Журналистер көтерген мәселе жауапсыз қалмауы керек
Елордамыз Астана қаласында «Қазмедиа» орталығында ҚХА Журналистер клубының Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Заманауи медиакеңістіктегі этножурналистика: үдерістері мен даму бағдары» тақырыбында медиафорум өтті. Оған ҚХА Журналистер клубының мүшелері, этноБАҚ өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің баспасөз қызметкерлері, медиа сарапшылар, журналистер, медиа менеджерлер мен блогерлер қатысты. Келелі басқосудың негізгі мақсаты – медиасала өкілдері мен баспасөз қызметкерлерін біріктіру, мемлекеттік саясатты этносаралық салада тиімді іске асыру және ҚХА қызметін ақпараттық жариялау үшін ақпараттық жұмысты ұйымдастырудың дағдылары мен құралдарын үйрету
Медиафорумның бастауында қатысушылар «Қазмедиа» орталығына экскурсия жасады. Ұйымдастырушылар өңірлерден келген этножурналистерге орталықтың жұмысын, ұлттық каналдардың ақпарат тарату алаңдарының тәжірибесін көрсетті. Өз кезегінде жиын қатысушылары жақсы ақпарат алып қана қоймай, өзара ой бөлісіп, әріптестік тәжірибе алмасты. Ал медиафорумның шымылдығын Парламент Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев ашып, клуб жұмысының мақсат-міндеттерімен таныстырды. Жиын модераторлары Журналистер клубының жұмысын жандандыру, шынайы ақпарат тарату, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және басқа да ақпарат алаңында кездесетін жағымды немесе жағымсыз ақпараттарды сүзгіден өткізіп барып жариялау жайлы сөз етті.
Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Шегорцова мен Парламент Сенатының депутаты, «Мемлекеттік тілінің – этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасының жетекшісі журналистер клубының жұмысын жандандыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жайында сөз қозғады. Ал Сенат депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президентінің орынбасары, «Бас редакторлар клубы» ҚБ жетекшісі Бибігүл Жексенбай әлі де журналистер клубының жұмысы өз деңгейінде жүргізілмей келе жатқанын айтты. Әсіресе, отандық ақпарат құралдарында сілтемелердің орналастыруы кенже қалып отырғанын да жасырмады.
Сондай-ақ журналистер клубы көтерген мәселелелер қоғамдық бірлестік назарынан тыс қалмай, журналистердің құқықтары заң аясында қорғалып, олардың көтерген шынайы ақпараты өз нәтижесін беруде екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көтергеніндей мемлекеттік тілдің, ұлтаралық ынтымақтың артып отырғаны да назардан тыс қалдырмады.
Бұдан кейін сөз алған модераторлар мемлекеттік саясатты этносаралық салада тиімді іске асыру жайына тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Фейк ақпараттан шынайы ақпаратты ажырату жайы – медиафорумның екінші бөлімінде кеңінен талқыланды. Мәселен, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізуші-продюсері Ерқанат Көпжасарұлы «Көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі және журналистік этика» тақырыбында тренинг өткізді. Ол ең алдымен журналист этикасына тоқталды. Өкінішке қарай, спикер Жамбыл облысының Қордай ауданында бірнеше жыл бұрын болған жағдайды мысалға келтіре отырып, ол жағдайда фейк ақпарат таратудың соңы орны толмас өкінішке соқтырғанын айтты.
Сөйтіп жұмыс барысында кездескен әріптестік тәжірибесімен бөлісті. Спикер әңгіме барысында өзін журналистблогерлер ретінде ақпарат таратып жүрген азаматтардың көп жағдайда тексерілмеген ақпараттарға жол беретінін айта келіп, «Бізде медиа мәдениеті қалыптаспаған» деген ой айтты. Сөзінің қорытындысында ең алдымен журналистердің этикасын көтеруге баса көңіл бөлу керектігін көтерді.
Бұдан кейінгі тренингтерде «Жасанды интеллекті контент құру және оңтайландыруда қолдану» және «Сөйлеу мәдениеті және медиасауаттылық: қалыптастыру жолдары» түсіндірілді. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» АҚ баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет бүгінгі күні жасанды интеллектің мүмкіндіктерінің шексіздігі жайлы сөз қозғап, тәжірибе жүзінде ледэкранның көмегімен көрсетті.
Жасанды интеллектіге сүйеніп, оның көмегіне жиі қайырылу жастар үшін қауіпті екенін, ең бастысы шеберлігін тұсап, ой қабілетін шектейтінін айтты. Ал 24 KZ телеарнасының журналисті Мөлдір Досбай хабар таратуда сауаттылық жағын сөз етті. Ол түрлі ақпарат құралдарындағы жазбаларды пайдалана отырып, оның дұрыс жеткізілу жолдарын мысалдармен жеткізді. Сөйлеу және жазу мәдениеті бойынша ұйымдастырылған тренинг қатысушыларының белс енділігін арттырды.
Медиафорум соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Форумның бірінші күнгі басқосуын жиын төрағасы, Сенат депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев қорытындылады. Қатысушыларға сертификат тапсырылды. Медиафорумның аясында оқу-семинар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасты. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистері клубы мен этноБАҚ редакторларына арналған Этносауаттылық және этносаралық қатынастардың мәселелерін қамту бойынша ҚХА Академиясының модульдік оқыту бағдарламасының ресми ашылуы өтті. Жиынды ҚХА Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің ҚХАХ меңгерушісі Марат Әзілханов ашып, медиафорум аясында ұйымдастырылған модульдік практикалық-бағдарланған курстың барысымен таныстырды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММмен бірлесе, «Шаңырақ» Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары қауымдастығы» РҚБ қолдауымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистері клубы мен этноБАҚ редакторларына арналған Этносауаттылық және этносаралық қатынастардың мәселелерін қамту» бойынша модульдік практикалықбағдарланған курсты бірлесе өткізіп отырғанын аталған оқу орнының өкілі Лаззат Төлегенқызы айтты.
Ол журналистер этикасын көтеру мәселесіне кеңірек тоқталды. Бұдан кейін сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев Мемлекет басшысының Жолдауындағы цифрландыруға тоқтала келе, журналистер клубы өкілдері бүгінгі таңдағы жаңа заман ақпаратына бейімделуі керектігін сөз етті.
Ақпарат майданында шынайылық пен жылдамдықты жаңа технологияларды меңгеріп жұмыс істеуге бейімделу қажеттігін айтты. Сондай-ақ мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен аталған оқу орнының журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантаев ақпараттың сұрыптау, медиасауаттылықты арттыру, цифрландыруды меңгеру және этикалық даму жайларын сөз етті.
Бұдан кейінгі спикерлер этносауаттылық және БАҚтағы этносаралық қатынастарды жариялау мәселелері тұрғысында әңгіме құрды. Курс аясында іскерлік ойыны ойналып, соңынан қатысушылар университеттің мұражайымен танысты.
Келесі күндері курс аясында қатысушылармен түрлі тақырыптарда тренингтер, семинар сабақтар мен оқулар ұйымдастырылды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз-Астана