Алпыс қонақ үйдің алғашқысы Меркіде ашылды
Бүгінде кез келген елдің туристік әлеуетін дамыту үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы да еліміздің Орта Азиядағы көлік хабына айналу қажеттігін баса айтып келеді. Осы мақсатта Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Меркі ауданындағы торабында «Qazaq Oil» компаниясының алғашқы жол бойындағы Keruen Inn қонақ үйі ашылды.
Жаңа нысанның ашылу салта атына облыс әкімінің орынбасыры Әбілхайыр Тамабек пен компания басшылығы мен инвесторлар қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Әбілхайыр Ғалымұлының айтуынша, жаңа нысан тек жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтымақ.
Жалпы ауданы 900 шаршы метрден асатын қонақ үйде 31 бөлме бар. Олардың әрқайсысы жеке душ, ванна бөлмесі, теледидар және тегін Wi-Fi желісімен қамтылған. Кешен аумағында тағамдардың кең таңдауы бар кафе, қорғалатын тұрақ, кір жуу орны мен намазхана, жолға арналған тауарлары бар дүкен, жанармай құю станциясы және электромобильдерді зарядтау орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда қонақтар үшін гигиеналық косметика және қалалық қонақ үй деңгейіне сәйкес келетін барлық ыңғайлы жағдай қарастырылған. Ал алғашқы нысанның дәл біздің облыста салынуына аймақтың транзиттік әлеуеті түрткі болған.
Оның сөзінше, осы жылы төрт қонақ үй салу жоспарланған. Алғашқысы облысымызда ашылған болса, қалғандарын Қызылорда, Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысында ашу жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК