Лудомания: Бәрі «Бір рет бәс тігіп көрейіннен...» басталады
Әлеуметті әбігерге салған дерттің бірі – лудомания. Ойынханадан оңай олжа іздеген адамның құмар ойынның құрбанына айналатыны ақиқат. Біраз жыл бұрын букмекерлік кеңселердің іші ығыжығы халыққа толып тұратын. Абырой болғанда сол кеңселер жабылып тынды. Бірақ, бір әттеген-айы бар...
Біраз жыл бұрын «Зенит», «Олимп» және «Фортуна» секілді араның ұясындай құжынаған букмекерлік кеңселердің есігі келушілерге тарс жабылса да, құмарлықтың құрбанына айналғандар онлайн ойынға кірісіп кетті. Ғаламтор арқылы логин ашып, қалтасындағы барын шашып, тақырға отырса да, лудомандардың саны азаяр емес.
«Бір рет бәс тігіп көрейіннен» басталатын құмарлықтың тарқауы расында да қиын. Психологтардың айтуынша, лудомания дертіне шалдыққандарды құлантаза айықтыру – тым қиын шаруа Тіпті бұл «ауру» уақыт өте келе, тұқым қуалаушылыққа дейін апаруы ықтимал екен. Содан да болса керек, дәл осы әлеуметтік мәселе Жамбыл өңірінде де талай рет талқыға түсті.
Заңсыз ойын бизне сі талай отбасының шырқын бұзғаны анық. Онымен күрес жұмысы өңірде қалай жүргізіліп жатыр? Біраз уақыт бұрын облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері өңірдің қай аудандарында заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу үшін қандай жұмыс атқарылғанын жайып салды.
Жыл басындағы ресми дерекке сенсек, экономикалық тергептексеру департаментінің қызметкерлері Тараз бен Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін анықтаған. Жалпы, соңғы бес жыл бедерінде жауапты департамент өкілдері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін тіркепті. 38 қылмыстық істі сотқа жолдапты. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы 10 дерекпен көш бастаса, тексеру кезінде екінші және үшінші орынды Шу мен Қордай аудандары түйіндеген. Әрине, құмар ойынға аңсары ауғандардың дәл санын тап басып айту мүмкін емес. Өйткені қалта телефонын ұстаған кез келген адам ыңғайлы уақытта логин ашып, қалағанынша ойнай береді. Тіпті түні бойы кірпік қақпай, ойынның жетегінде кететіндер де жеткілікті.
Құмар ойынға жіпсіз байланғандардың кейбірі дер кезінде тоқтап, ашқан парақшасын жойып жатса, кейде әлгілердің санатын жаңа ойыншылар толықтырып жатады. Әйтсе де, ресми дерек өткен жылы құмарпаздардың саны 400 мыңға жуықтады дегенді айтады. Әрине, бұл цифр жанға батып, жаға ұстатып отыр.
Қалай десек те, құмар ойындардан келетін материалдық шығын аз емес. Ал мамандардың айтуынша, құмар ойынның құрбанына айналған адам ұдайы депрессияға түседі. Ақылынан адасатындар да аз емес. Бұл – өткір мәселенің бергі беті ғана. Қоғам үшін ең ауыр қасірет – суицид. Өкініштісі сол, елімізде жыл сайын мыңдаған адам өзөзіне қол салса, олардың едәуір бөлігін құмар ойынға тәуелді азаматтар құрайды екен.
Бұл мәселе де қоғамды толғандырмай қоймаса керек. Расында да, статистика жан түршіктіреді. Құмар ойынға деген тәуелділікті жоюды әр адам өзінен бастамаса, мәселе ушыққан үстіне ушыға түсетіні анық.
Расында, құзырлы органдар заңсыз ойын бизнесі ошақтарын жауып, қылмыстық іс қозғап жатса да, үйде жатып букмекерлік кеңселерді ермек қылатындарға ешкім ешқандай шара қолдана алмайтыны рас. Өзекті өртейтін өкініш те – осы.
Мақпал СҮЙІНБАЙ