IT Шешімдер есебінен қылмыс саны азайған
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің қызметтік байланысын AITU ұлттық мессенджеріне көшіру бастамасын жариялаған болатын. Жоба Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға және ішкі нарықта жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған.
Отандық жоба – «BTS Digital» компаниясының бастамасы. Ең маңыздысы жоба мемлекеттік бюджет есебінен емес, жеке инве стиция арқылы жүзеге асырылып отыр. Бастапқыда қарапайым мессенджер ретінде іске қосылған AITU бүгінде әмбебап суперқосымша ретінде дамып келеді. «BTS Digital» ЖШС бас атқарушы директоры Нұртай Әбілғалиевтің сөзінше, қосымшаны дайындаудағы басты мақсат – қазақстандық пайдаланушыға халықаралық аналогтерден кем түспейтін, бірақ жергілікті қажеттіліктерге бейімделген әмбебап өнім ұсыну.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, мессенджер мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік хат-хабар алмасуға арналған арнайы қорғалған арна ретінде қарастырылады. Бастама мемлекеттік секторда бірыңғай қауіпсіз байланыс платформасын құруға және ақпараттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сондай-ақ министрлік AITU мессенджерінің негізгі артықшылығын атады: оның барлық сервері Қазақстан аумағында орналасқан.
Бұл – деректерді қорғау талаптарына толықтай сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін анағұрлым сенімді етпек. Аталған қосымша тек мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін енгізіледі. Жеке азаматтардың WhatsApp, Telegram сынды шетелдік мессенджерлерді қолдануына шектеу қойылмайды.
Сонымен қатар AITU, eGov, eGov Business және eOtinish платформалары үшін нөлдік тарификация енгізу де қарастырылып жатыр. Бұл – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Оған қоса, AITU арқылы бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтар таратып, оқырмандармен тікелей байланыс орната алады. Мемлекеттік құрылымдар жаңалықтар мен ресми ақпаратты жариялау үшін қосымша платформа ретінде пайдаланатын болады. Бұдан бөлек қолданыстағы ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларды толықтыратын құрал ретінде қарастыруға мүмкіндік бар.
Атап айтар болсақ, Ресейдің негізгі ұлттық мессенджері ретінде Max қосымшасы таңдалған болатын. Бұл мессенджер барлық смартфондарға алдын ала орнатылуы міндетті етіп бекітілген. Max өз позициясын тек байланыс құралы емес, сонымен қатар әмбебап цифрлық платформа ретінде ұстанады. Ол Қытайдың WeChat қосымшасына ұқсас, яғни азаматтарға тек хабар алмасу мүмкіндігін ғана емес, сондайақ мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, жеке басын растау және төлем жасау сияқты функцияларын ұсына алады. Еуропа елдері де деректер қауіпсіздігіне басымдық беріп отыр.
Мәселен, Германия мен Францияда мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы әзірленген Matrix және Tchap секілді мессенджерлер қолданылады. Осы шешімдер Еуроодақтың жалпы деректерді қорғау регламентіне сәйке с келеді және ұлттық қауіпсіздік стандарттарына жауап береді.
Аталған тәжірибелер бір ортақ фактіні көрсетеді: мемлекеттік басқаруда қауіпсіз, сенімді және бақылауға болатын коммуникация арналары ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды. Осылайша, жаһандық цифрлық бәсекелестік күшейіп тұрған қазіргі заманда қауіпсіз және дербес байланыс құралдарын дамыту – әр мемлекеттің стратегиялық мақсатына айналды деуге болады.
Нұрболат АМАНБЕК