштер.
Экскурсия барысында қатысушылар ежелгі адамдардың тасқа салған суреттерін көріп, өңіріміздің көп ғасырлық тарихымен жақынырақ танысты. Сонымен қатар тарихитанымдық бағыттағы кітаптар сыйға тартылып, жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға жағдай жасалды. Мәдени шараға келген көпшілік оның тәрбиелік және танымдық маңызы зор екенін атап өтті.
Мұндай бастамалар – жастардың туған жердің тарихына құрметпен қарауына, маңызды құндылықтарды қастерлеуіне ықпал ететін тиімді құрал.
«Таста сақталған тарих» деректі фильмі мен Қарасай петроглифтеріне жасалған экскурсия–өңір тұрғындарына туған жердің тарихын тереңірек таныстырып, мәдени мұраны сақтау ісіне үлес қосатын маңызды қадам.
Сәния МЕКЕМТАСҚЫЗЫ
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің ғылыми қызметкері, тарих магистрі.