Төрт түлікте табыс та, береке де бар
Туған жерін түлетіп отыратын түлектер болады. Заман ағымы қалай өзгерсе де ауылын ешбір қалаға айырбастамай, шағын аймақта шаруасын шалқытып, ауылдастарына да табыс көзі болар жұмыс тауып беріп отыратындар еңбекқорлықпен қоғамнан өз орнын табады. Сондай жанның бірі Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылының тұрғыны Жайлаукүл Мусалиева «Айгерім» жеке кәсіпкерлігімен агроөнеркәсіппен айналысып жүр. Жеке ісін мал шаруашылығымен бастап, сүт өнімдерін өндіріп, сатылымға шығарып жүрген кәсіпкер «Төрт түлікте табыс та, береке де бар» дейді. Ол тек кәсіпкер ғана емес, аяулы ана, өрісін кеңейткен әулеттің әжесі.
Осыдан 9 жыл бұрын бірнеше сиыр алып, солардан алған сүттен айран, құрт, ірімші көндіріп, аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына сатумен басталған Жайлаукүл Жанұзаққызының ісі әлі де сол бағытынан танбай жалғасып келеді.
Алтын бесік – ауылдарды азып-тозудан сақтап отырған осындай шаруалар екені рас. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен халыққа сапалы, табиғи азық-түлік берумен де қоғамға үлкен пайдасын тигізіп жүр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т. Рысқұлов ауданы