Асығыс шешім өкіндіред
Адам баласы ойға жүйрік. Мойындауымыз керек, өзге адамдар жайлы көбінесе жақсы ой ойлай бермейміз. Жанымызда жүрген жақсы адамдардың арғы ішкі әлеміне, періштедей таза көңіліне үңілмейміз. Сондайымыз жаман. Өзімізше әркімнің сыртынан тон пішіп, ғайбаттағанда, күнделікті жанымызда жүрген адамдардың өзін айдалаға апарып тастаймыз.
Осы орайда бірер мысал есіме түсіп отыр. Бірде кішкентай қыз қолына екі алма ұстап отырады. Қасына анасы келіп біреуін беруін өтінді. Қыз анасына аз ғана көз тоқтатып қарады да, жалма-жан алманың екеуін де кезек-кезек тістеп алды.
Анасы қызынан мұндай оқыс қимыл күтпеген еді. Бұл қылықты балалық қимастыққа балап, сәл жымиды да, «жарайды» деп кері бұрылып кете берді.
Сол кезде қызы: «Анашым! Маған қараңызшы!», – деді.
Қараса қызы «алыңыз» деп бір алманы ұсынып тұр екен. «Алманың мынауысы өте тəтті екен! Сіз алыңыз», – деді жүзінен қуаныш нұры төгіліп.
Сөйтсе, кішкентай қызы анасына алманың ең тәттісін бермек болған екен ғой! Қызының пейілін көрген анасы да қуаныштан жылап жіберіпті. Тағы бір тәмсіл бар. Бірге туған екі бауыр ренжісіп қалады да, қайта татуласу үшін бас қосады.
Сонда інісі «Аға, бірінші сіз кешірім сұрамайсыз ба?», – дейді.
Ағасы оны дұрыс түсінбепті. «Неге? Жасың кіші сен бірінші кешірім сұра» деп ашуға булығады. Сонда имандылыққа жаны жақын інісі көзіне жас алып: «Ағатай, бірінші кешірім сұраған Алланың рахымына бөленеді, Жәннатқа да кіруі мүмкін. Сол игіліктің барлығы сізге бұйырса деп тілеп тұрмын», – деген екен.
Кейде біз де адамдар туралы жаман ойға беріліп, асығыс шешім жасап қойып жатамыз.
Алайда, көп адамның көңілі осы қыз бен ағасына Жәннат тілеген інісінің жан дүниесі секілді тап-таза екенін ұмытпасақ екен!
Есет ДОСАЛЫ