Аймақ

«Май тоғыйы» – құрылыс нысанына айналмайды

Облыстық «Байтақ» жасылдар партиясы филиалының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде филиалдың төрағасы Нұрсұлтан Баймұратов, филиалдың атқарушы хатшысы Ихтияр Мырзахметов және партиялық тізімнен сайланған облыстық мәслихат депутаты Серік Қойбақов өңір тұрғындарымен жиі кездесіп, партия бастамаларын қолдап келеді.

Филиал аймақтағы су, жер және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты қоғамдық тыңдауларға белсенді қатысып жүр. Әсіресе «Қазфосфат» ЖШС қызметіне байланысты табиғатты қорғау шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар берілді. Сондайақ «Аманкелді Газ» МӨЗ жұмысына байланысты экологиялық мәселелер партия назарында тұр. Алдағы күзде филиал ағаш отырғызу науқанын өткізуді жо спарлап отыр екен.

«Таза Қазақстан» бастамасын қолдау аясында табиғатты қорғау шаралары жүйелі жүргізілуде. Сондықтан аймақ тұрғындары үшін маңызды жетістік ол – «Май тоғайын» жеке тұрғын үй құрылысына беруге қарсы шығып, оны сақтап қалуы болды дейді партия белсенділері. Филиал Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда. Сондай-ақ қалдықтарды басқару мен кәдеге жарату мәселелері де талқылау өзегіне айналып, партия ұстанымының басты қағидасына айналып отыр.

Бүгінде филиал қатарында аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, шығармашылық қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен тараздықтар бар. Сондай-ақ филиал Жамбыл облысы Қоғамдық кеңесінде де өкілдікке ие.

 

Ерман ӘБДИЕВ