Саясат

Биыл 5574 жер телімін дайындау жоспарланған

Amanat партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы және «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңесімен бірлескен отырысында күн тәртібіне Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер, Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы аясында аймақ бойынша тұрғын үй құрылысы және жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сонымен қатар Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу жұмыстарының барысы қаралды.

Жиынды ашқан Amanat партиясының облыстық филиалы төрағасы Дауыл Бейсенқұлов өңірде 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында жалпы 103 көрсеткіш бар екендігін алға тартып, Жол картасының 1 тамызына орындауға қарастырылған 89 көрсеткіштің 17 орындалғандығын алға тартты. Сондай-ақ 72-і орындалу үстінде болса, 11 көрсеткіштің орындалмау қаупі бар екендігін де тілге тиек етті. Жыл соңына дейін 1836 пәтерлі 30 көпқабатты тұрғын үй құрылысы мен 7 тұрғын алқапта 5574 жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру міндеті тұр екен. Мұнан соң сөз алған облыстық филиал жанындағы «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова Президент Жолдауында елімізді дамытудың бірнеше стратегиялық бағыты нақты айқындалғандығын айтты.

«Президент көтерген бастамалардың барлығы біздің өңіріміз үшін де аса өзекті. Жамбыл облысы – аграрлы өңір. Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді жолға қоймай, ауылды дамыту мүмкін емес. Осыған байланысты біз облыста өндірістің барлық сатысын қамтитын агрохолдингтер құруға қолдау көрсетуіміз керек. Сондай-ақ жерді пайдалану мәдениетін көтеріп, игерілмеген жерлерді айналымға қосу – біздің күн тәртібімізде басты мәселе болып қала бермек», – деді ол сөзінде.

Ал облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әукеновтің айтуынша, 2025 жылы басқарма арқылы сметалық құны 285,9 миллиард теңгені құрайтын 184 жобаға бюджеттен 92,5 миллиард теңге бөлініп, іске асырылып жатыр екен.

Өңірлік Жол картасы аясында тұрғын үй құрылысы және жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарының сапасы туралы хабарлама жасаған облыс әкімдігі мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Мұқаев ағымдағы жылдың 8 айында 164 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, тексеру жұмыстарының нәтижесінде 117 нұсқама беріліп, 316 әкімшілік іс қозғалғандығын жеткізді. Яғни, 263 тапсырыс беруші, 22 мердігер мекеме, 7 жобалаушы, 5 сараптама ұйымы, 2 геологиялық зерттеулер ұйымы, 9 техникалық және 8 авторлық қадағалаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салыныпты.

Жалпы, Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында 2026 жылы 1860 пәтерлі 31 көпқабатты тұрғын үй құрылысы мен 11 тұрғын алқапта 2 744 жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру міндеті тұр. Сондай-ақ жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдарын ортаға салды.

 

Ерман ӘБДИЕВ