Әлеумет

Қайтарылған қаражат есебінен 700 жоба қаржыландырылды

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде партияның «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. Жиынды филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Нариман Мәуленов жүргізді.

Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Дулат Оспанов баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда жоба аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегеніне қарамастан, биыл қайтарылған қаражат есебінен ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиелер берілуде.

Нақтырақ айтқанда, 5,5 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 700-ге тарта жоба қаржыландырыған. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасына бірқатар өзгерістер енгізілген. Ең маңыздысы – бөлінген қаражаттың тек 40 пайызы ғана мал шаруашылығына бағытталмақ. Оның өзінде, төрт түлік тек кооперативтер арқылы ғана алынады. Бұл қадам жайылым жер тапшылығының алдын алу мақсатында қолға алынған.

Бұған дейін ауыл тұрғындарының жаппай мал сатып алып, жайылым жетіспеушілігіне тап болғаны белгілі. Ал ауыл тұрғындарының мал шаруашылығын дамытуына қосымша мүмкіндік ретінде төрт түлікті т ауарлы несие арқылы беру тетігі енгізілуде. Бұл – жоба аясында қолдауды кеңейтіп, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды қадам.

 

Ерман ӘБДИЕВ