«Манас» орденімен марапатталды
«Жақсы қария белгісі – жанып бір тұрған шам болар», – демекші, төңірекке нұр шашып жүретін ақсақалдар болады. Солардың бірі – құрылыс саласының білгір ұйымдастырушысы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов.
Сөйтсек, Медеуов ақсақал жалғыз Әулиеата өңірі емес, көршілес Қырғыз еліне де құрметті екен. Жақында Қырғыз елінен Қырғызстанның 18 дүркін чемпионы Тұратбек Мазиев бастаған делегация Тараз топырағына табан тіреді. Қырғыздың аңыз балуаны Тұратбек Мазиев айыр қалпақты ағайындар атынан Жетпісбай Медеуовке «Манас» орденін табыс етті.
Ісшарада жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Jаmbyl» телеанасы бас директорының орынбасары Айбол Қараш, қазақ күресінен Азия чемпионы, қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Руслан Мұқамедқалиев сөз сөйлеп, Жетпісбай ақсақалдың ел үшін атқарған еңбектеріне тоқталды.
Медеуов ақсақал кезінде үлкен құрылыс мекемесін басқарып, Тараз қаласында талай құрылыстардың бой көтеруіне тікелей үлес қосқан адам. Атап айтқанда, Тараздағы Гидрокешеннің бірқатар ғимараты, орталық «Тараз» футбол стадионы, ықшам аудандардағы бірнеше көп қабатты үйлер сол кезде бой көтерген.
Ақсақалдың қазақ күресінің дамуына да қосқан үлесі көп. Жиын соңында Жетпісбай Медеуов Қырғыз елінен арнайы келген ағайындарға және барлық қонақтарға алғысын білдірді.
Тараз қаласы